Спорт

Астана боксшылары – Азия чемпиондары

Иордания астанасы Амманда өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды. Ерлер бәсекесінде 3 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль, ал әйелдер жарысында 3 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль қоржынға түсті.

Кеше Астананың халықаралық әуежайында Азия чемпиондары атанған елордалық боксшыларды астаналық жанкүйерлер ыстық ықыласпен қарсы алды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев және елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев құрлық біріншілігінің жеңімпаздары Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбайды және қола жүлдегер атанған Нұрбек Оралбай мен Ләззат Күнгейбаеваны жүлдесімен құттықтап, алдағы жылы өтетін әлем чемпионаты, содан кейінгі Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетуіне тілек білдірді.

Жалпы, құрлық біріншілігінде Қазақстан құрамасы 6 алтын, 7 күміс және 8 қола медаль иеленіп, бірінші орыннан көрінді. 6 алтын, 3 күміс және 4 қола жүлдеге қол созған Өзбекстан боксшылары екінші көрсеткішті бағындырды. 4 алтын, 2 күміс және 6 медаль еншілеген Үндістан құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Ал Иордания боксшылары алғаш рет 2 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлде алып, Азиядағы төртінші құрамаға айналды. Келесі орындарға Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея құрамалары орнықты.

Қазақстан құрамасынан Санжар Тәшкенбай (48 кг), Асыланбек Шымбергенов (71 кг), Айбек Оралбай (92 кг) ерлер бәсекесінде, әйелдер арасында Алуа Балқыбекова (46 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг) Азия чемпиондары атанды. Сонымен қатар, 7 боксшымыз күміс, сегіз боксшымыз қола жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Қазақстан ұлттық құрамасы боксшылары алдағы жылдың 1-14 мамыр аралығында Ташкентте өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. Ал одан кейінгі 2024 жылы Олимпиада ойындары күтіп тұр.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button