Басты ақпаратШартарап

Палестина мемлекеті құрыла ма?

Газа секторындағы ХАМАС қарулы тобына қарсы арнаулы операция бастағалы бері Израиль әскері бір тәулік ішінде алғаш рет көп шығынға ұшырап, 21 жауынгері қаза тапты. ЦАХАЛ өкілі, контр-адмирал Даниэль Хагаридің мәліметіне қарағанда, Израиль жауынгерлері тінту жүргізген 2 ғимаратта жарылыс болып, 21 жауынгер опат болған.

Газа аумағында қанды соғыс жүріп жатқанына 4 айға таяды. Қазір ­ХАМАС-тың негізгі күші шоғырланған Газа секторының оңтүстік-батысында кескілескен шайқас жүріп жатыр. Солтүстік Газадағы ұрыс қимылдары, негізінен, аяқталып, аталған аумақ жаппай Израильдің бақылауына өтті. Соғыс салдарынан аймақта гуманитарлық дағдарыс туындады. 26 мыңға жуық бейбіт тұрғын қаза тауып, Палестина аумағының басым бөлігі жермен-жексен болды. Өлгендердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Ал Израиль армиясы Газа аумағына басып кіргелі 220 жауынгерінен айырылған.

Халықаралық Гаага соты осы айдың басында Израильді БҰҰ-ның геноцид туралы конвенциясын бұзғаны үшін айыптайтын деректерді тыңдады. Дегенмен Нетаньяху бірде-бір сот немесе әскери қарсылас Израильді ХАМАС-ты жою мақсатынан тайдыра алмайды деп мәлімдеді. Кеше БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында «Палестина халқын ұжымдық түрде жазалауға ешқандай негіз жоқ» деп Израильді айыптай сөйледі. Осы жиналыс­та Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресейдің Газадағы қақтығысты тоқтату жөніндегі бейбіт бастамасын жариялады. Құжатта тараптар атысты дереу тоқтатып, 1967 жылғы шекара негізінде Палестина мемлекетін құру көзделген.

Жалпы Палестина мемлекетін құру мәселесі бұрыннан айтылып келеді. Барак Обама билік жүргізген кезде Палестина мемлекетін құрып, 1967 жылғы шекара негізінде Израиль және Палестина мемлекеттерінің қатар өмір сүруін ұсынған. Бұл идеяны Палестинадағы жетекші саяси тобы «Фатх» қолдағанмен, радикалдық ұстанымдағы ХАМАС тобы қарсы шығып, Израиль мемлекетінің бақылауындағы барлық аумақ Палестина мемлекетінің аумағына айналуы тиіс деген талап қойды. 2009 жылы премьер-министр Б.Нетаньяху «Егер палестиналықтар Израильді еврей халқының мемлекеті деп таныса, онда болашақ бейбіт келісімде біз демилитаризацияланған Палестина мемлекетін құру туралы шешімге қарсы емеспіз» деген еді. Бірақ қазір Нетаньяху ол ойынан да айнып қалған секілді. Себебі жақында ол тағы да қыңырлық танытып, Израиль-Палестина қақтығысын шешудің жалғыз әдісі ретінде екі мемлекеттің (Израиль мен Палестина) қатар өмір сүруіне негізделген көзқарасқа қарсылық білдірді. Өткен жылдың соңында АҚШ президенті Джо Байден америкалық CBS телекомпаниясына берген сұхбатында «палестиналық ХАМАС радикал тобы жойылу керек, бірақ Израиль Газаны оккупацияласа, «үлкен қателік болады», сондықтан Палестина мемлекетін құру жолын іздеу керек» деп мәлімдеген еді.

Жақында Брюссельде ЕуроОдақ елдерінің Сыртқы істер министрлері бас қосып, ұйымның Таяу Шығыс­та бейбітшілік орнату бойынша жоспарын талқылады. Одақ елдері Палестина мемлекетін құру алдағы бейбіт келіссөздерде талқыланатын басты мәселенің бірі болу керегін жеткізді. Бірақ жиынға арнайы шақырылған Израиль сыртқы саясат басшысы Одақтың бұл ұсынысынан бас тартты. Демек, Таяу Шығыстағы 77 жыл бойы шешілмей келе жатқан мәселені шешудің ең ұтымды жолы – Палестина мемлекетін құру. Бірақ оған қазір Израиль қарсы.

Газа аумағын 3 ай бойы төпелеген Израиль Қарулы күштері ХАМАС кепілге алған тұтқындарды толық босата алған жоқ. Керісінше, олардың да бір бөлігі Израильдің әуе шабулы кезінде қаза тапқан. Ал ХАМАС ­Израиль атқылауды тоқтатып, әскерін шегіндірсе, тұтқындарды босатып, келіссөз жүргізуге дайынбыз деп отыр, сондай-ақ Газа соғыстан кейін де ХАМАС-тың толық бақы­лауында болуы, Израиль түрмесіндегі барлық Палестина тұтқындарын босатуы керек деп санайды. Бірақ оған Израиль келіспей, мәселені майданда шешуді көздеп отыр. Бірақ құрылғанына 30 жылдан асқан қарулы топты Израиль толық құрта ала ма? Өте қымбатқа түсіп жатқан бұл соғысты Израиль қанша уақыт жалғастыра алады? Мәселе сонда.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button