Шартарап

Ауған елінде бейбіт заман орнай ма?



Ауғанстанның тарихта қандай ел болғаны жөнінде көзіқарақты оқырман басқа да ­ақпарат көздерінен көріп-біліп отыр деп ойлаймын. Сондықтан бұл жерде ауғанның тарихына арнаулы тоқталмай, ең бастысы, «Талибан кім? Ауғанның ахуалы енді қалай өзгермек? Қазақстанға қандай әсер етуі мүмкін?» деген тақырып төңірегінде сөз қозғап көрейік.

Талибан пуштун тілінде «оқушы, шәкірт» деген мағынаны білдіреді. Тәліптер саяси ұйым ретінде осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1994 жылы молла Мұхаммед Омардың басшылығында құрылған шағын ұйым болған. Бір жылдан кейін Ауғанға таласқан ал­пауыт империялардың және исламдық радикалды ұйымдардың қолдауымен әскери құралды ұйым ретінде тарих сахнасына шықты. Талибанның негізгі көзқарасы – ислам дінінің шарттары бойынша басқарылатын, бай-кедейсіз, ұры-қарысыз, жемқорлық болмайтын тәуелсіз Ауғанстан құру. Тәліптердің ұстанымындағы ислам дініндегі шариғаттың заңдары бойынша мемлекет басқаруын есепке алмағанда, қалған ұстанымдары құдды коммунистік идеядан аумайды. Талибанның қол астына жанқияр 80 мың әскерді ұстап тұруы, сонымен бірге неше миллион халықтың қолдауына ие болуы, олардың Ауғандағы көп халықтың көңіліне майдай жағатын саяси ұранының болуында.

Ауғанстан бір жарым ғасырдан бері сыртқы күштердің шабуылына ұшырап, сіңірі шыққан кедей елге айналды. Халқының көп саны кедейшілікте өмір сүреді. Сондықтан халықтың бар арманы – басқыншылардан, теңсіздіктен құтылып, бейбіт өмір сүру. «Талибан» – тура осы көңіл күйдің нүктесін дәл басқан күшті идеологиялық ұйым. Сондықтан ол – соңғы 20 жыл барысында қанша соққы алса да, күйремеген берік саяси ұйым. Оны берік саяси ұйым дейтініміз, талибан алпауыт империя­лардың қолдауындағы, бір емес, екі билікті зорлықты күшпен құлатты. Мұндай нәтиже тек ішкі құрылымы берік саяси күштің ғана қолынан келетін шаруа. «Талибан» алғаш 1994 жылы Кандагарда Мұхаммед Омардың басшылығында құрылғаннан кейін тез арада күшейіп, 1995 жылы сол кездегі ауғанның кеңесшіл билігін аударып тастап, оп-оңай билікке келді. Содан кейін ол өзінің саяси ұстанымын жүзеге асыру үшін ислам дінінің шарттары мен пуштун ұлтының дәстүрімен өмір сүруге тырысты. Бірақ бұл әрекеті соңында олардың ауған билігінен кетуіне себеп болды. Олардың биліктен кетуінің басты себебі, біріншіден, талибанның «Аллаға серік қоспаймыз» деп неше мың жылдық тарихы бар будданың ескерткіштерін қиратып, адамзатқа ортақ мәдени мұраны бүлдіруінен бастау алып, бүкіләлемдік қауымдастықтың наразылығын қозғаса, екіншіден, кезінде өзін қолдап-қуаттаған ислам экстремистік ұйымы – «әл-Каидамен» қоян-қолтық жұмыс істеді. Соның салдарынан 2001 жылы АҚШ-та 11 қыр­күйек оқиғасы туындады. Талибандар экстремистік ұйым – «әл-Каидамен» басшысы Усама бен Ладенді Америкаға ұстап беруден бас тартты. Сонымен, АҚШ қарулы күшпен «талибанның» күл-талқанын шығарып, елде жаңа ауған билігін орнатты. Осылайша АҚШ қазірге дейін, яғни 20 жыл бойы ауған өкіметінің отымен кіріп, күлімен шығып, демократиялық елге айналдыруға тырысып бақты. Өкінішке қарай, «сүйреп салған тазы түлкі алмайды» дегендей, АҚШ-тың тәрбиелеген 300 мың әскері Кабулды 30 күн қорғап тұруға жарамады. Бұған бүкіл әлем аң-таң қалды. Бұл нені білдіреді? Бұл, біріншіден, талибан біз айтып жүрген жай ғана террористік ұйым емес, оның берік идеологиялық ұстанымы бар. Екіншіден, АҚШ-тың қолдауындағы үкіметтің идеологиясының жоғынан, тек дайын асқа тік қасық болатын жемқор үкімет болғанын білдіреді. Ал енді оның ендігі қадамы не болмақ? Оның біз сияқты алпыс түрлі ағым араласқан зайырлы мемлекеттерге қандай әсері болады? Осы жағын да талдап көрейік.

«Талибанның» Ауғанстанда теңдесі жоқ саяси күш екендігіне АҚШ, Қытай және Ресей сияқты алпауыт империя­лардың әлдеқашан көзі жетті. Оның айғағы 20 жылда екі триллион долларын суша шашып, ауғанды демократиялы ел етем деген АҚШ-тың ең соңында талибанға «Ауған үкіметімен бірлес­кен үкімет құрыңдар, біз әскерімізді шегіндіреміз» деп уәде беруі болса, Қытай мен Ресейдің әлденеше рет «Талибан» басшыларымен жасырын кездескенін есепке алмағанда, бұрын өздері «террорист» деп таныған ұйым­ның басшыларымен Сыртқы істер ­министрі деңгейінде дипломатиялық ашық кездесу өткізді. Міне, бұл әлемдегі үш алпауыттың «талибанның» Ауғанстандағы үстемдігін ерте ме, кеш пе, ашық мойындағандығынан дерек береді. Ол тек уақыттың ғана еншісінде. Кезекте бұл алпауыттардың тек «Талибанмен» тізе қосып әрі қарай жұмыс істеуі ғана қалды. Сол үшін былайғы жерде «талибанның» Ауғанстандағы заңды билігін басқа елдер де мойындайтын болады. Бұл «Талибан» билігінің Ауғанда толықтай орнауына негіз болады. Сондықтан көп елдер таяуда «Талибан» қозғалысын «экстремистік ұйым» тізімінен шығаратыны сөзсіз.

«Талибан» Кабулды алғаннан кейін мәлімдеме жасап, ауған билігін ресми қолға алғанын, іштен де, сырттан да жау іздемейтінін, әйелдердің құқығы шариғаттың заңдары бойынша сақталатындығын мәлімдеді. Яғни енді жамандық істемейміз, жақсы ел боламыз деген сыңай байқатты. Бірақ бұл «талибанның» өз билігін толық орнықтырып, әлемдік қауымдастықтың өзінің заңдылығын мойындатуға тырысқан көзбояушылық көрінісі ғана. «Талибан» Ауғанды бейбітшілікке алып бара алмайды. Оның төмендегідей себептері бар:

Бірінші, талибан билігінің билікке жету ұраны мен билік жүргізу ұстанымында қайшылық бар. Сондықтан оның мүлдем жүзеге аспайтын коммунистік ұранмен бірдей «сүттен ақ, судан таза» виртуалды, ислами құндылық жаратуды мақсат етеді. Былайша айтқанда, тәліптердің уәдесі мүлдем орындалмайды. Бұл ел ішінде әлі де сақталып отырған қарулы топтар мен талибан билігіне қарсы жаңа қарулы топтардың қарсылығын тудырады. Осыдан ел ішінде саяси тұрақсыздық туындайды.

Екінші, талибандардың ұстаны әлемдегі геосаяси ойыншылардың ойын тәртібі мен өркениетті елдердің адамзат өркениеті және жаһандану үрдісіне кереғар. Сондықтан ерте ме, кеш пе, өркениетті елдер мен талибан билігі арасында өліспей беріспейтін қайшылық туындайды. Мұндайда Ауғанстан қайтадан соғыс ошағына айналуы бек мүмкін.
Үшінші, талибанның билікті қарулы күшпен тартып алуы – аты затына сай исламдық радикалды төңкерістің жеңісі. Бұл төңкерістің жеңіске жетуі басқа елдердегі «төңкеріс жасасам» деп армандап жүрген радикалды топтардың желігін қоздырады. Сонымен, бұл радикалды топтар талибандардың көмегімен кейбір елдерде жаңа «төңкеріс» ұйымдастыруы мүмкін. Бірақ бұл өрт айналып келіп тәліптердің өзін шарпиды.

Төртінші, талибан билігі әлемдегі алпауыттардың әлемдік геосаяси тұрғыдан өз мүддесін жүзеге асыратын құралға айналады. Оның себебі – Ауғанстанның экономикалық күйзелісі мен оның геостратегиялық орны. Талибан билігі халықаралық қауымдастықтың мойындауына қол жеткізу үшін өз мүмкіндігінен толық пайдаланады. Сонымен қатар экономикалық тығырықтан шығу үшін алпауыттармен қоян-қолтық жұмыс жүргізуге тырысады. Бұл біртіндеп Ауғанды қайтадан алпауыттардың ашық немесе жасырын күрес алаңына айналдырады. Соңында алпауыттар талибан билігін ішінен ірітіп, бірнеше топқа бөліп, ақыры Ауғанда жаңа дүрбелең басталып кетуі ықтимал.

Бесінші, ауған қайтадан есірткінің отанына айналуы мүмкін. «Талибан» қозғалысы Ауған астанасы Кабулды басып алғаннан кейін Вашингтон Ауғанстан үкіметінің миллиардтаған доллар активтерін бұғаттап, қаржы жіберуді тоқтатты. АҚШ-тың бұл ақшаны «Талибан» үкіметіне берудің шарты талибанның Ауғанның заңды билеушісі болуы шарт. Ал талибан Ауғанның заңды билеушісі болуы үшін АҚШ пен талибан арасындағы келісім толықтай жүзеге асуы қажет. Еуроодақ та мәлімдеме жасап, талибан Ауғанның заңды билігі болмай тұрып елге берілетін көмек қаражатты уақытша тоқтата тұратындығын мәлімдеді. Ауғанстанның жыл сайынғы 5 миллиард долларлық қаржысының жартысынан көбі шетелдік көмек есебінен келеді. Дүниежүзілік банк басқаратын Ауғанстанды қалпына келтіру траст қоры жылына шамамен 3 млрд доллар. ХВҚ (Халықаралық валюта қоры) мәліметінше, шетелдік көмектің бұл түрі Ауған экономикасын одан әрі күйретпеуге көмектеседі.

Ал талибанның АҚШ-тың алға қойған келісімшартын толықтай орындауының мүмкіндігі аз. Талибан үкіметі келісімді орындамаса, онда ешқандай халықаралық гуманитарлық көмекке ие бола алмайды. Мұндайда талибан бұл ақшаның орнын толтыру үшін есірткі сатып, жыл сайын жүздеген миллиард доллар ақша табатын көлеңкелі үкіметін іске қосады. Яғни талибан бұрынғы таз кепешін қайта киетін болады.

Қысқасы, талибанның билікке келуі жақын мезгілде Ауғанстанда уақыттық тыныштық орнатқанмен, оның инстинктісі Орталық Азияда ұзақ уақыт тыныштық орнауына мүмкіндік бермейді. Сонымен бірге Орталық Азия және Оңтүстік Азия елдерінде есірткі саудасы қайта өршиді деп болжауға болады. Сол үшін еліміз талибанның Ауғанстан билігіне қайта келуіне байланысты, ең алдымен, ел ішіндегі идеология мәселесін қайта қарау қажет. Әртүрлі діни ағымдардың әрекетін қатаң бақылауға алып, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін уағызшылардың жат ниетіне жол бермеу керек. ҚМДБ-ның (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы) орнын дұрыс сәулелендіріп, қазақтың дәстүрлі діни ұстанымын жастардың бойына сіңіруі тиіс. Сосын кез келген лаңкестік шабуылдарға қарсы тұра алатын патриот, заманауи әскери күш-қуат қалыптастыру керек. Сонда ғана елімізді Ауған төңкерісінің кері әсерінен сенімді қорғай аламыз.

Ербосын НҰРМҰХАНҰЛЫ, сарапшы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button