Басты ақпаратИмантаразы

Діни сауатсыздық – қоғам дерті

Радикалды көзқарастағы адамдардың сырт келбетіне қарап баға бере алмаймыз. Деструктивті діни ағым өкілдерін сыртқы белгілеріне қарап танудың да, радикалды идеологияның құрбанын анықтаудың да өз қиындығы бар. Оларды жынысына, жасына немесе нәсіліне қарап бөле алмаймыз.

Бұрын қоғам оларды сырт келбетіне қарап үркей қарайтын еді, қазір біреуді киіміне немесе сыртқы имиджіне қарап сөйлеу – қате. Қазақта «адам аласы ішінде» деп бекер айтпаса керек. Адамның пиғылы әртүрлі. Өзім діндерді зерттеу орталығында қызмет етіп жатқаныма 4 жылдан асыпты. Осы жылдар арасында радикалды көзқарастағы адамдардың заманға сай адаптациядан өткені байқалады. Әлеуметтік желіні, адамдармен қарым-қатынас формасын өзгерткен. Мысалы, бұрын деструктивті дін өкілдері мемлекеттің басқару жүйесіне қарсы екенін ашық айтатын, намаз оқымайтындарды «харамға» балап немесе агрессивті көзқарасын жасырмайтын. Соңғы кездерде әлеуметтік желілерде сұхбаттарды зерттей келе, радикалды көзқарастағы азаматтар сөздерін сүзгіден өткізіп, кейбір сұрақтардан қашқалақтап, сақтық білдіретініне көзім жетті. Тек адамдарға діни ақпаратты белгісіз адамдардан тыңдамай, ресми ақпарат көзінен алса екен деген кеңес береміз.

Осы тұрғыда жүргізілген өткен 2023 жылдың іс-шараларын қорытындыласақ, дінге деген ықылас, осы саладағы қызметке деген қызығушылық әрқашан жоғары. Сол себепті бұл саланың қызығы мен шыжығы көп. Діни ахуал тұрақты, дейтұрғанмен арқаны кеңге салып, жұмысты доғаруға болмайды. Қоғам бар жерде дін бар, ал дін атын жамылғандар адамдар арасына іріткі салуы әбден мүмкін. Жыл бойы қалалық Дін істері басқармасымен бірге біз ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргіздік. Мысалы, 2023 жылы Астана қаласы тұрғындарына 750-ден аса лекция оқылып, 26 мыңнан астам адамды қамтыдық. Қоғамның әртүрлі саласында қызмет ететін адамдармен жолығып, кездесулер өткіздік. Әсіресе жастармен кездесуге басымдық береміз. Одан бөлек, қазір әлеуметтік желілер заманы болғандықтан, біз де заман ағымынан шет қалмай, танымдық подкасттар мен видеоматериалдар түсіреміз. Орталықтың қызметі елордадағы дін мәселелерін, діни бірлестіктер қызметіне, діни білім алу мәселелерін, діни ахуалды зерделеуге бағытталған. Жұмыс барысын жетілдіру үшін жыл бастала салысымен үздік деген ма­мандар қайта іріктеліп, ақпараттық түсіндіру тобын жаңартамыз. Бұл да қоғамның діни сауатын арттыру мақсатында жасалып жатқан бірқатар жұмыс.

Ендігі әңгіменің ұштығы халыққа діни мәселелер бойынша алаңдауға себеп бар ма, жоқ па деп ашық айта аламыз ба? Жалпы алғанда, әрбір адам өзінің өміріне және таңдауына өзі жауапты. Дейтұрғанмен біз өз тарапымыздан дұрыс бағыт көрсетуге барымызды саламыз. Біздің негізгі жұмысымыз елордада, басқа өңірлермен де тығыз байланыстамыз. Осы жерде айтқым келетіні, жау айтып келмейді. Біз әркез сақ болғанымыз жөн. Қашанда еліміздің іргесі биік болып, қоғам нығаюы үшін әрбір ел азаматы өзінің күшін салу керек. Біз қазір тек дін саласын айтып тұрмыз. Бірақ халықтың әлеуметтік, психологиялық жағдайына да мән беру керек. Барлық сала бір-бірімен тығыз байланысты. Адамдар жан-жақты, сыни ойлана білсе, діннен мәселе туындамас еді. Діни сауатсыздық – қоғам дерті. Сондықтан жастарымыз дін атын жамылған белгісіз тұлғаларды тыңдауын қойса, ақпаратты сүзгіден өткізе алатын дәрежеге жетсе деп тілейміз.

Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Осы қағиданы адамдар кейде ұмыт қалдырады. Былтыр дін саласы бойынша бірқатар құқық бұзушылық орын алды. Солардың бірі – интернетте заңсыз кітап сату. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабына сәйкес, діни мазмұндағы кез келген материалды басып шығару немесе тарату құқық бұзушылыққа әкелетінін көбі біле бермейді. Сондай-ақ кез келген миссионерлік қызметті заңсыз жүргізу, заңды діни қызметке кедергі келтіру, рұқсатсыз діни жоралғылар жүргізу, діни бірлестіктердің саяси қызметке араласуы 50-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады. Бұл ақпаратты әрбір адам білуі керек деп ойлаймын.

Алмас ЕРНАЗАРОВ, Астана қаласы

діндерді зерттеу орталығының директоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button