Басты ақпаратШартарап

Ұзаққа созылатын соғыс

Украина мен Ресейдің соғысып жатқанына 2 жылға таяды. Ресей Қарулы Күштері бастапқыда Киевтің түбіне дейін екпіндеп барғанымен, жарты жылдан кейін шегіне соғысып, Днепр өзенінің шығыс жағалауына дейін ығысты. Дегенмен, Украинаның 20 пайызға жуық аумағы – әлі де Ресей күштерінің бақылауында. Маусым айында басталған Украина армиясының қарымта шабуылы да көздеген нәтижеге қол жеткізе алмады. Қазір соғыс позициялық кезеңге өтті. Яғни соғыс­тың ұзаққа созылатыны анық.

Қарымта шабуылдан қайыр жоқ

Қараша айының соңында Украина президенті Зеленский Украина армиясының соғыс тактикасын өзгертетінін мәлімдеді. «Украина қарымта шабуыл барысында қалаған мақсаттарға қол жеткізе алмады. Біз жылдам нәтижеге қол жеткіземіз деп ойладық. Оның үстіне, Украина одақтастардан қажетті көлемде қару мен оқ-дәрі алмады, жасақ санының шектеу­лі болуы да жылдам қозғалуға мүмкіндікті азайтты. Сондықтан біз стратегияны өзгертіп, кеткен қателікті сараптаудамыз. Алдағы операциялар басқаша болады» деді ол.

Жақында «The Washington Post» газеті Украина мен Ресей соғысына талдау жасаған мақала жариялады. Мақалада «Украина Қарулы Күштері жазғы шабуыл кезінде Азов теңізіне дейін жете алмай, алға қойған мақсаттары орындалмады. Оған операцияны жоспарлау кезіндегі Украина Қарулы Күштерінің басшылығы мен Батыстағы одақтас­тарымен келіспеушілігі себеп болғаны» атап көрсетілді.

АҚШ-тың белді басылымының дерегіне қарағанда, Америка мен Украина әскери қызметкерлерінің арасында тек тактикалық жақтан ғана емес, стратегиялық мәселелер бойынша да елеулі келіспеушілік болған. Мәселен, Пентагон операцияны мейлінше жылдам, яғни Ресей әскері қорғанысын мығымдап үлгергенше сәуір айында бастауды ұсынған. Украина қолбасшылары қару-жарақты көбірек алып, оны әскерге үйретуге көбірек уақыт бөлу керек, шабуылды содан кейін бастаған дұрыс деген ұстанымда болған. Сондай-ақ Американың да, Украинаның да әскери қызметкерлері Ресей әскерінің қорғаныс мүмкіндігін лайықты бағаламаған, олардың жаппай миналап, үлкен шығынға ұшыраса да соғысқа шыға беретінін ескермеген.

«The New York Times» газеті тамызда Украинадағы соғыстың бір жарым жылында екі тараптан

500 000

әскер қаза тапты деген

Қазан айында Ресей әскері Донецк облысындағы Авдеевкаға шабуыл бастаған соң Украинаның Запорожье облысындағы негізгі шабуыл күші – 47-бригада сонда ауыстырылған. «Washington Post» жазуынша, бұл – Украина шабуылының тоқтағандығының белгісі.

Украина Қарулы Күштерінің бас қолбасшысы генерал Валерий Залужный да «The Economist» басылымына берген сұхбатында майдандағы жағдайдың тығырыққа тірелгенін мойындап, Украина соғыс­тың жаңа деңгейіне өтуге мәжбүр екенін, соғыстың ұзаққа созылатынын, Батыс пен АҚШ көмекті үзген күнде де соғыс позициялық әдіспен жалғасатынын атап өтті.

Демек, Зеленский де, генерал Залужный да көмек келмеген күнде де соғыс тоқтамайтынын меңзеп отыр. Ал Ресей ұзақ соғысуға әлдеқашан бекініп болған. Украина болса, соғысты өз жерін беріп аяқтағысы келмейді.

Шығын да аз емес…

Қазіргі уақытта соғыс екі тарап үшін де күрделі болып тұр, нақтылап айтқанда, екі жақ та тығырыққа тірелді. Украина соғыс басталғаннан бері батыстың көмегіне арқа сүйеп отыр. Егер Батыстың көмегі болмағанда, Украина қазіргідей ұзақ уақыт қарсылық көрсете алмай, Ресей бірер айда көздеген мақсатына жетіп, соғыс әлдеқашан аяқталған болар еді. Бірақ соғыс Ресей мүлде ойламаған бағытта өрбіді. Өйткені Ресей Украинаға әскер кіргізгенде 2008 жылғы Грузиядағы жағдай қайталанады деп ойлады, Украина халқы қатты қарсылық көрсетеді деп мүлде ойлаған жоқ. Осы немқұрайдылық салдарынан Ресей де ауыр шығынға батты.

Украина қарулы күштерінің бас штабы 5 желтоқсан күні «Ресей Украинаға соғыс ашқалы 333 840 әскерінен айырылды» деп мәлімдеді. Бұл қаза тапқандар мен жараланғандарды да қамтиды. Сонымен қатар, Украина қарулы күштері 2022 жылдың 24 ақпанынан бері Ресейдің 5587 танкісін, 10416 сауытты көлігін, 7987 артиллериялық жүйесін, 605 ракетаға қарсы құрылғысын, 323 ұшақ, 324 тікұшағын, 10483 автомашинасын және 22 кеме/катерін, бір сүңгуір кемесін қираттық деп отыр. Украина тарабының мәліметінше, Ресей 4 желтоқсанның өзінде 1030 солдатынан айырылған. Әрине, сұрапыл соғыс кезеңінде мұндай деректерді нақтылау қиын. Оның үстіне, Киевтің бұл дерегіне қатыс­ты Ресей Қорғаныс министрлігі ешқандай мәлімдеме жасамады.

Соғыс басталғаннан бері екі тарап та майдандағы өз шығындары жайлы толық ақпарат бермей отыр. Мәскеу бір жыл бұрын 5937 солдатынан айырылғанын айтты да,  одан кейін ешқандай мәлімет жарияламады. Ал Киев болса, жалпы шығынын соғыс аяқталғаннан кейін жариялаймыз деп отыр.

27 қарашада Британия барлау­шылары «кейінгі алты аптада Ресей ең көп шығынға ұшырады. Бұған Ресейдің Авдеевкаға шабуылы себеп болды» деп мәлімдесе, «The New York Times» газеті тамызда Украинадағы соғыстың бір жарым жылында екі тараптан 500 мың әскер қаза тапты деп жазған еді. Ал соғыстың екі елге салған экономикалық зиянын қазір дәп басып айту қиын. Киев экономика институты соғыстың Украинаға салған ойраны 150 миллиард АҚШ долларынан асып кетті деп отыр. Халықаралық валюта қоры 2023 жылдың сәуірінде соғыс салдарынан Ресей экономикасының өсімі 2022 жылы 2,1%-ға төмендеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,3%-ға дейін жетеді деп мәлімдеді.

Көмек те кеміді

Осыдан бірнеше күн бұрын НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг одақтас елдерге «Украина жақтан жағымсыз хабарлар естуге дайын болыңдар!» деп ескерту жасады. Бас хатшының айтуынша, НАТО мүшелері Украинаға береміз деп уәде еткен қажетті қару-жарақты жеткізіп бере алмаған. Атап айт­қанда, өткен жылы АҚШ бастаған батыс елдері Украинаға бір миллион данадан астам снаряд жеткіземіз деп Украинаны көже буаз қылып, қазірге дейін мұның 300 мыңы ғана жеткізілген. Демек, батыс елдерінің Украинаға көмек көрсетуде айтуы мен уәде еткен қаруын уағында жеткізуі екі түрлі болып тұр. Оның үстіне, Одақтас елдердің қоймаларындағы қару-жарақ та азайды. Қару-жарақ өндірісін арттырып, көмекті күшейтеміз дегенмен, бұл уәде де күн өткен сайын сиыр құймышақтап барады.

«Жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегендей, Таяу шығыстағы жағдайдың күрт ушығуы да Украинаға «жығылғанға жұдырық» боп тиді. Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға қарсы әскери операция­ны бастағаннан бері АҚШ Украинаның ең ірі қолдаушысы болып, Украинаға 100 миллиард доллар әскери көмек көрсетті, оның 43 млрд-ы қару-жарақ түрінде берілді. Қазан айында АҚШ президенті Джо Байден АҚШ Конгресінен Украина мен Израильге қолдау көрсету үшін қауіпсіздікке 105 миллиард доллар бөлуді мақұлдауды сұрады. Алайда Конгрестегі оңшыл республикашылар Украина үшін қосымша қаражатты мақұлдауға қарсылық танытып, тек Израильге ғана көмек көрсетсек деген сыңай танытты. Дегенмен, кейін бұл құжат кері қайтарылып, көмек көрсету көлеміне Украинаны да қамту талап етілді. Қазіргі уақытта АҚШ Конгресі Украина мен Израильге қосымша көмек ретінде 61 миллиард АҚШ долларын бөлді. Бірақ 4 желтоқсан күні Ақ үй АҚШ Конгресіне Украинаға көмек көрсетуге арналған қаражат жыл соңына дейін таусылатынын ескертті. Ал ЕО Украинаға 50 миллиард еуро (шамамен 54 миллиард АҚШ доллары) көмек беру мәселесінде қазірге дейін келісімге келе алмай отыр. Оған Венгрия қарсылық білдіруде.

Жаңа қауіп төбе көрсетті

Ресей президенті Владимир Путин өткен жұма күні Ресей әскерінің санын 1,32 миллионға дейін көбейтуге мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды. Бұған Украинадағы соғысқа байланысты қауіптер себеп болды. Сонымен Кремльдің мәліметі бойынша, Ресей Қарулы Күштерінің жалпы саны 2 209 130-ға жетті. Мұның қаншасы Украина соғысына қатысып жатқаны белгісіз. Бірақ әскерінің көптігіне қарамастан Ресей еріктілерді де, шетел азаматтарын да соғысқа тартып жатыр. Ал Украина тарапы соғыс басталған кезде бір миллион азаматты соғысқа жұмылдыруға мүмкіндігіміз бар деп мәлімдегенімен, қазір алдыңғы шепте әскер санының тапшылығы да сезіле бастады. Оның үстіне, 2 жылға жуық қанды қырғын соғыс Украина әскерлерін де әбден қалжыратты.

Келер жылы Ресейде де, Украинада да президент сайлауы өтуі тиіс. Алайда Украина президенті Зеленский «қазір сайлау өткізіп, саяси шу жасайтын кезең емес» деп оны өткізуден бас тартты. Зеленскийдің бұл шешімі Украина билік басындағылар арасындағы билік таласы мен алауыздықты күшейткен. Соның бір көрінісі ретінде Киев қаласының мэрі   Кличконың Зеленскийге қарсы әлемдік бірнеше танымал сайт пен газетке сұхбат беріп, Украина басшысын айыптап, оны автократ деп атағанын айтсақ та жеткілікті секілді. Осы дау-дамайдан бұрын, Зеленский «Ресей соғысып жеңе алмасына көзі жеткеннен кейін, енді жымысқы тәсілге көшті. Олар бізді іштен ірітіп, елімізде төңкеріс жасамақ» деп мәлімдеген болатын. Батыс басылымдары Украина бас барлаушысының әйелінің улануы Зеленскиймен қатысты деген мақала да жариялады. Демек, Украинада ішкі қайшылық, ішкі қақтығыс елесі де кезіп жүр.

Ал Ресей болса, Ираннан, Солтүстік Кореядан қару-жарық алумен қатар, өңірлік қайшылықтарды асқындырып, АҚШ-ты Украина мәселесіне мойын бұра алмайтындай күйге түсіруге тырысып бағуда. «Ресей біздің досымыз» деп мәлімдеген ХАМАС-тың Израильге соғыс ашуы да жағдайды көп өзгертті. Венесуэла мен Гайана арасындағы жағдай да күрт ушығуы мүмкін.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button