Мәдениет

Балаларға базарлық – опера

«Астана Опера» театрында Балалар жылы аясында ақын, композитор, Қазақстан Жазушылар және Композиторлар одағының мүшесі Тілеуғазы Бейсембектің 80 жас мерейтойына орай «Самұрық келген таң» атты балалар операсы қойылды. Либретто және музыкасының авторы – Тілеуғазы Бейсембек. Қоюшы режиссері – Еренбақ Тойкенов, дирижері – Руслан Баймурзин, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

«Астана Опера» солистері, миманс және «Астана Опера» балалар студиясының жас әртістері қатысқан бұл туынды бірнеше жыл бұрын VII республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауының «Балаларға арналған драмалық шығарма» аталымында бірінші жүлдеге лайық деп танылды.

Операда қазақ аңыздарының кейіпкері, киелі Самұрық құсын іздеп, жолға шыққан Айдар мен Айжанның бастан кешкен оқиғаларынан сыр шертіледі. Бұл ертегіде ержүрек кейіпкерлер мен олардың адал достарын Мәңгілік ел күтеді.

Екі күн көрсетілген қо­йылымда кейіпкерлерді әртіс­тердің қос құрамы сомдады. Атап айтқанда, Айдар – Бақ­тияр Қанат пен Даниал Әлімбаев, Айжан – Ақтолқын Мұхит және Тоғжан Ермағамбет, әже – Гүлжанат Сапақова мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, қасқыр – Құлын Дәулетбек, түлкі – Әсем Сембина, аю – Жандарбек Еркінбаев, барыс – Келіс Ахметбеков, Көктем – Елена Ганжа. Ал Самұрық құсын Мәдина Исламова дыбыстады.

Қойылым барысында Қазақ­стан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров опера авторын мерейтойымен құттықтап, «Еңбек ардагері» медалін тапсыр­ды. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтауы мен сый-сыяпатын осы ұйымның Астана қалалық филиалы директорының орынбасары Олжас Қасым жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button