Басты ақпаратШартарап

Әлемдік текетірес ушығып барады

Әлемдік жағдай ушығып барады. Шығыс Еуропаның шырқын кетірген Ресей – Украина соғысы ұзаққа созылатыны байқалса, Таяу Шығыстағы шиеленістің де тез арада шешілетін түрі жоқ. Оның үстіне АҚШ-тың йемендік хусейттерге соққы беруі, Иранның Ирак, Сирия аумағындағы АҚШ нысандарына шабуыл жасауы онсыз да оқ-дәрі иісі мүңкіген Таяу шығыстың жағдайын тіпті күрделендіріп жіберді.

Иран мен АҚШ арасы қалай болады?

Иран қарулы күштері 15 қаңтардағы түнде Ирактың Эрбиль қаласы мен Сирия аумағындағы бірнеше нысанын соққының астына алды. Кейбір деректерде Эрбильдегі АҚШ-тың елшілігі және әскери базасына да соққы жасалғаны айтылуда. Бірақ Вашингтон бұл ақпаратты жоққа шығарып, «Иранның зымыран соққылары нақты нысанаға тимеді, шабуылда АҚШ-тың ешқандай нысанына зақым келген жоқ» деп мәлімдеді. Соңғы деректерге қарағанда Иран тарапы күрд жасақтарының штабына соққы жасап, шабуылдан Empire және Falcon Group компанияларының басшысы, күрд азаматы Пешрав Дзейи көз жұмғаны мәлім болды. Дзейи Израиль арнайы күштерімен және Ирактағы күрд жасақтарымен тығыз байланыста болған деген күдік бар.

Иранның бұл соққысына АҚШ-тың қандай әрекетке баратыны белгісіз. Ал Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Хусейн Амир болса: «КСИР-дің Ирак пен Сирия жерлеріндегі АҚШ нысандарына соққысы – елдің егемендігін қорғау мақсатында жасалды» деп мәлімдеді.

Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс басталғалы АҚШ пен Иран арасындағы текетірес те күшейді. Израиль күштері Газа аумағына басып кіргеннен кейін АҚШ-тың екі бірдей ұшақ таситын алып кемесін Жерорта теңізіне жіберуі де Иранға сес көрсету дейді мамандар. Дегенмен Иран соғысқа тікелей араласпағанмен, ХАМАС-ты, хуситтерді, ливандық Хезболла ұйымын қолдайтыны бесенеден белгілі. Жақында Иранның жоғарғы көсемі Аятолла Хаменеи хуситтерге «АҚШ кемелеріне шабуылды тоқтатпаңдар» деп ашық үндеу де жасады.

Сондай-ақ Иран 16 қаңтар күні Пәкістан аумағына да соққы жасап, Белуджистан аймағындағы сунниттерден құралған, Иран билігіне қарсы топ- «Жейш-әль-Адл» ұйымының нысанын жойды.

АҚШ неге хуситтерге соққы берді?

Израиль армиясы Газа секторында қан-қасап қырғын жасап жатқан кезде Ирак, Сирия елдеріндегі қарулы топтар Израиль мен АҚШ-қа сес көрсетіп, палестина мұсылмандары үшін кек аламыз деп даурықты. Ал иемендік хуситтер болса, Қызыл теңіз арқылы Израильді бетке алған кемелерге шабуыл жасай бастады. Салдарынан кемелер Үміт мүйісін айналып өтуге мәжбүр болды, тасымал ақысы күрт қымбаттады. Сонымен, АҚШ бастаған арнаулы колония құрылып, хуситтерге соққы беру басталды. Ендеше, хуситтер кімдер?

Хуситтер – Иран қолдап отыр­ған Таяу Шығыстағы «қарсылық шегі» деп аталатын Израиль мен Батысқа қарсы үш альянстың
(ХАМАС, Хезболла және хуситтер) бірі. «Америкаға өлім, Израильге өлім, еврейлерге қарғыс және исламға жеңіс» дейтін мақсат ұстанатын олар Израиль мен АҚШ-ты басты жауы санайды.

Жұрттың көбі хуситтер Йемен елінің заңды қарулы жасағы деп ойлайды, ал шын мәнінде хуситтер Йеменнің солтүстігін және бірнеше ірі қаланы ғана өз бақылауында ұстап отыр. Ал халықаралық қауымдастық мойындаған Йемен билігі Адена қаласына орналасқан. Хуситтер 1990 жылдары құрылған «Ansar Allah» (Құдайдың партизандары) негізінде құрылған қарулы ұйым. 2004 жылы соғыста оққа ұшқан басшылары Хусеиді мәңгі есте сақтау үшін ұйымның аты хуситтер болып өзгерді де, содан бері әлемге «хусит қарулылары» деген атпен танымал болып келеді.

2003 жылы президент Салех Сауд Арабиясының қолдауымен хуситтерді жоймақ болған еді, бірақ хуситтер екеуіне де төтеп беріп, керісінше Йеменнің біраз аумағын бақылауына алып үлгерді. Сондай-ақ Йемен әскеріне қарсы ұлттық партизан соғысын жүргізіп, 2014 жылы Йемен астанасы Сана қаласын басып алды. Кейін БҰҰ бастаған бейбіт келіссөздер нәтиже беріп, Йеменде жағдай сәл тынышталды. Сауд Арабиясы да қақтығыстан шығу үшін хуситтермен келіссөз жүргізе бастаған еді. Енді, міне, хуситтердің Қызыл теңізге шабуылы жағдайды қайта ушықтырып жіберді.

Иранға арқа сүйеген хуситтер кемелерді дрондармен, зымырандармен атқылауды қараша айында бастады. Осылайша, олар палестиналықтар мен Хамасқа қолдау білдіріп жатыр. Және де хуситтер бұл шабуылдарды Израиль Газаны бомбалауды тоқтатқанша жалғастыра беретінін ескертіп отыр. 12 қаңтарға қараған түні АҚШ пен Британия әскерлері Қызыл теңізде кемелерді шабуылдап жатқан хуситтердің Йемендегі позицияларына әуеден де, теңізден де соққы берсе, 13 қаңтар күні Сана қаласының солтүстігіне шабуыл жасап, хуситтердің бірнеше нысанын жойды. АҚШ президенті Джо Байден хуситтерді «террористік ұйым» деп атап, Қызыл теңізге шабуылды тоқтатпаса, Пентагон да шабуылды жалғастыратынын мәлімдеді. Көп ұзамай хуситтер Қызыл теңіздегі АҚШ-тың Lаboon кемесіне екі зымыран атты. Зымыранды жойғыш ұшақ әуеде қағып түсірді. Дегенмен, әлем елдері «АҚШ бастаған елдердің хуситтерге шабуыл жасауы өңірлік жағдайды одан әрі ушықтырып жібере ме» деп алаңдайды.

Күрмеуі көп Палестина мәселесі

Палестинада қанды қырғын жүріп жатқанына 3 айдан асты. Израильдің соққысынан 24300 адам қаза тапты, мұның 10600-і – бала, 7200-і – әйел. 60 мыңнан астам адам жараланды. Израиль Солтүстік Газаны жермен-жексен етіп, енді Газаның оңтүстігінде ұрыс қимылдарын жүргізіп жатыр. 16 қаңтар күні Израиль қорғаныс министрлігі «Газаның солтүстігіндегі ұрыс қимылдары аяқталуға жақын, Израиль армиясы жуықта Египет пен Газа шекарасын бақылауға алады» деп мәлімдеді. Бұған дейін Израиль Египетке Филадельфия дәлізін бақылауға алу үшін әскери операцияны бастау жоспары туралы хабарлаған. Алайда Египет оған қарсылық білдірген еді. Бірақ соған қарамастан Израиль премьер-министрі Нетаньяху «Біз Египет шекарасына дейінгі аймақты бақылауға алмайынша, соғысты тоқтатпаймыз. Әйтпесе ХАМАС жойылмайды, Газа секторы қарусыз­дандырылмайды және оңтүстіктегі саңылау арқылы эксклавқа одан да көп қару келетін болады. Сондықтан бұл мәселені жауып тастауымыз қажет» деп мәлімдеді.

Қазір Израиль Газаның солтүстік бөлігіндегі әскери міндеттерін толық аяқтаған 36-дивизияның әскери бөлімшелерін шығара бастады. Ал ХАМАС 36-дивизияның шығарылуын «шығынының көп болуымен байланысты» деп мәлімдеді. Израиль Қорғаныс министрі 16 қаңтар күні  «Газаның солтүстігіндегі операцияны толық аяқтадық» деді. Алайда сол күні ХАМАС Израильдің оңтүстік аймағына зымыранмен шабуыл жасады. Бірнеше зымыран ашық алаңдар мен ғимараттарға түскен. Демек, Израиль ХАМАС-тың көзін құртып, Газа аумағын тыныштандыруға талпынғанымен, Иран мен Ливанның қолдауындағы ХАМАС күштері партизандық соғысқа ауысып, Израильді әбден титықтататын түрі бар.

Палестина аумағында бейбітшілік орнатудың алғы шарты – Палестина мемлекетін құру. Бұл мәселе қазір де айтылып жатыр. Алайда оған Израиль түбегейлі қарсы. Ал Палестина елі құрылмаса, қантөгіс те тоқтамайды.

Украина тығырыққа тірелді ме?

Таяу шығыстағы жағдайдың күрделенуі Украинаның сорына айналды. Өйткені ХАМАС-Израиль соғысы басталғалы Украинаның ең ірі қуатты қолдаушысы болған АҚШ бастаған елдердің назары Таяу шығысқа ауды да, Украинаға берілетін көмек те, қолдау да азайды. Байден конгрестен сұраған 106 миллиард доллардан әлі хабар жоқ. Еуроодақ та 50 миллиард еуро көмек беру мәселесін әлі шеше алмай отыр. Ал Украинаның соғысқа қажетті қару-жарағы азайып, шабуылдан қайта қорғанысқа өтуге мәжбүр.

Жақында Киевке келген Ұлыбритания премьері Сунак Украинаға 2,9 млрд еуро әскери көмек беретінін жариялады. Оған әуе қорғаныс жүйелері, зымырандар, барлау және соққы жасау дрондары, снарядтар, бронды техника кірмек. «Біз Украинаға тарихта бұрын-соңды болмаған көлемде дрондар береміз. Олар: барлаушы дрондар, соққы жасаушы дрондар мен теңіз дрондары» деп мәлімдеді Сунак.

Қазіргі уақытта Украина – Ресей күштері Украинаның шығысында қиян-кескі соғыс жүргізіп жатқанымен, екі тарап та алға жылжи алмай отыр. Дегенмен, Ресей әуе шабуылы жағынан әлі де үстем орында тұр. Жыл басынан бері әртүрлі зымырандармен, ұшқышсыз ұшақтармен Украина аумағын толассыз атқылауда. Ал Украина олардың бәрін толық қағып түсіре алмай жатыр. Украина да ұшқышсыз ұшақтарды іске қосып, Ресейдің Украинамен шекаралас және шекарадан әжептәуір алыс аумақтарына күн сайын дрон шабуылын жасауда. 16 қаңтар күні Украина Ресейдің Воронежіне дрон жорығын жасап, онда төтенше жағдай режимі енгізілгені – соның дәлелі.

Осы аптаның басында Украина қарулы күштері Азов теңізінің маңында Ресейдің А-50 және Ил-22 ұшақтарына шабуыл жасап, А-50 ұшағы теңізге құлап, Ил-22 ұшағы зақымданған күйі Ресей бақылауындағы әуежайдың біріне қонған. Іле-шала Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Залужный «Украина Қарулы күштері Ресейдің А-50 дейтін алыс қашықтықтық радиолокациялық кешені мен Ил-22 әуе басқару пунктінің көзін жойды» деп мәлімдеді. Сарапшылар мұны «Ресейдің авиациясы үшін қаралы күн» деп атады. А-50 – кеңестік кезеңде жасалған ұшақ. Ұшақ алыс қашықтыққа барлау жүргізіп, қарсы шабуыл сәтінде ескерту беру функциясын атқарады. Ресми деректер Ресейде аталмыш ұшақтың онға жетпейтін данасы қалғанын айтады. Ұшақ құны – 250-330 млн доллар арасында. АҚШ-тың Military Watch Magazine басылымы А-50 ұшақтары әуеде бір мезетте 300 нысанды анықтап, ақпаратты бір сәтте 40 жойғыш ұшаққа жібере алатынын жазды.

Қысқасы, соғысып жатқан екі жақтың да шығыны аз емес. Кімнің жеңері де белгісіз. Дегенмен, кәрі сіңір Ресей соғыс уақытын созу арқылы көздеген мүддесіне жете ме деген қауіп күшті. Ал Украина СІМ-і Дмитрий Кулеба болса: «Егер біздің қару-жарағымыз таусылса, қолымызға күрек алсақ та, соғысамыз. Себебі мәселе – біздің мемлекетіміз бар бола ма, жоқ бола ма дегенде» деп мәлімдеді.

Айтпақшы, жақында BILD басылымы Ресей мен НАТО арасында 2025 жылы қарулы қақтығыс болатыны жайлы болжам жасап, сценарийді бүге-шүгесіне дейін жазып шықты. Дәл осындай сценарийді BILD Украина соғысы болатын сәтте де жазған еді. Кейін ол шындыққа айналды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button