Ел тынысы

Атырау облысының жұртшылығымен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жұртшылығымен кездесуінде «қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұстанатынын айтып, облыстың өркендеуіне тың серпін беретін бірқатар мәселеге тоқталды. Ең алдымен, өңір экономикасын әртараптандыру қажет екенін атап өтті. «Осы облыста «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды.

Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі. Сондай-ақ инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан түрлі амал-тәсілдер қарастырылған. Басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Олар инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға жол ашады. Сонымен қатар бірнеше мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Аталған жобалар өңірдің экономикасын әртараптандыру үшін өте маңызды. Үкімет және әкімдік инвесторлармен бірлесіп олардың тезірек іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс» деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы облыс­тағы балық шаруашылығын дамыту, жолдардың сапасы, ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету, синтетикалық есірткіге тосқауыл қою, білім беру, денсау­лық сақтау, мәдениеттегі келелі сұрақтар, өңірдің экологиялық ахуалы сияқты түйткілді мәселелерге ерекше назар аударды. Президент Атырау мұнай өңдеу зауытының зиянды қалдықтары шекті нормадан жиі асып кететінін сынға алды. Облыстағы алпауыт өндірістер орындары, әсіресе мұнай-газ компаниялары экология талаптарын қатаң сақтауы қажет екенін ескертті. Президенттің айтуынша, Жайық өзенінің тартылуы да жұртты қатты алаңдатып отыр. Су деңгейі соңғы жылдары төмендеп, өзен аңғарының экологиялық ахуалы күрт нашарлап кеткен. Ал ластану көрсеткіші бойынша ең соңғы – бесінші дәрежеге жетті. «Мен осы күрделі мәселені бірнеше рет халықаралық деңгейде көтердім. Қазақстан мен Ресейдің арасында бірнеше келісімшартқа қол қойылды. Экологияны, трансшекаралық өзендердің биоәлемін сақтау және оны тиімді пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық негіз бар. Көрші елмен осы бағыттағы әріптестікті нығайтып, келісімдердің мүлтіксіз орындалуына күш салу керек» деді Мемлекет басшысы.

Өңірге жұмыс сапары аясында Абай атындағы  орталықтың жұмысымен танысып, белгілі тұлғалардың домбыраларынан жасақталған көшпелі көрмені тамашалады. Көрмеге Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталған Абай Құнанбайұлы, Дина Нұрпейісова, Махамбет Өтемісұлы сынды тарихи тұлғалардың, белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбектің, композитор, жазушы Ілия Жақановтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Рысбай Ғабдиев­тің, Қаршыға Ахмедияровтың, Әзидолла Есқалиевтің, Әсима Ізмұхамбетованың, Айгүл Үлкенбаеваның және басқа да өнер қайраткерлерінің домбыралары қойылған. Президент «JasSpace» STEM зертханасында жасалған жобалармен, бұйымдармен танысты. Сондай-ақ бір топ жас домбырашы Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. «Бәрекелді!  Қадыр Мырза-Әлі ағамыз айтқандай, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Сондықтан нағыз қазақ әрқашан осындай болуы керек!» деді Президент.

Мемлекет басшысы «Ka­zakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС-на қарасты біріктірілген газ-химия кешенін іске қосты. Кездесуде «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысына газ-химия кешенінің даму перспективасы туралы баяндады. Жалпы, кешен құрылысына 4300 адам жұмысқа тартылған. Ол толық іске қосылғанда 631 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен шығара алады. Бұл әлем бойынша полипропилен өндірісінің 1 пайызын құрайды. Өндіріс ошағы еліміздің полипропиленге деген сұранысын өтеп қана қоймай, құрылыс, медицина, автомобиль құрас­тыру, тамақ өнеркәсібі секілді салаларда полипропиленнен түрлі бұйым шығаратын шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Кәсіпорында америкалық «Lummus Technology Inc» компаниясының Catofin және Novolen технологиялары пайдаланылады. Әлемде мұндай кешен Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея және Қытай секілді 5 елде ғана бар.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button