Руханият

Еленбей келген ескі қателіктер

(немқұрайдылық, сауатсыздық, еліктеушілік...)

Отарлаушы елдің отарланған елдің халқын байырғы халықтық қасиетінен ажыратып, оларды қалың тобырға айналдыру мақсатында:

– тарихи жадын біртіндеп өшіріп, өткенін ұмыттыруға;

– дәстүрі мен дінінен алыстатып, ұрпағын рухсыздандырып, жаппай мәңгүрттендіруге;

– елін бөлшектеп, мемлекетсіздендіруге;

– ұлттық тұтастығынан айырып, ұлтсыздандыруға;

– сол арқылы жерін біржола иеленіп, байлығын барынша қамтып қалуға бағытталған жұлмыр саясатын жүзеге асыруға барынша күш салатыны – ақбас тарих талай рет әр қырынан дәлелдеген шындық. Осындай саясаттың зардабын бірнеше ғасыр бойы басынан өткерген халықтардың тартқан тауқыметі жан түршігерліктей, тіпті, айтудың өзі жүрекке салмақ. Сондай сұрапыл азап өткелінен өткен халықтың бірі – қазіргі қазақ халқы. Бұл ретте осы халықтың 260 жылға созылған бодандықта тартқан азабының бәрін тізбелеп, талдап таратпай-ақ, тек ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы кешегі қызыл империяның әдейі қолдан ұйымдастырған аштықтың салдарынан ел аман, жұрт тыныш, бейбіт заманда бүкіл халықтың үштен екісінің қырғын тапқанын айтсақ та, айтылғанның әсіресөз еместігін жете сезіну қиын емес. Сондай-ақ мұнымен де қоймай, осындай қасіретті қиын шақта есеңгіреген елге ес кіргізіп, бағыт-бағдар көрсетіп, жолбасшы болар есті азаматтарын жаппай қудалап, атқанын атып, аман қалғанын топтап түрмелер мен лагерлерге тоғытуы да сол бір жебір саясаттың қаншалықты зұлымдықпен жүзеге асырылғанын айқындай түседі. Өн бойы осындай сұмдықтарға толы ұзақ уақытқа созылған бірыңғай басыбайлы бодандық тәуелді ел халқының бойына немқұрайдылық дертін дарытып, ақырында олардың өз болмысына деген сүйіспеншілігін азайтып кетеді екен. Мұны бір қазақ халқы ғана емес, кешегі КСРО деп аталатын алып империяның бодандығында болып, кейін тәуелсіздік алған түріктектес халықтардың қай-қайсысының да бүгінгі тірлігінен байқауға болады. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз тағдырын өздері шешуге мүмкіндік алғанына ширек ғасырдан астам уақыт өткеніне қарамастан, олар әлі күнге осы дерттен, немқұрайдылық дертінен айыға алмай келеді. Неге болсын немкетті сүлесоқтық, еті өліп кеткен көнбістік байқалады.

Ата-бабалары сан ғасыр бойы армандаған, өздері аңсап жеткен тәуелсіздіктің іргесін бекітіп, ғұмырын ұзарту қай халықтың болсын ұлттық санасының дұрыс қалыптасуына тікелей байланысты екені мәлім. Өйткені дұрыс қалыптасқан сана ғана халықты толғауы тоқсан тіршіліктің кемелдік кезеңіне тура бағыттап, ұлттық ортақ мүдде төңірегіне топтастырып, ұлы жеңістер негізі – ұлы бірлікті қамтамасыз ете алмақ. Ал шынайы «бірлік бар жерде – тірлік барын» дана халықтың өзі сан рет айтқан, ісімен дәлелдеген. Бұл ретте ұлттық сананы дұрыс қалыптастыратын тәрбие мектебі, ұлттық рухтың қайнар бастауы – тарих, тарих болғанда да ақиқат қолымен жазылған өмір айнасы шынайы тарих екені аян. Тек өмір шындығын арқау еткен шынайы тарих қана халықтың тарихи санасын дұрыс қалыптастырмақ. Дұрыс қалыптасқан тарихи сана ұлттық рухты оятып, ұлттық сананың дамып-жетілуіне жол ашпақ.

Міне, осынау бірімен-бірі сабақтасқан саналық үдерістерді жүзеге асыру – өткен мен бүгінгіні сабақтастыра саралап, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның аражігін ашып, жалпы жұртқа «ненің неден болғанын» анықтап көрсетіп, теріс қалыптасқан тарихи сананы қалпына келтіру арқылы жалпы жұрттың отарлаушылар жұқтырған дерттен айығуына қолұшын беру қоғамдық тірліктің сарапшысы – тарихшылар қауымының кәсіби міндеті десек, отарлаушылардың мақсаткерлікпен жүргізген жұлмыр саясаты олардың өзін осы мүмкіндіктен айырып, олардың да басқалармен бірге немқұрайдылық дертіне ұшырауына барынша жағдай жасап баққаны тағы аян. Ол үшін оларға өз халқының тарихын өзінше ізденіп, өз тарапынан зерттеп тануына тыйым салынды. Сол себепті ұлт тарихшылары өз халқының тарихын өзгелердің жазғаны арқылы танып-білуге, солардың жасаған тұжырымдарын тарихи заңдылық деп қабылдауға мәжбүр болды. Соның салдарынан тәуелсіздік алғаннан бері, арада ширек ғасыр уақыт өткеніне қарамастан, кезінде жергілікті халықтың төл тұрмыс-тіршілігімен үйлеспейтін, олардың халықтық мүдделеріне кереғар тек отарлаушылардың өздерінің мақсат-мүддесі тұрғысынан еуропалық таным-түсінік негізінде жазылған жасанды тарих қалыптастырған қағидаларды әлі күнге сол күйі қайталап, жас ұрпақтың төл тарихын төл болмысында тануына ықпал жасай алмай келеді. Өзі зерттеп, өзі танып-білмеген соң, олар өзгеге не айта алады? Мұның сыртында отарлаушылар жүргізген саясаттың зардабын жоюға бағытталған пәрменді ұлттық идеологияның болмауы мен күнкөрістің күйбеңімен кеткен баршамыздың уақытқа есе алдырған бейқамдығымыз да жағдайдың осылай болуына өз үлесін қосқаны тағы бар. Қалай болғанда да, бізде тәуелсіздік алғаннан бергі кезде төл тарихымызды төл болмысында тануға деген құштарлық мол болғанмен, оны осы талап тұрғысынан жазып, халыққа дер кезінде ұсынатын ғалым тарихшылардың болмағаны тарихи шындық.

Бірнеше ғасыр бодандықта болып, билеуші елдің қас-қабағына қарап, бар тірлігін соған үйлестіріп үйренген ел халқының орындау­шылық талабына сай қалыптасқан санасын тәуелсіздік алғанмен, бірден өзгерте қою оңай шаруа емес екенін ескермеске тағы болмайды. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмай жатқанымыз да осыны меңзейді

Дегенмен, осы орайда, советтік кезеңде қалыптасқан тарихи сана жетегінде жүрген кейбіреулердің бұл айтылғандарды қабылдай алмайтынын да жоққа шығаруға болмас. Өйткені олардың бұл ретте: «мынау не деп отыр, кешегі кеңестік дәуірді былай қойғанда, тек тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттың ішінде ғана қаншама адам тарихтан кандидаттық және докторлық диссертация қорғап, кәсіби тарихшы болды ғой» деп ойлап отырғаны хақ. Рас, ондай диссертациялар қорғалып, ғылыми атақ алғандар баршылық, тіпті, жетіп артылады десек те болады. Олардың кәсіби маман, тарихшы ғалым делінетіні де шындық. Бірақ солардың тәуелсіздіктен бұрынғыларының да, кейінгілерінің де, егер әділдігіне жүгінсек, шын мәніндегі ғалым тарихшылар емес, тек үлкен тарихтың белгілі бір кезеңінде өткен оқиғаны тақырып етіп алып, соны зерттеп, сол төңіректен мағлұмат жинаған зерттеушілер ғана екені де ақиқат қой. Олардың сол қорғаған тақырыбын толық игеріп, соған қатысты мәселелерден хабардар болғанмен, бір халықтың арғы-бергі тұтас тарихын жан-жақты зерттеп, зерделеген, соған сай өзіндік ғылыми көзқарасын қалыптастырған білікті ғалымдар еместігі қазір баршаға мәлім. Мұны олардың өздері де мойындаса керек.

Осы арада айтылғанға дәлел ретінде, сөзді ұзартпай, КСРО-ның дәурені өтіп, құлауға айналған кездегі қазақстандық бір ізденушінің Шымкенттің цемент заводының тарихынан, сондай-ақ тағы бір қазақстандық ізденушінің комсомол-жастардың шопандар бригадасының тарихынан диссертация қорғағанын айтуға болады. Ал осы бір облыстың бір заводының немесе бір ауданның бір шопандар бригадасының екі-үш жылдық еңбек көрсеткішін зерттеу арқауы етіп, содан қорғап кандидат болғандарды немесе осылар сияқтыларды қалай шын мәніндегі ғалым тарихшы деуге болады?! Бұл және кешегі кеңес өкіметінің кезіндегі бүкіл кәсіби тарихшылардың баршасына ортақ жағдай еді ғой. Өйткені 70 жылдан астам уақытқа созылған советтік дәуір кезінде бірде-бір қазақ туған халқының көне тарихын өзі зерттеп, не кандидаттық, не докторлық диссертация қорғай алмады, қорғатпады. Қазақ халқының тарихына қатысты «Қазақстан Октябрь революциясы қарсаңында» деген тақырыптан әріге баруға мүмкіндік болмағандықтан, олар амалсыздан тек Қазақстанның халық шаруашылығын дамытудағы компартияның, комсомолдың, кәсіподақтың рөлін, партия съездері шешімдерінің орындалуын жарнамалайтын, сол секілді бесжылдықтар мен екпінді құрылыстардың, тың игерудің тарихынан қорғап, ғылыми атақ алуға мәжбүр болды. Ал шынайы халық тарихын, нақтылап айтқанда, бодан елдер халықтарының байырғы тарихын олардың орнына басқалар зерттеді.

Осындай жағдайда ғалым атанған кандидаттар мен докторларды қазақ халқының тарихын түбегейлі зерттеп, түгел таныған тарихшы, шын мәніндегі ғалым деуге бола ма? Бұлар, амалсыздықтан болса да, осы әрекеттерімен халықтың төл тарихын танытудың орнына, отарлаушылар жүргізген саясатты одан әрі заңдастырып, тарихи сананы лайландыруға қызмет етіп келді емес пе? Мұндай тарихшылар, обалы нешік, қазіргі таңда шынайы тарихтың жазылуының қажеттігін жете түсінгенмен, соған барынша ынталы болғанмен, өздері толық зерттеп білмеген төл тарихын төл болмысында қалай жаза алмақ?! Сондықтан да олар қазіргі таңда қазақ халқының тарихы туралы сөз болған келелі жиындарда өздері көз жеткізе алар бергі өрістен, яғни «Қазақстан тарихы» төңірегінде ғана әңгіме қозғауға мәжбүр. Сол себепті «Қазақ тарихы» немесе «Қазақ халқының ежелгі тарихы» туралы, тіпті, сөз болмайды.

«Қазақстан тарихы» деген қазақ халқының осы атаумен, яғни «қазақ» деген атпен жеке ел болып танылғаннан кейінгі тарих, басқаша айтқанда, қазіргі Қазақ мемлекетінің тарихы. Оның тарихы Қазақ мемлекеті құрылған күннен басталады. Оған «550 жыл болды» деп оны кезінде арнайы атап та өттік. Ал халықтың тарихы болса, ол бастауын адамзат баласының жаратылуынан бастап, бері қарай тарқатып таратылуы қажет емес пе? Өйткені ешбір халық көктен түспейді, жерден өніп шықпайды. Тарихшыларымыздың халық тарихы мен олардың кейінгі ұрпақтары құрған түрлі мемлекеттері тарихының аражігін ажыратпауы да сол бір заводтың тарихын жазып, тарихшы атанғандардың өре деңгейінен хабар берсе керек.

Бұл арада әділдік үшін мына мәселені де айта кеткен жөн болар. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін төл тарихын төл болмысында танып-білуге ұмтылған жұрттың тарихқа ерекше ынта-ықыласпен лап бергені белгілі. Тарихшысы да, тарихшы емесі де халық тарихын жазуға өз үлесін қосуға ұмтылып бақты. Осылардың арасынан архив ақтарып тапқан нақты деректері арқылы тарих ақтаңдақтарының орнын толтырып, бір кезеңнің ақиқатын ашып көрсете алатын деңгейге жеткен Х.Әбжанов, Ж.Артықбаев, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Б.Кәрібаев секілді ондаған қазақстандық маман тарихшылар шықты. Есімдері елге танылды. Бірақ бұлардың бәрі қазақ тарихының бергі кезеңін, атап айтқанда, қазақ хандығын, қазақ-қалмақ соғысын, ұлт-азаттық көтерілістерін, кешегі 30-жылдардың нәубетін (ұжымдастыру, тәркілеу, аштық, қуғын-сүргін және т. б.), соғыс жылдарының ауыртпалығын зерттеген, соның мамандары. Ал қазақ халқының тарихы бір кезеңмен, бір дәуірмен шектелмейді ғой. Талай кезеңді, талай дәуірді бастан кешірді. Ежелгі дүние тарихы бар, орта ғасыр тарихы бар, бүгінгі түріктектес бірнеше халықтың мемлекеттік негізі болған, бұл күнде ғылымға «Алтын Орда» деген жаңсақ атаумен кірген Ұлы Ұлыстың тарихы бар, бұлардың бәрі әлі күнге қазақ зерттеушілерінің зерттеу нысанына айналмай, түрен тимеген күйі тың жатыр. Бұған дейін бұл дәуірлерді зерттеп көпшілікке танылған білікті де білімді ғалым тарихшысы болмады.

Бұл – бір қазақ емес, кешегі КСРО құрамында болған түріктектес халықтардың бәріне бірдей ортақ жағдай. Қазір өз алдына жеке-жеке республика болып отырған түрік халықтарының бәрінің де түпбастау тарихы зерттелмеген. Қай халықтың тарихын парақтасаңыз да, өз тарихын сақ, ғұн халықтары өмір сүрген кезден бастайтынын көресіз. Бейне бұлардан бұрын тіршілік болмағандай, олардың ата-бабасы Ұлы далаға ғайыптан пайда болғандай әсерде қаласыз. Содан да болар, тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылдары Әзербайжан Ғылым академиясының тарих институты бастау тарихымыздың дұрыс жазылмағанын алға тартып, бүкіл түріктектес халықтарға «бастау тарихымызды бірге зерттеп, бірігіп жазайық» деп үндеу тастады. Бұл да осы жоғарыда айтылғандардың шындық екенін айғақтар, ортақ жағдай туғызған қиындықтың салдарынан туындап отырған мәселе екенін көрсетсе керек.

Жалпы көпшіліктің өзінің тарихын танып-білуге, оны дамытуға құлшыныс танытуы – қуанарлық та құптарлық жағдай. Бірақ ғылым, оның ішінде тарих ғылымы да, науқаншылдықты, ұраншылдықты қаламайды. Ғылым қамалы «урамен» алынбайды. Мұнда жан-жақты зерделеніп, алдын ала жоспарланған тыңғылықты зерттеулер арқылы жүйелі түрде сатылап жүзеге асырылар нақты іс керек. Ол, ең алдымен, мақсаткерлікті, табандылықты, ұзақ уақытты және білікті де білімді мамандардың ортақ мүддеге біріге жегілер ерік-жігерін тілейді. Сондықтан бүгін сұранысын өтеумен бірге алдағы уақытта түріктектес халықтардың да өзгелер секілді ежелгі дүние тарихын, орта ғасырлар тарихын өздері түбегейлі зерттеп, тәуелсіздік талабына сай ұлтты ұйыстыратын, ақиқатты арқау еткен тарихты жазатын әр халықтың өз төл ғалым тарихшыларын дайындау мәселесіне ерекше көңіл бөлген абзал. Бұл бағытта Қазақ мемлекетінің негізін құраған ру-тайпалардың әрқайсысына жеке-жеке зерттеу еңбек арнап, 50-ге жуық кітап шығарып, бір өзі бір институттың шаруасына пара-пар іс тындырып жүрген Х.Ғабжәлилев, ежелгі көне тайпалар тарихына үңіліп, бірнеше тартымды танымдық еңбектер берген, бұл күнде арамызда жоқ Ә.Сарай мен деректану ғылымының жоқшысы болып, ой бөлісер құнды зерттеулерімен танылған марқұм Қ.Атабаев, ДНҚ зерттеулерінің нәтижесіне сүйене отырып, арғықазақ тарихына үңілген Ж.Бейсенбаев секілді ғалымдардың ізденісін атап өтуді азаматтық парыз деп білеміз. Осылай еңбектенбесек, көздеген мақсатқа жету қиын.

Қалай дегенде де, бірнеше ғасыр бодандықта болып, билеуші елдің қас-қабағына қарап, бар тірлігін соған үйлестіріп үйренген ел халқының орындаушылық талабына сай қалыптасқан санасын тәуелсіздік алғанмен, бірден өзгерте қою оңай шаруа емес екенін ескермеске тағы болмайды. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмай жатқанымыз да осыны меңзейді. Бұл ретте түрік халықтарының өз кезінде хатталып, қағазға түспеген, зерттеліп-жүйеленбеген оқиғаларға толы сан мыңжылдықтарды қамтитын бай тарихын осындай аз уақыттың ішінде бас-аяғын түгендеп, бәрін ғылыми зерде сүзгісінен өткізіп, бір қалыпқа түсіру үшін ұзақ уақыт керектігі де, оған бір ширек ғасырдың аздық ететіні де шындық. Бірақ, солай дей тұрғанмен, бұл мерзімнің әр халықтың өз тарихын өз таным-түсінігі негізінде жаңаша пайымдауына қажетті шаралардың бәрін анықтап, осы орайда атқарылар істің бағыт-бағдарын нақтылап алуына толығымен жетіп-артылатын уақыт екенін де мойындауға тура келеді. Оның үстіне атқарылар ауқымды істің әуелі орын алып келе жатқан ұсақ-түйекті түзетуден басталатыны, сол арқылы ірі де күрделі мәселелерді игеруге жол ашылатыны тағы бар. Өкінішке қарай, зерттеушілерден сарылып ұзақ ізденуді керек етпейтін, тек ынта-ықылас болса, санаулы мерзімнің ішінде жөндеп бір қалыпқа түсіруге болатын осы ұсақ-түйектің әлі күнге түзетілмей келе жатқаны жанға батады. Біздің жоғарыда «төл тарихшыларымыз әлі күнге немқұрайдылық дертінен айыға алмай келеді» деуіміз де осы жайларды көріп, біліп отырғандықтан.

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,

жазушы-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button