Қоғам

Қаржы пирамидасының құрығынан сақтан!

Қаржы пирамидасымен күресте Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүйелі жұмыс жүргізеді. Жалпы бұл департамент – қылмыс жолымен алынған кірістерді заңдас­тыруға және қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-­тексеру жөніндегі функцияларды орындауға уәкілетті орган. Департамент өкілі Айнұр ХАМЗАЕВА халықты алдап, қаржы пирамидасының қармағына түсіретін сондай ұйымдардың қитұрқы әрекеттері мен тәсілдері туралы айтып берді.

– Айнұр ханым, бүгінде интернетте тез ақша табу мүмкіндігі жиі айтылатын болды, мұндай оңай олжа туралы тіпті адамдар жақын таныстарынан да естіп жатады. Бірақ оңай ақша адамға береке бере ме, бұл әлде қарапайым жандар үшін құрылатын тұзақ па? Қаржы пирамидасының қандай негізгі белгілерін атап өтуге болады?

– Жалпы олардың құрығына бүгінде халықтың басым бөлігінің түсіп қалу қаупі басым. Ал белгілеріне келсек, біріншіден, ірі көлемде қолма-қол ақша салуға үгіттеу, екіншіден, инвестиция ретінде салынған капиталды өте жоғары пайызбен қайтарып алуға уәде беру, үшіншіден, ақшаңызды қайтару үшін таныстарыңызды тарту керек екені, тағы бір сипаты – жобаның ноу-хау ретінде ұсынылуы. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тартымды жарнамамен, түрлі таныстырылым арқылы берілуі және келісімшартта ешқандай жауапкершіліктің жазылмауы да бір белгісіне жатады. Компания шағын қаржы ұйымдарының, несие бюроларының, «Қарызға қарсы» бағдарламалардың, қаржы қызметтері орталықтарының атын жамылып, жасырын әрекет етуі мүмкін. Сондай-ақ ақшаны қолма-қол қабылдайды немесе интернет-төлемдердің түрлі жүйесін, компанияның банктегі есептік арнайы шотын пайдаланбай аударым жасау жолын қолданады. Азаматтардан ақша тартуда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болмайды.

– Қаржы пирамидасы қандай қызмет түрлері немесе қандай бизнестерді бетке ұстап, жасырын әрекет етеді?

– Олар желідегі маркетинг, онлайн-ойын, туристік қызмет, сонымен қатар инвестиция жобасына ақша салу сияқты бизнес түрлерін қалқан етіп алып жұмыс жүргізуі мүмкін. Қаржы пирамидасын құрушылар өте тез әрекет етеді, әлеуметтік желілерде агрессивті және адамдардың көңілін тез аулайтын жарнамалар таратады, жылдам баюдың жолын ұсынып, төбеңнен алтын жаудыруға уәде береді. Адамдардың ашкөздік және қолын қимылдатпай көп ақша табуға құмарлық қалауын тиімді пайдаланады. Қаржы пирамидасында «Инвестицияны бүгін сал!», «Ақша табуға асық!», «Мүмкіндігіңді жіберіп алма!» деген ұрандар жиі қолданылады. Ал негізі бұл – қарапайым психологиялық манипуляция.

– Олардың арам пиғылды айла-шарғысына түсіп, «құрбандарына» айналмау үшін қандай кеңес бересіз?

– Әрине, алдымен қаржы пирамидасының жоғарыда аталған белгілерін білу маңызды. Маңдай теріңізбен тапқан ақшаңызды «құмға сіңген судай» етіп олардың қалтасына салып бермес бұрын оның барлық қаупі мен тәуекелін әбден таразыға салып, екшеп, ойланып барып әрекет етіңіз. Әсіресе егер сізді кез келген бір жерге ақша салуға табанды түрде шақырып, үгіттейтін болса, бұл аса қауіпті, ондай қадамнан секем алып, өте сақ болу керек. Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті азаматтарды тез ақша табу жолындағы осындай алдамшы ұйымдардың қызықтыруына сеніп қалмауға кеңес етеді. Алдымен Қаржы мониторингі жөніндегі агенттік жасап шығарған Telegram-бот Baiga, Piramida арқылы сізді өзіне тартқан қаржы компаниясы туралы деректерді тексеріп, оның қаржы пирамидасына жататынын немесе жатпайтынын анықтап алыңыз. Егер сондай қаржы пирамидасы немесе сіздің жақындарыңыз бен таныстарыңыз кірген соған ұқсас ұйымдармен ұшырасып қалсаңыз, бірден Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 8 (7172) 70-84-79 (ішкі нөмір: 21384) сенім телефонына қоңырау шалуыңызды сұраймыз!

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button