Шартарап

Қос Корея қырқысы

Корея түбегіндегі шиеленіс қайта күшейді. Жақында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяны Солтүстік Кореяның басты дұшпаны деп атап, өз елінің Оңтүстік Кореямен бірігуі мүмкін еместігін, Сеул өзіне қосып алу саясатын таңдап, бұл бір ұлт, бір мемлекет және екі жүйеге қайшылық жасағанын мәлімдеп, әскер мен әскери өнеркәсіп саласының мамандарына соғысқа дайындықты күшейтуге тапсырма берді.

Қаңтар айының басында Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяға жақын Пэннендо және Енпхендо аралдарына қарай артиллериялық 200 снаряд атты. Оңтүстік Корея әскері Пхеньян­ның қимылын «арандату» деп атап, жауап ретінде 400 снаряд атып, өз маневрін жасады. Бұл Оңтүстік Корея аралдарында болып отырған алғашқы оқиға емес. 2022 жылы желтоқсанда Солтүстік Кореяның жағалау артиллериясы аралдарды атқылап, кейін оқиғаны «жаттығу» деп атаған. 2010 жылы қарашада Енпхендо аралында Солтүстік және Оңтүстік Корея әскері арасында атыс болып, адам өлімі де болған.

Корея түбегіндегі жағдайдың күрт шиеленісуіне Оңтүстік Корея мен Америка Құрама Штаттарының Солтүстік Кореяға қарсы тежеу стратегияларын қайта қарап, «Арнайы тежеу стратегиясы» деп аталатын құжатқа қол қоюы мұрындық болды. Осыдан кейін Солтүстік Корея басшысы «АҚШ-тың мақсаты – біздің ядролық қаруымызды жою ғана емес, сайып келгенде, ядролық күшімізді жою, өз-өзімізді қорғау құқығынан бас тартуға мәжбүрлеу, кез келген уақытта режимімізді құлату үшін бізді әлсірету» деп мәлімдеп, ядролық қарудан бас тартпайтынын қайталай аңғартты.

Өткен жылы қараша айының соңында Солтүстік Корея алғаш рет барлау спутнигін сәтті ұшырғанын жариялады. Бұл – Солтүстік Корея үшін 2016 жылдан бергі алғашқы сәтті орбиталық ұшыру. Оңтүстік Корея барлау қызметінің өкілдері зымыранның жаңа нұсқасында Ресейден алған технологияларға негізделген қозғалтқыш қолданылғанын мәлімдеді. АҚШ КХДР-дың ғарышқа спутник ұшыруын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан енгізілген санкцияларды өрескел бұзу деп атады.

АҚШ Ресей мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынастың күшеюіне алаңдаушылық танытып отыр. Өйткені Пхеньян Ресейден алған ғарыш техникаларының өтеуіне бір миллион дана снаряд, сондай-ақ орта қашықтыққа атылатын зымырандар берген. Бұл онсыз да шешілмей жатқан Шығыс Еуропадағы шиеленісті одан сайын күшейтті. Жуырда Солтүстік Корея тағы да Ресейге тактикалық ракета кешендері мен баллистикалық ракеталарын тасымалдаған. Ақ үй өкілінің сөзінше, Ресей 30 желтоқсан және 2 қаңтарда Украинаға жаппай соққы жасаған кезде солтүстік­кореялық ракеталарды пайдаланған. Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Ресей Солтүстік Кореядан баллистикалық ракеталар мен тиісті қондырғыларын сатып алған болуы мүмкін деп хабарлаған.  Солтүстік Кореяда кеңестік үлгідегі Р-17 ракета кешендері бар. Ол қазір «Хвасон-6» деп аталады. Сарапшылар ол 500-1300 шақырымға ұшуы мүмкін деп санайды. Батыс басылымдарының мәліметіне қарағанда, Ресей Солтүстік Кореядан 50-ге жуық баллистикалық зымыран алған. Егер оның саны бұдан да көбейсе, онда Украинаның әуе шабуылынан қорғану қуаты тіпті әлсірей түсуі ықтимал.

Сарапшылар соңғы жылдары Солтүстік Кореяда ішкі мәселелердің (соның ішінде экономиканың тоқырауы, азық-түлік пен мұнайдың жетіспеушілігі) күшеюіне, сондай-ақ, дипломатиялық сәтсіздіктерге байланысты (халықаралық санкциялардан құтыла алмауына байланысты) Пхеньян өз ұстанымын өзгертті. Бұл елдің Ресеймен жасасқан тығыз қарым-қатынасы, соның ішінде артиллериялық снарядтар мен зымырандарды жеткізуі халықаралық саяси ойынды белгілі дәрежеде өзгертуі мүмкін деген пікірде.

Қазір екі Корея да шекараға әскерін топтап, бес қаруын сайлап жанталасуда. Дегенмен көптеген маман Ким Чен Ынның түпкі мақсаты Оңтүстік Кореямен соғысу емес, керісінше, қару-жарақты қысқарту туралы келісімді алға тарта отырып, Вашингтонды өз елін ядролық держава ретінде тануға мәжбүрлеу деп санайды. Өйткені ең сезімтал саяси сәттерде жауларын мазалау – Солтүстік Кореяның кәнігі әдеті. Биыл АҚШ та, Оңтүстік Корея да сайлау өткізеді. Солтүстік Корея осы сәтті пайдаланып, аз да болса тиімділіктерге қол жеткізгісі келеді. Мәселен, 2012 жылдың соңында АҚШ пен Оңтүстік Корея­дағы президент сайлауы кезінде Солтүстік Корея ұзақ қашықтыққа атылатын зымыран ұшырса, 2013 жылы Оңтүстік Корея көшбасшысы қызметіне кірісерден бірер апта бұрын ядролық сынақ өткізді, 2016 жылы АҚШ-тың президент сайлауына екі ай қалғанда тағы да ядролық сынақ жасап, әлемді дүрліктірген болатын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button