Сайлау - 2021

Ауыл тағдырына жауаптымыз



23 желтоқсан күні Қазақ технология және бизнес университетінің колледжінде «Ауыл» партиясы атынан Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер Б.Төлеген, А.Саттаров, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Б.Сейсенов, Д.Өтеев, Ғ.Байханов, А.Елубаева, Ф.Энгишев және «Ауыл» партиясының Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық штабының жетекшісі У.Жұмағұлов жұртшылықпен кездесу өткізді.Кездесуді оқу орнының директоры Дінмұхамед ­Өтеев құттықтау сөзімен ашып, «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасымен қысқаша таныстырып өтті. Осы жиынға Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданынан әйгілі гитарашы, 75 жастағы Қорабай Есенов ағамыз ниеттестігін, тілектес­тігін білдіріп арнайы келіпті. Әнші 70-жылдары Целиноградтың ауыл шаруашылық институтында оқыған. Ол студент кезінде шығарған, бүгінде мұқым қазаққа етене танымал болып кеткен «Жас қалам», «Қоштасу» әндерін шырқап берді. Бұл әндер Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған.
– Қай қазақтың да тамыры ауылда жатыр. Ауылдың проблемасына бәріміздің жанымыз ауырады. Сондықтан Парламентте ел ішінде қордаланып жатқан жағдайларды жоғарғы биліктің құлағына жеткізетін өз ұйымымыз болуы керек. Осы мақсатпен «Ауыл» партиясына қолдау көрсетіп келіп отырмын, – деді даңқты әнші.
Ал партия атынан Мәжіліс депутаттығынан үміткер, «Әдемі-ай» ұлттық кәдесыйлар компаниясының директоры Бахаргүл Төлегенқызы мемлекетіміздің дамуы үшін әрбір азаматтың патриот болуы, елін-жерін сүюі, осы бағытта бойындағы барлық күш-жігері мен білім-тәжірибесін сарқа жұмсау керектігін айтады.
– Ауыл – қазақ үшін қасиетті ұғым. Алда-жалда Мәжіліс депутаты болып сайланып жатсақ, ауылдың мұң-мұқтаждығын айтып, кем-кетігін толтырып, жоғын тауып беру жолында еңбектенеміз, – деді ол. – Менің кәсіпкерлік қызметім ұлттық құндылықтарды насихаттаумен байланыс­ты. Кәдесыйлар арқылы жалпақ жұртшылыққа, сырттан келген туристерге халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін, жол-жоралғыларын таныстырамыз. Шетелдіктердің Қазақстан туралы түсінік-пайымын кеңейтуге өстіп өзімізше үлесімізді қосып жатқан жайымыз бар.
Үміткер сөзінің соңында көпшілікті «Ауыл» партиясы үшін дауыс беруге шақырды.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button