Спорт

Атақтылармен ­ойнады



Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары есту қабілеті зақымдалған әуесқой спортшылармен жолдастық кездесу өткізді.

Іс-шара барысында Қазақ­стан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген бастаған бірқатар футболшы қатысып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға шеберлік сабағын өткізді. Елордалық спортшыларға Малайзияда өтетін әлем чемпионатында сәттілік тіледі.

Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен жолдастық кездесуде Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы Абзал Бейсебеков елордалық әуесқой спортшыларға қорғау­шы позициясында ойнаудың қыр-сырын көрсетті. Мүмкіндігі шектеу­лілердің мүмкіндігін кеңейткен ұлттық құраманың жігіттері ойын соңында спортшыларға арнайы өздерінің қолтаңбалары қойылған бірнеше допты және форманы сыйға тартты.

– Спортпен шұғылдану адамның көңіл күйін көтеріп қана қоймайды, үнемі тың, сергек жүруіне, еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл спортшылар – қалалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары, сондай-ақ 2022 жылғы жастар арасында өткен ҚР чемпионатының жеңімпаздары. Бүгінгі ойынның мақсаты мұндағы есту қабілеті зақымдалған спортшылар еліміздің құрама командасындағы футболшылармен тәжірибе алмасып, биыл желтоқсан айында Малайзияда өтетін мүмкіндігі шектеулі адамдар арасындағы әлем чемпионаты алдындағы дайындықты пысықтау болды. Алдағы уақытта осындай жолдастық кездесуді басқа спорт түрлері бойынша да жалғастырамыз, – дейді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиева.

Ал есту қабілеті төмен спортшылардың бірі Мейрам Абраев «Малайзияға жолдама алғанымыз үшін қуаныштымын. Ұлттық құраманың футболшыларымен кездесу, олармен бір алаңда ойнау арманым болатын. Бүгін, міне, сол арманым орындалды. Қазақстанның намысын қорғайтынымыз үшін мақтанамын» деп қуанышымен бөлісті.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button