Басты ақпаратМәселе

Суицидтің себебі неде?

Астанада соңғы 5 жылда жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына қатысты 429 оқиға тіркелген. 2023 жылдың 9 айын­да астаналық 83 жасөспірім өмірмен қош айтысуға іс-әрекет жасаған. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың 9 айындағы статистикамен салыс­тырғанда 12 есеге көп. Өкініштісі сол, биыл 8 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Мұндай дерек біздің қоғамда жасөспірімдер арасындағы суицидтің өршіп бара жатқанын көрсетеді.

Кім кінәлі?

Салыстырмалы статистиканы сөйлетер болсақ, елордада суицидке қатысты 2014 жылы 16 оқиға, 2015 жылы 20 оқиға тіркелген. 2016 жылдың қаңтар-ақпан айларында 5 оқиға болып, оның 1-еуі жасөспірім өлімімен аяқталған. Қоғамның төбе шашын тік тұрғызған осы мәселенің мәнісіне терең үңілмек болып, шағын зерттеу жүргіздік.

Сарыарқа аудандық прокуратурасының қызметкері Жаңагүл Дәрібаева суицидке көбінесе отбасы-тұрмыс мәселесі себеп болатынын айтады.

«Мектепте психолог пен мұғалім оқушылармен жұмыс істейді. Өкініштісі сол, мектеп психологы мазасызданған баланы көргенмен, оны шұғыл көмек көрсету бөлмесіне апара алмайды. Ол жолдама береді, бірақ апару-апармау ата-анасының өз еркінде. Шындығына келсек, көптеген ата-ана бұған немқұрайды қарайды. Сол себептен ата-аналарға дәріс жүргіземіз. Біз әлеуметтік желілерге, әртүрлі сайтқа үнемі мониторинг жүргіземіз. Мысалы, өзіміз ВКонтакте, Facebook, Instagram сияқты әлеуметтік желілерде тіркелгенбіз. Суицидті насихаттайтын сайттарды көп анықтаймыз. Әуелі сол сайтты қолданушы кім екенін білу үшін өзіміз тіркелеміз. Жетекшісімен виртуалды әлемде «достасамыз». Егер сол топ, шынында, суицидті немесе қандай да бір сексуалды бейнематериалды насихаттайтынына көз жеткізсек, өзімізден жоғары тұрған прокуратураға хат жазамыз немесе сотқа шағым түсіреміз. Прокуратура мен сот әлгі сайтты не әлеуметтік желідегі парақшаны жабады. Мәселен, «ВКонтакте» желісіндегі топқа қатысты ақпаратты мектеп директорларына жеткіздік» дейді ол.

Психолог-маман Бақытгүл Рымтайқызы жасөспірімнің өзіне қол салуына қоғамның еті өліп бара жатқанына алаңдайды.

Елордада суицидке қатысты 2014 жылы 16 оқиға, 2015 жылы 20 оқиға тіркелген. 2016 жылдың қаңтар-ақпан айларында 5 оқиға болып, оның 1-еуі жасөспірім өлімімен аяқталған

«Меніңше, ең алдымен, бұған компьютердегі ойындар кінәлі. Қазір интернетте баланы қатыгездікке, жауыздыққа үйрететін ойындардың түрі көп. Бұл баланың ойлауын тежейді. Қияли етеді. Ойында қатыгез кейіпкерден ұтылып қалса, қатты қиналады. Компьютер әлеміне кіріп кеткен бала сыртқы ортамен байланысын үзеді. Өз әлемінде өмір сүреді. Ондай бала­ның сыныпта досы болмайды. Ал жұмысбасты ата-ана бұған көңіл бөлмейді. Әсіресе толық емес отбасынан шыққан бала осыған бейім. Қазір қыз бала «Монстер Хай» қуыршағымен, ұл бала «Человек-паукпен» ойнайды. Суретін салып, макетін жасайды. Қатыгез кейіпкерге ұқсағысы келеді. Меніңше, баланың көңілін басқаға бұру керек. Компьютерде баланы мейірімді, қайырымды болуға тәрбиелейтін ойындар жасап шығарсақ. Қазақ кейіпкері бар көп мультфильм шығару керек. Сонда біз баланы, жасөспірімді жаман нәрседен құтқара аламыз» дейді ол.

Ұлттық тәрбиеге оралайық!

Астанадағы №35 мектеп-­лицейдің мұғалімі Алтынай Теміртасқызы мұндай жамандықты болдырмау үшін екі нәрсеге көңіл бөлу қажет екенін айтады.

«Біріншісі – отбасындағы ұлттық тәрбиеге оралу. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп қазақ бекер айтпаған. Әкесі ұлының, анасы қызының тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлсін. Қыз бала анасымен сырлас болуы керек. Шешесі оның болашақ ана екенін құлағына құйып отыруы тиіс. Қазіргі баланың мінезі тұрақсыз. Шырт етіп тез ренжіп қалады. Ондайда ерекше көңілмен қараймыз. Қиын отбасынан шыққан баланың психологиясы бұзылады. Мұндайда ата-ана мен мұғалім, психолог пен инспектор бірлесіп жұмыс істегені жөн. Біз әдеп, иман мәселесін тәрбие сағатында көп әңгімелейміз. Мүмкін, арнайы сағат бөлу керек шығар. Екіншісі – мемлекет деңгейінде жүзеге асырылатын іс-шаралар. Қазір қит етсе суицидке ата-ана мұғалімді, мұғалім ата-ананы кінәлап жатады. Бұл дұрыс емес. Теледидар, интернет баланы бұзатын жаман нәрсеге толып тұрғанда оған тосқауыл қою қиын. Меніңше, интернеттен адам өлтіруді, асылып қалуды, жабайы эротиканы көрсететін киноға тыйым салатын кез жетті. Жалаңаш тәнді, ұятсыз қылықты насихаттайтын көрші арналардың бәрін бұғаттап тас­тау керек. Қалың көрермен ынтығып көретін түрік, үнді, кәріс топтамасы да ұлттық тәрбиеге кері әсер етеді. Оның орнына тәрбиелік мәні бар мультфильм, қазақша кино қойған абзал. Сонда суицид деген сұмдық сөзді аз еститін боламыз» деген пікірімен бөлісті педагог.

№35 мектеп-лицейдің ұстазы Жанат Құсайынқызы суицид деген сұмдыққа бала ұрынбас үшін қазақ тіліндегі отбасы арналарын ашуымыз керек деген пікірде.

«Біздегі күрделі мәселенің бірі – балаға, жасөспірімге, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беретін жеке арнаның жоғы. «Балапан» арнасы сұранысты толық қамтамасыз етпейді. Суицид деген сұмдыққа бала ұрынбас үшін қазақ тіліндегі отбасы арналарын ашуымыз керек. Сол арнадан қазақы тәрбиеге қалай оралудың жолдарын көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі қазіргі жасөспірім теледидардан әншінің, актердің өмірін әңгімелейтін арзанқол шоудан шаршады. Оның орнына отбасы құндылығын насихаттайтын тартымды бағдарлама ашайық. Балалар қызығатын ойын-сауық, танымдық бағдарламаны көбейтуге болады ғой. Оған ата-ана мен баланы бірге қатыстырса. Жалғызбасты анаға кеңес беретін, жол нұсқайтын, жұртты жалықтырмайтын нәрсені көбірек көрсетсе деймін. Өйт­кені көбіне өзіне қол жұмсауға бейім тұратындар – толық емес отбасындағы балалар» дейді ол.

Не істеу керек?

«Құқық» қоғамдық қорының психологы Ольга Саратова көп жағдайда мұндай жамандық жасөспірімнің мінез-құлығына қатысты орын алатынына нақты мысал келтірді.

«Ең алдымен, үйдегі ата- анасы, мектептегі мұғалімі, психолог пен кәмелет жасына толмағандардың инспекторы баланың мінез-құлығын жіті қадағалауы тиіс. Ол біреумен жанжалдасты ма? Психикасы сау ма? Кейде ата-анасы жасырғанмен, ондай кемшілік жасөспірім кезінде көрініс береді. Сондай-ақ жасөспірімнің гормоналдық өзгеріске ұшырауын да ұмытпаған жөн. Демек, жасөспірім шағында бала қорғансыз. Не нәрсеге де еліктегіш келеді. Суицид орын алғаннан кейін кеш болмас үшін оның алдын алу маңызды. Ол үшін не істеу керек? Әуелі ата-ананы ақпараттандыру керек. Осы жерде суицидке бастайтын бірнеше факторды айта кетейін. Біріншіден, баланың отбасында қараусыз қалуы. Көбінесе балалар отбасында өзіне көңіл бөлінбейтініне шағымданады. Отбасын асыраймын деп ала таңнан қара кешке дейін жүгіретін ата-ана баласына қарауға мұршасы болмайды. Отбасынан жылу көрмеген бала соның орнын толтыруға ұмтылады. Жүріс-тұрысы, мінез-­құлқы өзгереді. Қандай да бір нәрсені қолдана бастайды. Екіншіден, қазір көп бала әлеуметтік желілерде отырады. Желіде қандай да бір іс-қимыл қалай жүзеге асатынын тәптіштеп көрсетеді. Сондықтан баланың қай желіде отырғанын үнемі қадағалау қажет. Оның кіммен хат жазысқанын, нені оқып-үйренгенін әке-шешесі білуі тиіс. Бұл жерде ата-ананың жауапкершілігін арттыратын әрекет керек. Олар отбасын құрып, баланы туған соң дұрыс тәрбиелеуге міндетті. Үшіншіден, отбасындағы кикілжің. Мысалы, әкесі не анасы жұмыстан босап қалып, материалдық жағдай нашарлады делік. Оның балаға әсер ететіні сөзсіз. Кейде ашушаң әке не шеше баласын ұрады. Яғни отбасындағы шиеленістен бала зардап шегеді де, суицидке ұмтылады. Төртіншіден, мектептегі жүктілік. Тығырықтан шығатын жолды таппаған жасөспірім қыз не өзінің қан тамырын кеседі, не у ішеді. Бұл – әке-шешесі толық бақылайтын нәрсе. Бесіншіден, ата-ананың өз баласына қысым жасауы. Біз кейбір жасөспірімнен: «Мен өз әкемді жек көремін» немесе «Мен өз анамды жек көремін» деген сөзді естиміз. Кейбір ата-ана баласын жас күнінде өзі қолы жетпеген нәрсеге баруға мәжбүрлейді. Ондай қысымға қарсылық білдіргісі келген бала жамандыққа ұрынуы мүмкін. Қорыта келе айтарым, егер әр отбасында әке мен шешенің арасында дұрыс қарым-қатынас, мектепте қолайлы орта болса, ешқандай бала суицидке ұрынбайды» дейді маман.

Елордадағы әл-Фараби атындағы мешіт қызметкері Әділхан Иманәліұлы суицидке қатысты Алла Тағаланың «Құран Кәрімде» не деп ескерткенін, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде не деп өсиет айтқанын түсіндіріп берді.

Үмітсіздіктен имандылық құтқарады

«Алла Тағала «Құран Кәрімде» «Ниса» сүресінің 29-30-аяттарында былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңді өлтірмеңдер. Шүбәсіз, Алла Тағала сендерге өте мейірімді. Кімде-кім осы айтылғанды қасақана істеп, шектен шығып, өзіне һәм өзгелерге қиянат жасайтын болса, біз оны шыжғырып азаптау үшін бір Алладан өзге ешкім білмейтін алапат отқа тастаймыз. Бұл – Алла үшін оп-оңай нәрсе». Қарапайым тілмен айтсақ, дене – Алла Тағаланың бізге берген аманаты. Аманатқа қиянат қылуға болмайды. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім өзін темірмен өлтіретін болса, сол темір (пышақ, айбалта және т. б.) кірген жерінен азаптап тұрған халінде тозаққа тастаймыз. Кімде-кім у ішіп, өзін өлімге тастайтын болса, біз сол халінде оны тозаққа тастаймыз» дейді. Қазақта өзін-өзі өлтірген адамға жаназа да оқылмайды. Оларды мұсылман зиратына жерлемейді. Не себептен жақсы отбасында өскен баланың өзі суицидке ұрынуда? Себебі ол Алла Тағаланы жақсы көрмейді. Жаратқанның ата-анадан да асқан мейірімді екенін түсінбейді. Меніңше, бір жағынан, Құдайдан қорыққан, екінші жағынан, Алланы шын жақсы көрген адам мұндайға бармайды. Мысалы, қызға ғашық болған жігіт оның әсем қылығын, көркем мінезін ұмыта алмайды. Ойлай-­ойлай жүрегіндегі махаббаты күшейе береді. Сол сияқты біз Алла Тағаланы көп ойлайтын болсақ, оның мейірімі шексіз екенін, ал азабы ауыр екенін түсінеміз. Баланы жастайынан имандылыққа тәрбиелейік. Тәрбиенің қайнар бұлағы – «Құран» мен Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері. «Ата-ананың өз перзентіне беретін ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» деген хадис бар. Баланы еркелетіп, өз еркіне жібермей, жамандықтан тыйып отыру керек. Егер бала күнінен ғаламтордан қайдағы бір роликті, теледидардан үнді, түрік топтамасын көрсе, оның түбі күнәлі іске алып баруы мүмкін. Иманның бір пайдасы – адам жүрегінде үміт отын өшірмейді, еңбекке баулиды. Еңбексүйгіш адам ешқандай қиындыққа мойымайды. Ал үміт нұры өшкен жан қиындыққа шыдамайды. Суицидке апаратын жол – үмітсіздік» деді ол.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button