Ел тынысы

«Атыс қаруы: тапанша тарихы» көрмесі ашылды

ҚР Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында «Атыс қаруы: тапанша тарихы» көрмесі ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Президенттік орталықтың музей қорындағы бірегей қару-жарақ топтамасының негізінде жасалған бұл көрме ҚР Қарулы Күштерінің тарихына, Екінші дүниежүзі соғысында ерлік көрсеткен Халық қаһармандары — Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған.

ҚР президенттік орталығының Экскурсия жұмысы қызметінің басшысы Гүлім Ыдырысованың айтуынша, инженерлік ойдың, ғылым мен техниканың дамуы қарудың жаңа түрлері — атыс қаруын жасауға ықпал етті.

Бұл жәдігерлер — тәуелсіздік жылдары ел Президентіне келіп түскен дипломатиялық тартулар. Әсіресе, Ресей, АҚШ, Франция, Швейцария мемлекетінен келген делегация өкілдерінің сыйы көп. Кейбір тапаншалар эксклюзивті арнайы тапсырыспен жасалған, оған қоса көшірме нұсқалар да бар.

«Бүгінгі көрмеге музей қорынан 100-ге жуық экспонат шығарылды. Соның ішінде 29 тапанша бар. Онда келушілер тапаншалардың адамзат тарихындағы жасалу кезеңінен бастап, қазіргі заманға дейінгі үлгілерін көре алады. Музей қорынан арнайы алғаш рет шығып отырған тапаншалар арасында Бундель револьвері, Лефошье револьвері және дуэль тапаншалары секілді антикварлық үлгілер де бар. Атыс қаруымен қатар, музей қорындағы суық қару топтамасынан да бірқатар жәдігер қойылған. Олардың барлығын кезінде мемлекетімізге келген шетелдік делегация өкілдері тарту еткен. Бұл сыйлықтар музей қорына түсіп, жүйелі түрде зерттелген соң ғана көрермен назарына ұсынылады», — деді Г. Ыдырысова.

Экспозиция Лефошье, Кольт, Браунинг, Федерле, Стечкин және басқа да көрнекі қару жасаушылардың туындыларымен танысуға мүмкіндік береді. Еуропа, АҚШ, Ресей және Түркиядағы жаһандық қару өндірушілердің тапаншалары мен револьверлері қойылған.

Сонымен бірге, көрмеде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандық жауынгерлердің ерліктері туралы материалдар қойылған. 1992 жылы 7 мамырда құрылған ҚР Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен даму тарихы да ұсынылған.

Көрме 30 мамырға дейін жалғасады. Оны барлық келушілер тегін тамашалай алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button