Басты ақпарат

Аяз буған Астана

Елорданы күннің күрт суытып, саршұнақ аяздың буғанына бірнеше күн болды. Бет қаратпас суықтың салдарынан мектеп оқушыларының, қала берді колледждің 1-2 курс студенттеріне сабақ болмады. Біз осы орайда қала коммуналды қызметі мен тұрғындардың табиғаттың тосын мінезімен күресі жайына тоқталуды жөн көріп отырмыз.

-40-45 градустай сезілді

Жақында «Қазгидромет» Ресейдің Таймыр жерінен Сібірге қарай жылжитын суық антициклонның әсері Қазақстанның бірнеше облысына тиетінін хабарлаған болатын. Соның салдарынан аяз күшіне мінетінін айтып, алдын ала ескерту жария­лады. «Еліміздің солтүстік, орталық және шығыс облыстарында түнгі температура -32…37°С дейін төмендесе, кей жерлерде аяз -40°С дейін күшейеді. Тіпті Қазақстанның оңтүстік-шығысында да суытады, кей жерлерде 25…30° дейін аяз күтіледі» делінген хабарламада.
Ал 25-26 желтоқсан күндері түнде температура 33-35 градусқа, ал Ақмола облысында 32-37 градусқа дейін төмендеді. Сол сияқты 27 желтоқсан күні де температура -30-дан төмендейтіні айтылды. Арқа төрінде саршұнақ аязбен желдің қабаттасып келері үйреншікті жағдай. Осының салдарынан бұл күндері сынап бағанасы -35-ті көрсеткенмен, сырттағы температура -45-50 градустай сезілді. Сондай-ақ аймақтың кей тұстарында түнде тұман түсті.

Автобустар кідіріп, пойыз кешікті

Қатты аяздың әсерінен 24 желтоқсан күні елорда іргесіндегі Қараөткел, Қосшы, Лесная поляна секілді 27 елді мекенге қатынайтын автобустар мүлдем тоқтап қалған болатын. Бұған қоса, қалалық төтенше жағдайлар департаменті қауіпсіздік мақсатында жолдарды жауып тастап, қатынас толығымен үзілген.
«Автобус күткеніме бір сағат болды, бірақ әлі келмеді. Жұмыс­тан шығып, Қосшыдағы үйіме баруым керек. Енді үйіме қайтудың ретін таппай отырмын. Бүгін қаладағы туысқандарыма баратын сияқтымын» дейді Рауан есімді азамат.
Бір қуанарлығы, Express авто­бустар көп күттірмеді, 25 желтоқсан күні «Астана LRT» компаниясы: «Құрметті елорда тұрғындары мен қала қонақтары! Қала маңына қатынайтын №302, 303, 304, 306, 307 қоғамдық көлік бағдарларының қозғалысы қайта іске қосылды» деген ақпарат таратты.
Сол күні «Риддер-Астана» пойы­зы төрт сағатқа кешіктірілді. «Жолаушылар тасымалы» АҚ оның себебін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырды. Осы төрт сағат бойы жолаушылардың жағдайы жіті назарда болып, вагон ішінің температурасы бірқалыпты болған.

Жылынатын көліктер

Елімізде жылы аялдамалар алғаш рет Астанада ашылған. Алайда барлық тұсы қамтамасыз етілмеген болатын. Дәл осы күндері қоғамдық көліктердің аялдамаларында кезекші автобустар қызмет етті. Мұнда елордалықтар қажет маршрутын күтіп, жылынуы үшін жағдай жасалды.
«Ауа райының қолайсыздығына орай бүгін 25 желтоқсанда белгілі бір аялдама пунктерінің аудандары кезекші автобустармен жабдықталады. Бұл – өзіне қажетті бағдарды күтетін жолау­шылар тоңып қалмас үшін қолға алынған шара» деп хабарлады «Астана LRT» компаниясы.
Сонымен қатар қаладан Тельман, Қосшы және Пригородный елді мекендеріне барар жолдарда ТЖД-нің арнайы техникасы кезекшілік етеді. Құтқарушылар «Азия парк» СОО, «Саянұр 2» ТК және Бейсекова көшесі аялдамаларынан жүріп тұрды.

Жұмыс уақыты қысқарды

Аяз ерекше күшейген 24-25 желтоқсан күндері жұмыс күнін қысқарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті кәсіп­орындар мен мекемелерді жұмыс күнін қысқартуға шақыр­ды. Хабарламада бұл ақпарат қаланың тіршілікпен қамтамасыз ету ұйымдары, яғни өрт сөндіру қызметі, полиция, төтенше жағдайлар департаменті, жедел жәрдем қызметі, коммуналдық қызметтеріне қатысты емес екені көрсетілді.

Жастар жылуын ұсынды

Бұл күндері елордалық жастар игілігі мол істен шет қалмады. Қалалық Қоғамдық даму істері басқармасының мәліметінше, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы «Жақыныңа жылулық сыйла» акциясын өткізді. Белсенділер адам көп жиналатын жерлерге барып, ниет білдіргендерге тегін ыстық шай таратты.
Шыны керек, мұндай сауабы мол іс өзгелердің жомарттық сезімдерін оятары анық. Көшеде көлігі бар жұрт аяздан тоңып тұрғандарды тегін жеткізіп те жатты. «Астана – мейірімді қала» атты қайырымдылық шарасы «Нұр Астана» мешітінің бас­тамасымен қолға алынды. Енді аталған жобаның аты жазылған көліктер қыс бойы тұрғындарды барар жеріне тегін жеткізіп тұрады.
Сонымен қатар қалалық әкімдік таратқан мәліметте дөңгелегі жарылып жолда қалған жұртқа полицейлердің көмектескені айтылды. Өз кезегінде табиғатты қорғау қозғалысының белсенділері жануарлар мен құстарға да назар аударуға шақырды. Осы мақсатта 1 желтоқсан мен 15 наурыз аралығында құстарға жем салатын ыдыс жасап, уақытында азықпен толтырып тұрмақ. Игілікті іс өзге де азаматтарға үлгі болса екен.
Астанада қылышын сүйреткен қыс алты айға созылғанмен, саршұнақ аяздың күнде бола бермесі анық. «Қазгидромет» 27-29 желтоқсан күндері суықтың беті қайтады деген болжам жасап отыр. «Қазіргі уақытта батыс облыстарға жылы әрі ылғалды ауа массалары келе бастады. Олар шығысқа қарай жылжи отырып, қардың жаууына себеп болады, сондай-ақ оңтүстік-батыстан күшті жел соғып, ауа температурасы ақырын жоғарылай бастайды» деп хабарланды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button