Басты ақпаратРуханият

Байырғы Бозоқтан – бүгінгі «Әлем қаласына»

Франция десе – Париж, Ұлыбритания десе – Лондон, Түркия десе, ең алдымен, сырлы да сиқырлы Ыстанбұл елестейтіндей, Қазақстан десе көз алдыңа Арқаның төсінде орналасқан ажарлы қала – Астана келеді. Ерке Есілдің жағасын бойлай орналасқан келбетті де сәулетті қала, естеріңізде болса, 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен «Әлем қаласы» атанған болатын. Биыл 25 жылдық мерейтойын тойлап жатқан ел мерейі, айшықты елордамыздың қалай жері жұтаң, ауа райы қолайсыз Ақмоладан айтулы Астанаға айналғанына бір шолу жасап өтсек.

Бозоқ. Әмірші тұрағы. Қарауыл мұнарасы

«Бүгінгі елордамыздың батысынан 5 шақырым жерде орналасқан қыпшақтардың ежелгі байтағы Бозоқ қалашығы қазақтың бас қаласы – Астананың түпқазығы деуге лайық». Бұл тұжырымды академик Кемел Ақышев осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан болатын. X-XІ ғасырларда тұрғызылған қала сол кездің өзінде Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларынан шыққан әміршінің тұрағы, ордасы болғанына дәлел ретінде ғалым қалашық орнынан табылған үш кесене мен биік қарауыл мұнараны, сондай-ақ тұрмыстық заттар мен қару-жарақ­тар, арабтың күміс теңгелері мен қытайдың мыс айналарын алға тартты. Есіл мен Нұра секілді қос өзенді жағалай орналасқандықтан, бұл жерден оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын керуен жолдары өтіп, соның арқасында Бозоқ қаласында сауда мен қолөнер қарыштап дамыса керек. Ол аз десек, бұл шаһар рухани және дәстүрлі мәдениеттің орталығы болыпты.

Еуропаның көз құртына айналған…

Қазақтың Сарыарқасында жатқан сайын даласы тек Ресей ғана емес, сонау ерте заманның өзінде тіпті Еуропаның да көз құртына айналғанын көруге болады. Оған бір дәлел – 1252-1255 жж. Франция королі ІХ Людовигтің қазақ өлкесіне Рубрук Виллем атты фламанд саяхатшысын құпия тапсырмамен аттандыруы. Шығысқа баратын жолды барлап, маңызды елді мекендерді көруге келген саяхатшы еліне оралған соң корольге Ертіс, Нұра, Есіл, Кеңгір, Сарысу, Қорғалжын, Балқаш өзендерін сипаттап берсе керек. Және содан көп ұзамай, 1271-1295 жылдары Қытайға барған жолында Марко Поло да қазақ жерін кесіп өткен. Ақмола жерінің орта ғасырлардағы тарихи дамуы, міне, осындай.

Алғашқы пойыз. Алып зауыт

Ал әріге бармай, осы өткен ХХ ғасырға шолу жасасақ, 1914 жылы қалада үш кірпіш, төрт май өңдеу, екі тері илеу, екі сабын қайнату, екі тон тігу, қасапхана, 20 шеберхана болыпты. Мәдени-ағарту орындарынан үш жалпы білім беретін училище, мектеп, медресе, екі кітапхана болды. Қала тұрғындарының саны 15 мыңға жеткен. 1928-1930 жылдары жай округ орталығы болған қала біртіндеп ауданның, 1939 жылы Ақмола облысының әкімшілігі атанады. Ең алғаш мұнда пойыз 1929 жылдың қарашасында келген. Бурабай-Ақмола, Ақмола-Қарталы, Ақмола-Павлодар темір жолдарының іске қосылуы бұл шаһарды еліміздің солтүстік және орталық өңіріндегі ірі транспорт торабына айналдырады. Соғыс жылдарында Ресейден Ақмолаға «Мелитополь» станок жасау зауыты көшіріліп, «Қазақауылмаш» кәсіпорны іске қосылды. Солайша біртіндеп өнеркәсіптің басқа да жаңа салалары пайда болды.

Хрущев. Тың өлкесі. 250 млн тонна астық

Еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Ақмола облысымен бірге қаласы да елеу­лі өзгерістерге ұшырады. 1960 жылдың 26 желтоқсанында Тың өлкесі құрылып, оның орталығына айналған қаланың атауы көп ұзамай Целиноград болып өзгереді. Хрущев тың өлкесін РКФСР-дың заңдық құзырына беруге ұсыныс жасайды. Алайда ол ойы жүзеге аспай, Тың өлкесі Қазақ КСР құрамында қалады және кейін тың игеру науқаны аяқталған соң, күні өткен аумақтық құрылым ретінде жойылады. Ақыры Целиноград астанаға айналды: Целиноград – Ақмола – Астана болып дәйекті бірнеше рет қайта аталып отырып, тәуелсіз де егемен Қазақстанның кіндік қаласына айналды. Жалпы, тың және тыңайған жерлерді игерудің ширек ғасырында Қазақстан 250 млн тонна астық сатқан.

32 өлшем бойынша таңдау

1994 жылы 6 маусымда қалаға ежелгі аты қайтарылды. 1996 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республика­сының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдады. Бір жылдан кейін, 1997 жылы 20 қазанда еліміздің сол тұстағы Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал енді тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы болып не үшін Ақмола қаласы таңдалды дегенге келсек, ҚР Тұңғыш Президенті болған Н.Ә.Назарбаев 32 негізгі өлшемін көрсетіп берген. Олар: әлеуметтік-экономикалық, геосаяси, көлік инфрақұрылымы, инженерлік-коммуникациялық, құрылыс, еңбек ресурсы және басқа да қолайлы мүмкіндіктер еді. Басында тек болжам ғана болған осы 32 артықшылық кейін нақты өмір ақиқатына айналып, күн санап көз алдымызда салынған Астана Қазақстанның атағын алты құрлыққа паш етті.

Әлемдегі жалғыз мұхитарал

Осылайша ХІХ ғасырда шағын ауыл ретінде ғана құрылған қала уақыт өте келе өсіп, бүгінде Орта Азиядағы ең ірі мегаполистердің біріне айналды. ХХІ ғасырда салынған соң астанамыздың сәні мен сәулетін де барынша заманға сай әрі ешбір құрылыс нысанына ұқсамайтын ерекше етуге тырысты. Расында, бүгінде шатыр және сфера пішіндес әлемдегі ең ірі ғимараттар Астана қаласында орналасқан. Олардың ішінде ең үлкен ғимарат «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы болса, ең үлкен шар тәріздес ғимарат «Нұр Әлем» немесе «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу аумағында орналасқан «Болашақ мұражайы» екен. Бұл екі ғимарат та қаланың көркіне көрік қосып тұр. Ал Астанадағы океанариум – мұхиттан үш мың километрден астам қашықтықта орналасқан әлемдегі жалғыз мұхитарал. Әлемде алғаш рет диаметрі 22 метрлік, салмағы 300 тоннадан тұратын «Бәйтерек» монументінің жөні тіпті бөлек.

P.S: Қазір Астана – Қазақстанның елордасы ғана емес, әлемдегі ең заманауи қалалардың бірі. Архитектура­лық сән-салтанаты өз алдына, бұл қалада 30 жылға жуық уақыт ішінде түрлі сала бойынша тарихи оқиғалар орын алған. Мәселен, Қазақстанда жасанды жүректі ауыстыру операциясы ең алғаш осы Астана қаласында өткен. 2017 жылдың соңында Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басшысы Юрий Пяның басшылығымен өткен отада жүрек функциясының ауыр жеткіліксіздігінен зардап шеккен 60 жастағы пациентке терминалдық кезеңде жасанды жүректі имплантациялау жүргізілді. Және елорда болмай тұрып қалада небәрі 275 мың адам өмір сүрсе, бүгінде оның тұрғындарының саны 1 миллион­нан асқан.

Мәриям ӘБСАТТАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button