Басты ақпаратРуханият

Қайта оралған қазына

Жақында жарық көрген, бетіне қазақы төбет пен тазының суреті салынған ұлттық ақшамыз – теңгені жұрт жылы қабылдап жатыр. Бірер ай бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың танымал әншісі Димаш Құдайбергенге аппақ тазы сыйлаған еді. Ендеше «ит – жеті қазынаның бірі» деп білетін қазақ ұғымында тазы мен төбеттің орны қандай деген мәселені санаға салып, салмақтап көрейік.

Кеңес Одағының бір орталықтан билеу саясаты кезінде қазақ елінің ұлттық құндылықтарының көбіне аты-затымен қоса жойылып кету қаупі төнген еді. Оның арасында тазы мен төбет тұқымы да бар. Бұл туралы халық ақыны Мұхамед Исабеков былай деп жырлаған еді:

Төбет пен тазыға

басқа ит тең келе ме?

Тасбақа бауырым,

киіктей желе ме?

Сан ғасыр қазақтың

айнымас серігі,

Халқымның төріне

қайта келе ме?

«Еттің бәрі қазы болмас, иттің бәрі тазы болмас» деп түйіндеген қазақ итті жеті қазынаның біріне балаған. Ал ит тарихына енсек, адам баласы тас дәуірінен бастап итті қолға үйретуді бастаған немесе 13-15 мың жыл бұрын. Бұған тау-тастағы салынған сурет – петроглифтер куә. Белгілі ғалым Ч.Дарвин иттер туралы былай деген: «иттер – адамның методикалық сұрыптауы, будандастыру, тамақтандыру және жасанды жағдайда бағып қарау әсерінен айтарлықтай сапалы түрде өзгеруі. Адамның әсерінен иттер өте ақылды үй жануары болуымен қатар, оларға шын берілген айнымас көмекшіге де айналды». Айта кету керек, ақылды иттер аш болса да бөтен адамның берген тамағын жемейді және иесіне өлгенше адал қызмет етеді. Ит жылы туған адамдар көбінесе мемлекетке адал қызмет атқарып, жемқорлық жолына түспейді екен. Иттердің иесіне адалдығы туралы талай аңыз-әңгіме мен көркем фильм шыққан. Шетелдерде қожайынына адалдығын танытқан иттерге ескерткіш те қойылған. Әлемде ит тұқымының 100 түрі бар екен. Иттер 2500 иістің түрін ажырата алады. Дыбыс тербелісін құлақ есту мүшесі арқылы жиілігі 90 кГц дыбысты ажырата алады, ал адамның есту аппараты – 20/60 кГц-ға дейін.

Тазылар – ит тұқымдары ішіндегі аңшылыққа ғана бейім ерекше тұқым, ол қараға, малға, адамға үрмейді. Суыққа шыдамсыз, қыс­та үйде ұстайды. Басқа иттерге қарағанда тазылар өзіне ұқыпты, таза. Таза текті тазылар құлағының ұзындығы 12-14 см-ге дейін жетеді

Тазы – сүйек бітімі нәзік, сирақтары ұзын, жүні тықыр, аң алатын жүйрік ит тұқымы. Тазының сыны аттың сыны сияқты өте күрделі, ол тазының тұқымына, түріне, мекендеген жеріне, жағрапиялық ортасының ерекшелігіне байланысты болады. Жүйрік тазыларды сынағанда мынау жыланбас, түлкі тұмсық, қасқыр шеке екен немесе теріс азу, сағақты екен, жарғақ құлақ жалықпастың өзі екен, салқы төс кеудесі, шынтағы қабырғадан жеке тұр екен. Сүйектері буынды, жұмыр кең қабырға, қысқа бел, шоқпар сан, арты маймақ, жүнді аяқ, жұмыр табан деп баға беріп отырған. Тазылар таза қандылығымен ерекшеленеді. Қырандығы жағынан – құмай, құмай тазы; таза қандылығы мен түгі жағынан – құны, құны тазы; шаталығына қарай дүрегей, дүрегей тазы деп аталады. Жүн, түгіне қарай құны, тықыр, сабалақ, жарғақ құлақ, дүрегей түкті деп жіктейді. Кескін-келбеті, сүйек бітімі жағынан таулы, адыр, жон, орманды өңірлерде шәпеті шағырлау сүйектілері кезігеді.

Тазылар – ит тұқымдары ішіндегі аңшылыққа ғана бейім ерекше тұқым, ол қараға, малға, адамға үрмейді. Суыққа шыдамсыз, қыста үйде ұстайды. Басқа иттерге қарағанда тазылар өзіне ұқыпты, таза. Таза текті тазылар құлағының ұзындығы 12-14 см-ге дейін жетеді.

Ұшқыр тазылар сағатына 80 шақырым жылдамдыққа жүгіре алады, бұл қабыланның жылдамдығына тең. Тазы мінезі жуас, әдетте, ашу шақырмайтын байсалды, ал егер де ашу шақырса, аянбайтын жыртқыш. Деректерге қарағанда, 1938 жылы қазақ елінде 4200 таза текті тазы болған.

Ал төбет – көшпенді өмір тарихының құнды жәдігері. Қазақ ұлтының отырықшы мәдениеті тұсында жоғалып кету қаупі төнді. Ол – қиырды шалған өте қырағы күзетші және көшпенді елдің басты байлығы. Бұл иттердің тарихы 4 мың жылдан асады. XII ғасырда саяхатшы Марко Поло қазақ жері туралы жазбаларында төбет ит туралы: «қазақтарға та­йыншадай биік кесек денелі иттер – тағы аңды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда адамдарға тамаша серік» деп жазады. Қазақстанда таза қанды төбетті табу мыңнан бірі ғана кезігеді. Төбет иттердің тұқымы Моңғолияда тұратын қандастарымызда сақталған.

Қазақы төбеттердің орташа тұрқы 70-80 см-ге дейін болады, салмағы – 50-70 келі. Жүнінің ұзындығы 10 см-ге дейін жетеді. Суыққа төзімді, тоңбайды. Төбет иттер иесіне өте адал, ақылды және жүректі, батыл болады. Төбет деген атау «төбе ит» деген атаудан қалыптасқан болуы да ықтимал. Себебі бұл иттер қораның төбесіне немесе биіктеу дөңге шығып жатуға әуес

Қазақы төбеттердің орташа тұрқы 70-80 см-ге дейін болады, салмағы – 50-70 келі. Жүнінің ұзындығы 10 см-ге дейін жетеді. Суыққа төзімді, тоңбайды. Төбет иттер иесіне өте адал, ақылды және жүректі, батыл болады. Төбет деген атау «төбе ит» деген атаудан қалыптасқан болуы да ықтимал. Себебі бұл иттер қораның төбесіне немесе биіктеу дөңге шығып жатуға әуес.

Төбет ит туралы, көшпенді елдің малын ит-құстан аман сақтауда және адалдық пен ерліктері жайлы талай аңыз, әңгіме бар. Қазіргі Жаңа Қазақстан арқасында жоғалудың алдында тұрған ұлттық құндылықтарымыз қайта қазағымызға қайтып келуіне жағдай жасалып жатыр. Ендігі міндет осы ұлтымыздың қазынасы – тазы мен төбетті бүкіл дүние жүзіне әйгілі етіп, өзінің тиісті орнын алуға атсалысуға жағдай туып отыр. Бұл – өте ауқымды жұмыс, аталған иттерге селекция жұмысын жүргізіп, ұлт генофондын қалыптастыруға Үкімет арнаулы қаражат бөліп отыр. Бұл ауқымды іске кәсіби білімі бар жастар аянбай атсалысқаны дұрыс.

Игілік ӘМІРҒАЛИН,

Астана қаласы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button