Басты ақпаратШартарап

Соғыс ызғарынан қалтыраған әлем

Әлемде жағдай қырық құбылып тұр. Әсіресе Шығыс Еуропаның шырқын кетіріп, күллі әлемнің назарын өзіне аударған Ресей-Украина қақтығысы басталғаннан бері әлемнен тыныштық кетіп, барлық құрлықта жарыса қарулану тағы өршіді. Bloomberg агенттігінің мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта әлемде ірілі-ұсақты 183 әскери қақтығыс болуда. Қарулы қақтығыстан көз жұматындар саны да 14 пайызға артқан. Бұл соңғы 30 жылдағы рекордтық көрсеткіш саналады.

Украина тығырыққа тірелді

Украинада сұрапыл соғыс жүріп жатқанына 660 күн болды. Днепр өзенін шекара етіп шеп құрған екі жақ та қазір бір-бірін ала алмай тұр. Украинаның қарымта шабуылы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, Ресей майданның барлық шебінде шабуылды үдетті.

Сарапшылар Ресей Қарулы күштерінің шабуылды үдетуін үш үлкен себеппен байланыстырып отыр. Біріншіден, келер жылы 17 наурызда Ресейде президент сайлауы өтпек. Бұл сайлауда басты үміткер тағы да Путин болғалы тұр. Ресей армиясы осы сайлаудың қарсаңында Украинаның шығысындағы бірнеше қаланы (Авдеевка, Лиман, Купянск) басып алып, халықтың қолдауына ие болғысы келеді. Екіншіден, Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты одақтас елдердің Украинаны қол­дауы азайып, қару-жарақ тапшылығы байқала бастады. Ресей осы ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланғысы келеді. Үшіншіден, Ресей соққыны үдету арқылы қыстың қыспағында қиналған Украинаны келісімге келуге мәжбүрлемек. Ресейдің мұндағы негізгі мақсаты – Қырымды басы бүтін Ресейге тәуелді етіп, басып алған 4 облыста референдум өткізу арқылы «заңды» түрде өзіне қосып алу. Ал Украина мұнымен мүлде келіспей, «Қырымнан бастап әскеріңді әкет» дегеннен танбай отыр. Бұл арада Украинаның басты ойлап отырғаны – жерін жаудан толық тазартып, НАТО-ға кіру арқылы Ресейдің құқайы мен әлімжеттігінен біржола құтылу. Оны Ресей де сезіп отыр, сондықтан олар Украинаны НАТО-ға кіргізбей, уақытша болса да ұстап тұрудың бірден-бір жолы ретінде қазіргі басып алған аймақтарын қандай бодау берсе де, өз бақылауында ұстап тұруға тырысады. Бұған генерал, Ресейдің бұрынғы ІІМ министрі Анатолий Куликовтың «Бізге міндетті түрде Украинаның Николаев облысы, Одесса облысы керек. НАТО Украинаны қосып алмауы үшін бізге осы аймақтар міндетті түрде қарауы тиіс» деген сөзі айғақ.

Көмек келмесе, кері шегіне ме?

Украина АҚШ бастаған Батыс елдерінің қуатты қолдауының арқасында Ресейдің алғашқы шабуылын сәтті тойтарғанмен, АҚШ-тың назары Таяу Шығысқа ауғанда, Украинаға келіп жатқан көмек күрт азайды. Әсіресе Республика партиясының өкілдері АҚШ-тың шекара қауіпсіздігі мәселесін (Мексика шекарасын бақылауға қатысты) алға тартып, Украинаға көмек беруге кедергі жасауы «біздің Израильге де, Украинаға да қатар көмек жасауға қуатымыз жетеді» деген Байден билігін ыңғайсыз жағдайда қалдырды. Дегенмен Байден рес­публикашылардың талабымен келісе отырып, Украинаға көмек беруді жалғастыруға тырысуда. Өйткені «АҚШ Украинаны Ресеймен соғыста жолда қалдырса, әлемге қарабет болады!» деп Украинаның экс-президенті Леонид Кучма айтқандай, АҚШ Украинаға көмек бермесе, әлем алдында масқара болып, Ресейдің мейманасы тасығалы тұр.

Батыстан келетін көмек күрт азайған кезде, Украина билеушілері де жан-жаққа шапқылап, дипломатия арнасы арқылы келетін көмекті көбейтуге кірісті. Мәселен, Украина басшысы Зеленский өткен аптаның соңында Аргентина президентінің ұлықтау рәсіміне барды. Осы сапарында ол Венгрия премьерімен жолығып, сөйлесті. Бұл кездесу тағдыры қыл үстінде тұрған Украина үшін айрықша маңызды. Өйткені Венгрия институтының халықаралық қатынастар өкілдері мен АҚШ-тағы Венгрия елшілігі өкілдері Вашингтон тарапынан Украинаға берілетін көмекті түбегейлі тоқтатуға тырысуда. Олар Республика партиясының өкілдерімен де кездесіп, конгрестен қаржы бөлуді тоқтатуға шақырмақ. Ал Венгрия басшысы Орбан болса соғыс басталғаннан бері ЕО-ның Украинаға беретін қаржысын бұғаттауға барын салуда.

Украинаны қолдау ісінде бастапқыда әліптің артын баққан Германия соңғы кездері Киевке белсенді көмек бере бастады. Өткен жексенбі күні Германия канцлері Олаф Шольц «Жыл аяқталғанша Киевке тағы көмек беруді қарастырудамыз. 2024 жылы Украинаға берілетін көмекті еселеп арттырамыз. Соның ішінде 200 мың артиллериялық снарядты табыстаймыз» деп мәлімдеді. Польшаның жаңадан сайланған премьері Дональд Туск те «Біз еркін әлемді, Батыс әлемін Ресей агрессиясына қарсы Украинаға көмек беруге шақырамыз әрі Украина жағында табандап тұрамыз» деді.

АҚШ сапары сәтінен бола ма?

Аргентинадан кейін Зеленский ат басын АҚШ-қа бұрды. Ол бұл сапарында Байденмен кездесіп, АҚШ конгресінде сөз сөйледі. Ол Вашингтонға келген кезде АҚШ өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон «Украинаға берілетін кез келген көмек пакеті АҚШ шекарасының қауіпсіздігін қатаң сақтауды қамтуы керек» деп мәлімдеді.

Вашингтонда Зеленский журналистермен де кездесіп, сұхбат беріп, «Киев Ресеймен компромиске келмейді! Путин Украинаның тәуелсіз мемлекет болғанын қаламайды. Ол Украинаны Ресейдің федерациясы ретінде көргісі келеді. Мен оған көнбеймін! Өз халқымды саудалай алмаймын!» деп өз ойын ашық айтты. Сонымен қатар ол АҚШ-қа арқа сүйемесе, Украина жағдайының мүшкіл екенін де жасырған жоқ. Айта кетейік, соғыс басталғаннан бері АҚШ Украинаға 110 миллиард доллар көмек берді. Байден Зеленскиймен кездесерден біраз бұрын жалпы сомасы 200 миллион долларды құрайтын көмек беру құжатына қол қойды. Ал конгресс 60 миллиард долларлық көмек пакетін әлі талқылап жатыр.

Келер жылы АҚШ-та да президент сайлауы өтеді. Бұрынғы президент Трамп жеңе ме, жоқ Байден орынтағында қала ма, ол жағы әзірге белгісіз. Дегенмен соңғы сауалнамаларда Трамптың Байденнен 4 пайыз алда екені анықталды. Ал Трамп сайлауда жеңіске жетсе, сыртқы саясатта іске асыратын алғашқы міндеттері ретінде «Украина-Ресей соғысын дереу тоқтататынын», «Израильге көмекті еселеп беріп, Иранға қарсы әрекетін күшейтетінін», «Қытайды экономикалық қыспаққа алуды жал­ғастырып, шекара күзетін күшейтіп, заңсыз мигранттарды елден дереу шығаратынын» атап өтті. Бірақ оның Украина соғысын қалай тоқтататыны белгісіз. Біздің мөлшерімізше, ол билікке келсе, Украинаға берілетін көмекті мүлдем доғарып, Киевті Ресеймен келісімге келуге еріксіз көндіруге тырысуы әбден мүмкін. Өйткені Қытай мен Ресейге қатар қарсы саясат ұстану АҚШ-тың өзін жарға жығуы ықтимал.

Газадағы қақтығыс – Украинаның соры

Зеленский АҚШ БАҚ-ына берген сұхбатында «Израиль-ХАМАС соғысы әлем назарын Украина соғысынан бұрып жатыр. Бізге оның кесірі тиді» деп Таяу Шығыстағы шиеленістің Украинаның уайымын үдеткенін ашық мойындап, «Ресей ХАМАС-ты әскери машықтандырумен айналысып, ХАМАС содырларын жаттықтырды. Қазір де Кремль ХАМАС-ты жақтап жатыр» деп мәлімдеді.

Айтып-айтпай не керек, Газадағы жағдай ушыққалы бері бүкіл әлемнің назары Палестинаға ауды да, Украина көп көңілінен қағыс қалды. Ресейдің тілегені осы болатын. Қазірге дейін Газада қаза тапқандар саны 18430 адамға жетті, 50 мыңнан астам адам жараланды. 5 мыңға жуық адам
үйінді астында жатыр. Бірақ соғыс­тың тоқтайтын түрі жоқ. Керісінше, соғыс Солтүстік Газадан қаланың оңтүстігіне қарай ойысты.

Өткен аптада БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде Газа секторындағы ұрыс қимылдарын тоқтатуға қатысты қарар дауысқа салынды. БАӘ ұсынған бұл қарарға дауыс берген 15 елдің 13-і соғысты дереу тоқтатуды қолдады. Ұлыбритания қалыс қалса, АҚШ вето құқығын қолданды. АҚШ-тың позициясына байланысты қарар қабылданбады. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де «Газа секторында ұрыс қимылдарын тоқтатуға қарсымыз! ХАМАС-ты толық жеңбесе, сол аймақтағы проблема ұзақ жылдарға созылады» деп мәлімдеді. Демек, Газадағы соғысты тоқтатуға АҚШ-та мүдделі емес екенін, сондай-ақ АҚШ үшін Украинадан гөрі Израиль маңызды орында тұратынын ойласақ, Газадағы соғыстың тоқтамауы Палестина халқы мен Украинаның сорын қайнатқалы тұр.

Соғыс ауқымы кеңейіп барады

Таяу Шығыстағы қақтығысқа енді йемендік хуситтер мен ливандық хезболла да араласуы мүмкін. Хуситтер өткен аптада әскери шеру өткізіп, Израильмен тікелей соғысу ықтималы жоғары екенін ашып айтты. Дүйсенбі күні олар норвегиялық «Strinda» мұнай тасушы танкеріне шабуыл жасады. Норвегия бұл жағдайға қатысты әлі пікір білдірмеді, ал хуситтер «Израильге мұнай таситын барлық кемені атқылаймыз» деп мәлімдеме жасады. Қазір Сауд Арабиясы, БАӘ және АҚШ Йемендегі хуситтерге қарсы операцияға дайындалуда деген сыбыс бар. Соңғы аптада үш елдің әскери басшылары бірнеше мәрте бас қосып, жоспарды талқылаған.

Сейсенбі күні Израиль Ливан үкіметіне 48 сағат уақыт беріп, ультиматум қойды. Осы уақыт ішінде Ливан үкіметі Газада соғыс басталғаннан бері Израиль аумағын атқылаған хезболла жасағын солтүстік шекарадан алып кетуі керек. Өйтпеген жағдайда, қақтығыс күшейеді.

Ал Латын Америкасында Гайана мен Венесуэла арасында қарулы қақтығыс басталып кетудің аз-ақ алдында тұр. Себебі соңғы кездері екі елдің Эссекибо аймағы үшін таласы күшейді. Венесуэлада осыдан екі апта бұрын өткен референдумда ел халқының 90 пайызы Гайананың 3/4 бөлігін өздеріне қосып алуды жақтап дауыс берді. Осыдан кейін Венесуэла басшысы Мадуро Гайананың Эссекибо аймағын 24-штат деп жариялаған құжатқа қол қойды. Ол Венесуэланың мұнай компанияларына үш айдан кейін Эссекибо аймағына кіріп, мұнай бұрғылауы тиіс, Гайана үш айдың ішінде аймақтағы мұнайды игеруді тоқтатуы қажет деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол Венесуэла әскерін соғыс жағдайына келтіріп, Гайанаға басып кіретін сыңай танытты. Гайана президенті де әскерінің елді қорғауға дайын екенін айтып, АҚШ, Франция, Ұлыбритания және Бразилиядан көмек сұрайтынын мәлімдеді. Қазірдің өзінде бірқатар ел Венесуэланың әрекетін қатаң айыптауда. Ұлыбритания соғыс бола қалса, Гайанаға әскери көмек беретінін ресми мәлімдеді. АҚШ жергілікті әскерилерді жаттықтыру үшін 800 америкалық офицерді аттандырды. Енді тура Қырымда референдум арқылы орын алған оқиға Гайана басына түсейін деп тұрған сияқты. Гайана президенті Ирфаан Али Зеленский секілді бола ала ма, Гайананың 1 млн халқы 21 млн халқы бар Венесуэлаға төтеп бере ала ма? Мәселе сонда. Дегенмен АҚШ-тың үйлестіруімен бүгін екі ел басшысы кездесіп, келіссөз өткізеді. Егер келісімге келе алмаса, онда бұл екі ел де бір-біріне қару сілтейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button