Басты ақпаратСұхбат

Дженни Летинен: Бас қалаға келіп атқа мінуді үйрендім

Дженни Летинен – Назарбаев университетінің гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебіндегі «Әлемдік тілдер және әдебиет» кафедрасының доценті, Associate Professor, Финляндиядан келген оқытушы. Онымен Астананың 25 жылдығына қатысты тілмаш арқылы аз-кем тілдескен едік.

– Еліміздің Астанасы биыл 25 жылдығын атап өтеді. Елордамыздың дамуы, сәулеті, мәдениеті, өркендеу жолдарын қалай бағамдар едіңіз? Қазақ елі астанасының ерекшелігі неде деп есептейсіз, нені ескерген жөн?

– Мен Астанада 2012 жылдан бері тұрамын. Сондықтан елорданың дамуы маған ерекше әсер етеді. Көз алдымда өсіп жатқан қаланы көрдім. Назарбаев университетінің екі-ақ корпустан тұратын кезі, айдалада өзі ғана тұрғаны есімде (ол кезде Mega Silk Way де жоқ). Астана Опера ғимараты қалай салынып жатқанын да үлкен қызығушылықпен көргенім есімде. Астана – серпінді дамып келе жатқан қала. Бірнеше апта қалада болмасаңыз, келгенде жаңа ғимараттарды көруге да­йын болыңыздар. Елорда күннен-күнге көркейіп, саябақтардағы ағаштар өсіп, бос орындар тұрғын үйлер мен кеңселерге толып жатыр. Осыған қуанамын.

– Астанадан алған ал­ғаш­қы және кейінгі әсеріңізбен бөліссеңіз. Елордалықтар сіз үшін несімен ерекше? Көше мәдениеті, қоғамдық ­орындардағы тұрғындар мәдениеті туралы не айтар едіңіз?

– 2012 жылы тамыздың ыстық күнінде алғаш келгенімде «Бәйтерек» монументінің аумағындағы суреттер әлі есімде. Мені үлкен бос кеңістіктер, көшелер мен ғимараттардың тамаша геометриясы таңғалдырды.

Көше мәдениеті – Астананы тұруға немесе баруға тартымды ететін фактордың бірі. Бас қаланың көше мәдениеті керемет, әсіресе жаздың жылы мезгілінде барлығы саябақтар мен дәмханаларда жиналып, бақытты сәттерден ләззат алады.

– Қазақтың қандай салт-дәстүрімен таныстыңыз, тілін үйренуге талпындыңыз ба?

– Қазақстанда тұру мені атқа мінуді үйренуге шабыттандыр­ды, бұл енді менің ­хоббиім. Атқа мінуді үйрену менің өмірлік арманым болғанмен, Қазақстанға көшіп келмегенде ол орындалмас еді деп ойлаймын. Мен ат спорты арқылы қазақ тілін де үйрендім және ағылшын тіліндегі сөз тіркес­терінің орнына қазақ сөздерін жиі қолданғанды ұнатамын. Сосын мені бұл ел манты жасауға үйретті, бұл – мен үшін мақтан тұтатын нәрсе.

– Астананың қай жерлерінде серуендегенді ұнатасыз? Елорданың қай жыл мезгілі ұнайды?

– Маған әсіресе Астананың саябақтары, соның ішінде Орталық саябақ, Ботаникалық бақ, Президент саябағы ұнайды. Бұл саябақтардың әрқайсысының өзіндік атмосферасы мен сүйкімділігі бар. Астананың көктемі мен жазын жақсы көремін. Негізі, мен жазғы демалысымның көбін Астанада өткіземін, бос уақытымды өткізуге жақсы қала ретінде санаймын. Дегенмен қыс мезгілі, қиындығына қарамастан, мен бас тартпайтын тәжірибе.

– Елорданың ерекшелігі қайсы, кемшін тұсы қандай?

– Астанаға қоныс аударғандар көбейген сайын көлік қозғалысы нашарлап барады. Бұл – дүние жүзіндегі ірі қалаларда жиі кездесетін мәселе, бірақ тұрғындардың қолайлылығын қамтамасыз ету үшін оны шешу қажет.

– Астананың 25 жылдығына қандай тілек айтар едіңіз?

– Болашақта Астананың гүлденуіне тілектеспін. Қала көп ұрпақтың мекеніне айналсын, көптеген мейірімді қонақтарды қарсы алып, өзін бүкіл әлемге жария етсін!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button