Мәдениет

Ататүрікті еске алды

Елордадағы ҚР Қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи музейін­де Түркия Республикасының негізін қалаған ұлы реформатор Мұстафа Кемал Ататүріктің өмірден озғанына 84 жыл толуына орай «Ататүрік жадымызда» атты фотокөрме өтті.

Түркияның Қазақстандағы елшілігі мен ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы ұйымдастырған көрменің ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Түркия Парламентінің 24-шақырылым депутаты, Юнус Эмре институты бақылау кеңесінің мүшесі Али Өзгүндүз, Қазақстан Парламентінің депутаттары, ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылары, сондай-ақ ғалымдар, елшілік қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиынды ашып, сөз сөйлеген елші Уфук Экиджи көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткен ҚР Қорғаныс министрлігіне алғысын білдіріп, реформатор Мұстафа Кемал Ататүрікті насихаттаудың мән-маңызына тоқталды.

«Мұстафа Кемал Ататүрік – біздің елдің іргетасын қалаған ұлы тұлға, әскери қолбасшы. Бүкіл түркі жұртының бірлігін ойлаған кемеңгер тұлғаның фотокөрмесі мемлекеттік әскери-тарихи музейде өтуінің мәні айрықша. Екі бауырлас елдің арасындағы ынтымақтастық әр салада өркен жайып, үздіксіз дамуда. Екі елдің мәдениет саласындағы қарым-қатынасы да барған сайын күшейіп келеді. Түркия әлемнің дамуы мен бейбітшілікті сақтау ісіне өз үлесін қосып, Орталық Азиядағы бауырлас елдермен болған ынтымақтастықты нығайта береді» деді.

Мұстафа Кемал Ататүрік осыдан 84 жыл бұрын 10 қараша күні сағат таңғы 09:05-те өмірден озған. Бұл уақыт түркиялықтар үшін Ататүрікті еске алу, яғни ұлттық аза тұту рәсімі ретінде аталып өтеді. Бұл күні ел аумағында 2 минуттық үнсіздік жарияланады, ту жартылай түсіріледі. Қайраткер жүзеге асырған реформалар жайлы халыққа түсіндіріліп, сөйлеген сөздері радио, теледидар арқылы өз дауысымен көпшілікке тыңдатылады, сонымен қатар тұлға жайлы деректі фильмдер көрсетіледі. Міне, осындай мақсатта ұйымдастырылған фотокөрмеге Мұстафа Кемал Ататүрік өмірінің әр сәтінен сыр шертетін 40 шақты фото қойылды. Қала тұрғындарының оны бір ай бойы тамашалауына мүмкіндік бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button