Басты ақпаратБілім

Бағдары айқын білім ордасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау ­мақсатында Астанада білім беру саласындағы серпінді жобалар жүзеге асып, біршама жұмыс атқарылды. Жаңа оқу жылы басталғалы бері басты басымдықтар белгіленді: қазірдің өзінде не жасалды және жақын арада қандай өзгерістер болады? Осыған тоқталсақ.

Мектептер

Астана жыл өткен сайын рес­пуб­ли­каның ірі мегаполисі ретінде тартылыс орталығы болып қала береді. Осыған байланысты халық саны, оның ішінде мектеп жасындағы балалар саны өсуде.

– 2023-2024 оқу жылында 1-сыныпқа 28 мыңнан астам бала барды. Жыл сайын олардың қатары көбейіп жатқандықтан, мемлекет тарапынан білім беру ошағын салу, мектеп пен ұстаз мәртебесін көтеру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Қала бойынша оқушылар саны 261128-ді құрайды. Елордада 171 мектеп болса, 20 мыңға жуық орын жетіспейді. Сол себепті 8 мектеп үш ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсыр­масымен келесі жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 24 мектеп есігін айқара ашпақ. Бүгінде олардың құрылысы басталып кетті, келесі және арғы жылы сол мектептер пайдалануға берілгенде, үш ауысыммен оқу проблемасы шешіледі. Жаз бойы 49 мектепте жөндеу жұмысы, оның ішінде 9-ына күрделі жөндеу жүргізілді. Оқушылар қажет құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген, әзірге педагогтарға деген тапшылық жоқ, пән мұғалімдері жеткілікті. Жасалған жұмыс әрі қарай жалғасын табады. Соңғы 4 жылда елордада 39 мектеп салынып, 82 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік бергеніне қарамастан, тапшылық сақталуда және 28 мыңнан астам орынды құрайды, – деп атап өтті Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.

2024-2025 жылдары 69 мың орындық 30 мектепті пайдалануға беру жоспарланған.

«Жаңа оқу ордалары Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің, Тұран даңғылы мен №24 көшелердің қиылысын қоса алғанда, қаланың стратегиялық маңызды нүктелеріне орналасады» дейді Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметі.

Оқытудың қолайлы жағдайын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған мектептердің аумағында жаңа корпустар салу жоспарлануда.

– 2023 жылы бюджет есебінен 6000 (1 ауысымда) орындық 7 мектеп салынды. Жеке инвестиция­лар есебінен 3300 (1 ауысымда) орындық 5 мектеп салынды. 2024 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 28600 орындық 15 мектеп, бюджеттік инвестициялар жобасы аясында 4250 орындық 7 мектеп пен жеке инвестициялар есебінен 11362 орынға 11 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Сонда 2024 жылы барлығы 44212 орынға шақталған 33 мектеп, оқу жылының соңында 4 мектеп салынады. Биыл 12 мектеп пайдалануға берілді. Бұл қадамдар мектептердің шамадан тыс жүктемесін азайту мақсатында ғана емес, сонымен қатар болашақта оқушылардың орын тапшылығын болдырмауға бағытталған. Жаңа білім ордалары қаланың барлық ауданын, соның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды, – деп атап өтті баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек, елордада Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асуда. Осы жоба аясында 2024-2025 жылдарға қарай 24 заманауи мектеп салу жоспарлануда. Стратегиялық қадам екі ауысымда шамамен 90 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.

Елордада 29100 оқушыны қамтитын 11 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымы, 135 қосымша білім беру ұйымының филиалдары және 8 сommunity-орталық (20 пайызды құрайды) жұмыс істейді. Бүгінгі таңда балаларды қосымша біліммен қамту
81,5 пайызды немесе 213556 адамды құрайды

Статистика мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда елордада 460 мыңнан астам бала тұрады, оның ішінде:

  • балабақшаларда – 68 мыңнан астам бала;
  • мектептерде – шамамен
    260 мың бала;
  • колледждерде – 34 мыңнан астам оқушы бар.

Елордада барлығы 337 мың балаға (236-сы – мемлекеттік,
488-і – жеке) 734 білім ошағы мен мектепке дейінгі ұйым білім береді, оның ішінде 171 мектеп, 525 балабақша, 11 қосымша білім беру ұйымы бар.

Балабақшалар

Мектепке дейінгі білім беруге келетін болсақ, қазіргі уақытта Астана қаласында 68129 баланы қамтитын 525 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді:

  • Мемлекеттік балабақша саны – 100 (контингенті – 32494 тәрбие­ленуші, жобалық қуаты – 29639).
  • Жекеменшік балабақша саны – 424 (контингенті – 35230 бала), оның 412-сіне мемлекеттік тапсырыс берілген.
  • 3 ведомстволық балабақшада 405 бала бар.

Мектеп жасына дейінгі балалар контингенті жыл сайын бала туу мен көші-қон процесінің өсуіне байланысты артып келеді.

Ағымдағы кезеңде Indigo электронды порталында кезекке 0-6 жас аралығындағы 38767 бала, 2-6 жас аралығындағы 29563 бала тіркелген.

Жыл бойы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту бойынша жұмыс жүргізілуде:

– 10317 орындық жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен, оның ішінде ағымдағы жылдың қаңтар-қыр­күйек айлары аралығында 10124 орындық 224 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыс орналастырылды, – деп хабарлайды Білім басқармасының баспасөз қызметі.

Қосымша білім беру

Оқушылардың жеке дамуы, өзін-өзі дамыту шартының бірі – қосымша білім беру жүйесінің сапасы мен тиімділігін арттыру. Елордада 29100 оқушыны қамтитын 11 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымы, 135 қосымша білім беру ұйымының филиалдары және 8 сommunity-орталық (20 пайызды құрайды) жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда балаларды қосымша біліммен қамту 81,5 пайызды немесе 213556 адамды құрайды (Астана қаласы бойынша оқушылар саны – 261128).

Жыл сайын балаларға қосымша білім беруге қатысты жаңа нысандар, орталықтар, филиалдар ашылып жатқанына қарамастан, бүгінгі таңда бұл салада орын тапшылығы сезілуде. Осыған байланысты 2029 жылға дейін 15 заманауи Оқушылар сарайын салу жоспарлануда. Биыл олардың 5-еуінің қаланың әр ауданында жобалауы басталды.

Бала қауіпсіздігі маңызды

Мәжілісте бала қауіпсіздігіне қатысты жаңа заң жобасы мақұлданды. Ол 3 негізгі бағыт бойынша әзірленген. Алғашқысы – оқу ордасындағы оқушының бас амандығы. Депутат Асхат Аймағамбетовтің дерегінше, соңғы 2 жылда 100-ден аса баланың терезеден құлау фактісі тіркелген. Олқылық әсіресе үлкен мегаполистерде орын алып жатқан көрінеді. Сондықтан мәжілісмен мәселені арнайы заңмен реттеу керек екенін атап өтті.

– Негізгі мәселе – кішкентай балалардың терезеден құлауы. Өкінішке қарай, соңғы екі жылда жүздеген бала терезеден құлаған. Қайтыс болғандар да бар. Сондықтан заң жобасы терезеге арнайы қауіпсіздік механизмін орнатуды немесе құлыптауды міндеттейді, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button