Ел тынысы

Жастармен және спортшылармен кездесті

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов жастармен және спортшылармен кездесті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты ақпарат таратты.

«Жастармен және спорт өкілдерімен кездестім. Еркін микрофон форматында өткен жиында ниет білдірген кез келген адам сұрақтарын қойды. Мысалға, олардың қатарында тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, білім беру саласында түрлі оқыту жобаларын енгізу, спорт орталықтарын ашу, жас спортшыларды қолдау және тағы басқа мәселелер бар. Мұндай кездесулер қиындықтарды тиімді әрі жылдам шешуге, проблемаларды назарда ұстауға мүмкіндік береді» деді қала басшысы.

Алтай Көлгінов жаттықтырушылар мен спортшыларға жеке медициналық мекеме бөлу туралы мәселе дер кезінде көтерілгенін тілге тиек етті. «Себебі спортшылар мен жақтықтырушылар кәсіби тексерулерден емханада өзге науқастармен қатар өтіп, бірге емделетін. Мұндай жағдай спортшылардың дайындық сапасы мен сауықтыру процесіне кері әсер етті. Осы мәселені бірлесіп талқылағаннан кейін «Нұрлы жол» вокзалының жанынан спортшыларға арналған арнайы медициналық орталық ашылды» деп мысал келтірді елорда әкімі.

Оның айтуынша, бас қалада бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы ашылып, «Толқын» спорт кешені мен «Жастар» сарайында жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Қазақстан» спорт кешенінде қайта жөндеу және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, «Көктал-2» және «Өндіріс» елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Осы кешендерде спорттың 10 түрі бойынша 1 мыңға жуық бала жаттығып жүр. Тағы екі елді мекенде дәл осындай дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр.

«Бұқаралық спортты қаржыландыруды 3 есеге арттырдық. 2020-2021 жылдары жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 50%-ға, биыл тағы 25%-ға өсті. Ал кадр тапшылығын шешу үшін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша гранттар бөлеміз» деді әкім.

Алтай Көлгінов елордада жастарды қолдау бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды. «Жастар желісі бойынша бірнеше тұрғын үй бағдарламасы бар. Өткен жылы жеңілдетілген несиелеу бойынша арнайы «Elorda Zhastary» тұрғын үй бағдарламасын енгіздік. 2 жыл ішінде 3,4 млрд теңгеге несие берілді. Баспананы жалға алу бағдарламасы бойынша 3 жыл ішінде жұмыс істейтін жастарға 2,5 мыңға жуық пәтер берілді. Маңызды мәселелердің бірі – жұмысқа орналасу. Өткен жылы 6 мың жас жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін тағы 6,5 мыңнан астам жасты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін гранттар береміз. Ауқымды әрі жүйелі жұмыс жасалды, бірақ әлі де атқарылатын шаруа көп. Жастардан келіп түскен сауалдарды шешу мәселесі қолға алынды, солардың іске асыру кестесін жасаймыз» деді әкім.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button