Сайлау - 2021

Тарихты мұқият оқыңыздар!

Қазақстан халық партиясының өкілдері Никонов, Федоров және Жириновскийлерге сәлемдеме жолдады. Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасына жолданған сәлемдемеде қазақстандық кәмпиттер бар.

Шоколодтардың бетінде Қазақстанның картасы бейнеленген. ҚХП мүшелері қазақ жерінің аумақтық тұтастығына көз алартқан мәлімдемелерге жауап қатты.
«Құрметті Вячеслав Никонов, Евгений Федоров және Владимир Жириновский, жуырда Сіздер Қазақстанның аумақтық тұтас­тығына қатысты қатқыл мәлімдеме жасадыңыздар. Біздің отандастарымыздың бұған нақты жауабы бар. Сыртқы істер министрлігі өзінің ұстанымын жеткізді. Сіздерге күллі әлемнің тұрғындары жақсы көретін қазақстандық шоколадтарды жіберіп отырмыз. Кәмпит жеңіздер және біздің тарихымыз бен географиямызды оқыңыздар!» делінген ҚХП-ның жастар қанатының РФ Мемлекеттік Думасының депутаттарына жолданған сәлемдемеде.
Ал Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров еліміздің солтүстік аудандарында қазақ халқының салт-дәстүрлері және әдеп-ғұрыптарын насихаттайтын рухани орталықтарды ашуды ұсынды. «Еліміздің Ресеймен шекаралас аудандарында мемлекеттік туымыз бекітілген тұғырлар орнатқан жөн. Олардың көлемі 15-20 см болуы тиіс. Көк байрағымыз Ресейдің аумағынан да көрініп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Міне, сондай рухани-ағарту орталығын Қарасай және Ағынтай батырлардың кесенесі маңынан салайық. Біз бұл бастамаға қаражат жинаймыз, Қазақстанның барлық патриоттарын осы істі қолдауға шақырамыз» деп жазды А.Қоңыров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол сондай-ақ «Өлкетану» пәнін 5,6,7 сыныптармен қатар барлық жоғары сыныптарда оқыту қажеттігін айтты. Танымдық қызметімен қатар бұл курс жас ұрпақты патриоттық тұрғыдан тәрбиелеуге ерекше үлес қосатыны анық. «Елімізде үнемі флешмобтар, әртүрлі акциялар өтеді. Бірақ азаматтардың рухани көзқарасын өзгерту, санасын сілкіндіруге ол аздық етеді. Сондықтан да балаларға жастарға тарихымызды, өлкетануды толық оқытатын кез келді. Мысалы, Қазақстанның солтүстік өңірі – бұл ежелден қазақтың атақонысы. Тіпті, Сібірдің оңтүстігі мен Орал да кезінде Қазақ хандығының құрамына кірген. Алтын Орданың астанасы – Сарайберке – Поволжье жерінде жарияланды» деп жазды партия төрағасы.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button