Қала тіршілігі

Азық-түлік қоры азаймайды



Қала әкімі Алтай Көлгінов бірқатар ірі сауда желілерінің басшыларымен кездесті. Келесі жылдан бастап сауда желілеріне «айналым механизмі» бойынша бөлінетін сома көбейетін болады.

«Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі – басты назарда. Біз әлеуметтік маңыздағы азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар шараларды жүзеге асырдық. Сауда желілеріне «айналым механизмі» бойынша бөлінетін соманы 13 есеге – 180 млн теңгеден 2,4 млрд теңгеге дейін өсірдік. Бұл әрекетіміз әлеуметтік маңыз­ды тауарлардың 16 түрінің бағасын қолжетімді ұстап тұруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, сатып алуды ұлғайттық және бағаны тұрақтандыруға қатысатын сауда желілерінің санын 4-тен 12-ге көбейттік. Олар: Магнум, Астықжан, Кенмарт, Вкусмарт, А2, Метро, Анвар, Рахмет, Ақмол, Смолл, «Астаналық» базары, Шапағат сауда орындары» деп жазды А.Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасына.
Сонымен бірге, шаруа қожалықтарымен қосымша 704 млн теңгеге 5 мың тонна көкөніс сатып алуға форвардтық келісім жасалды. Нан өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті наубайханаларға 600 млн теңгеден аса қаржы бөлінген.
Елордада барлығы 7 логистикалық кешен бар. 4 көтерме-тарату орталығының құрылысы жүріп жатыр (үшеуі – жеке инвесторлар есебінен). Инвесторлар жылыжайлар, азық-түлік базарларын, көкөніс қоймаларын, сүт зауытын және басқа да нысандарды салу жөніндегі жеке жобаларды қолдаған. Бұл шаралар да азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түсіп, нарықты жергілікті тауарлармен толтыруға мұрындық болады.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button