Басты ақпарат

Балаңыз ертең кім болады?

Таяуда ұлым әкесіне өзін суретшілер мектебіне беруді сұрады.
– Жоқ, балам, суретші болып кейін жан баға алмайсың. Одан да техника саласына жақын болған дұрыс, – деді әкесі. Ұлым бұртиып қалды:
– Маған сурет салған ұнаса қайтем. Сонда болашақта суретші елге мүлдем керек болмай ма?
Әңгіменің әрі қарай қалай өрбігені маңызды емес. Бірақ осы екі ауыз сөзде көңіл аударуға, ой бөлуге тұратын маңызды нәрсе бар. Ол – болашақта қандай мамандықтар өміршең болады, балаларымызды қай салаларға бейімдеген дұрыс, қайтсе олар табысты өмір сүреді деген мәселе.

Мемлекет қандай мамандарға мұқтаж?

Биылғы 2018-2019 оқу жы­лында жоғары білімі бар мамандарды даярлауға 53594 грант бөлінген екен. Ал республика бойынша 146695 бала мектеп бітіріп, 94 мыңнан аса түлек ҰБТ тапсырған. Мәлім болғандай, мемлекет тарапынан техникалық мамандықтарды дайындап шығаруға көбірек қаражат жұмсау көзделген екен. Атап айтқанда, «Техникалық ғылымдар мен технологиялар» бағыты бойынша алты мың грант қарастырылған. Ал әртүрлі пән мұғалімдерін, бастауыш білім ұстаздарын қоса айтқанда, «Білім беру» саласына 8 мың грант арналған. Сонымен бірге, грант көп бөлінген мамандықтар қатарында «Денсаулық сақтау» (2500), «Жаратылыстану ғылымдары» (3161), «Ауыл шаруашылығы» (2 мыңдай) салаларын да айтуға болады. Ал «Әлеуметтік ғылымдар» бағытына – 1495, «Гуманитарлық ғылымдар» бағытына 1355 орын ұсынылған. Ал Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында қосымша бөлінген 20 мың гранттың тағы 11 мыңы техникалық мамандықтарға арналған. Бұлай шешім шығаруға, әрине, қоғамдағы қажеттілік себеп болып отыр. Ал дәл біздің елімізде бүгін қандай мамандар жетіспейтіні зерттеу, сараптау жұмыстарының нәтижесінде анықталып келеді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Elite» рекрутингтік агенттігі мен «Срочно требуется» газеті редакциясы бірлесіп, еңбек нарығындағы сұранысты зерттеген. Сонда сұранысқа ие мамандықтардың қатарына сауда жөніндегі мамандар, бағдарлама жа­сау­шылар, ин­тернетте жұмыс жасайтын мамандар, бухгалтерлер, аудиторлар, телекоммуникация инженерлері, маркетологтар, жарнама саласындағы мамандар, талдаушылар, жобалаушылар, сәулетшілер, құрылысшылар жататыны анықталыпты. Ал кейбір мамандықтар «аутсайдердің» қатарына енген. Дәлірек айтсақ, заңгерлер, экономистер мен қаржы мамандарына тіпті қажеттілік байқалмаған.

Жұмыс көп пе, жұмысшы көп пе?

Жалпы, жарнамаларға көз сүзіп шыққанда электриктер, бағдарламашылар, ЭЕМ операторлары, турагенттер, шаштараздар, бухгалтерлер мен жүргізушілерге де сұраныс көп екенін байқау қиын емес. Сол секілді елімізде дәрігерлер, педагогтар мен психологтар, механиктер де жетіспейді екен.
Мұның нақты дәлелін Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығы деректерінен де көруге болады.

Бүгінгі күні елордада 5500 бос тұрған жұмыс орны бар. Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омардың айтуынша, жалпы қалада сатушылар, даяшылар, бармендер, әкімшілер, құрылыс саласы мамандары тапшылығы байқалады екен. Сол секілді медицина, білім секторларында, ішкі істер органдарында да бос орындар бар. Ал жеке кәсіпкерлер тарапынан массаж жасаушыларға, косметологтарға, визажистер мен сақтандыру агенттері, сарапшы-бағалаушылар, бизнес мәселесіне қатысты кеңесшілер мен бұрғылаушыларға да сұраныс жоқ емес.

Орталықта тіркелгені бар, тіркелмегені бар – елордамыз­да осылай бес жарым мың маманға зәрулік туып отыр екен. Алайда Жұмыспен қамту орталығында 3500 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Сонда бұл қалай? Жұмыс іздегендер неге бос тұрған жұмыс орындарын толтыра алмайды? Астана түрлі салалар бойынша мамандарды қажет етіп тұрған 5500 бос жұмыс орнына маманды енді қайдан алады? Олардың жұмысын кім атқарады? Ал сол бос орындардың ішінде сұранысқа ие кейбір мамандық иелері жұмыссыз ретінде тіркелгендердің, жұмыссыздардың қатарында жүргені неліктен?
Астана қаласының Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылғы I тоқсандағы көрсеткіш бойынша елордадағы орташа жалақы 223533 теңге деп көрсетілген. Демек, Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі тарифтердің, бағаның өсуін 223 мың теңге жалақы алатын азаматтардың күнкөріс деңгейіне жететін шамаға дейін босата алады. Мұндай жағдайда мамандардың айлық табысы 70-80 мың теңгені құрайтын жұмыс орындарына баруға құлқы бола ма? Не ішер асына, не киер киіміне, жүріп-тұруына жетпейтін, тіршілік жұтқыншағына жұғын да болмайтын жалақысы бар жұмыс кімге керек?
Хош. Біз бүгін қоғамға қажет мамандықтар туралы айттық. Бірақ адам жұмыс істеу үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін жұмыс істейді. Біз де балаларымыздың ел-жұртына да абыройлы, бір салада маманданған, тұрмысы да жақсы азамат болғанын қалайтынымыз анық.
Ендеше, біз «менің балам пәленше секілді мықты прокурор болса екен», «пәленше секілді журналист болса екен» немесе атақты актриса я ғалым болсын деп, балаларымыздың өзімізге ұнайтын тұлғаға айналғанын армандамас бұрын, қандай мамандық болашақта сұранысқа ие болатынын да бір сәт ойлап қойған дұрыс секілді.

Келешекте қажет мамандықтарды білеміз бе?

Оксфорд ғалымдарының зерттеуінше, алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың 47 пайызы сұраныстан шығуы мүмкін екен. Қазір әлемде шапшаң өзгеріс­тер орын алуда. Бұрынғыдай өте адал, үнемі адамгершілік қағидалары туралы ойлап, жай қозғалатын адамдардан гөрі ақыл-ойы жетік, кез келген ортаға, кез келген жаңалыққа тез бейімделетін, интеллекті дамыған, компьютердің, техника мен технология­ның тілін тапқыш азаматтар сапалы жұмыскерлер санатына жататынын аңғару қиын емес. Сарапшылар, атап айтқанда, алда нейроинтерфейс, робототехника, ген инженериясы саласының мамандарына, энергия көзінің баламасын таба алатын, климатты өзгертуді игере алатын мамандарға сұраныс туа­тынын айтады. Одан соң, әрине, ғарышты игеруге септігі тиетін мамандар қашанғыдай беделді болады. Марсқа ел қондырам деп өзінің тың бастамасымен әлемді аузына қаратып отырған Илон Масктің жобаларын жүзеге асыратын, сол жоба бойынша жұмыс істей алатын мамандарға қоғам қазірдің өзінде зәру.
Таяуда дүние жүзінің әле­уеті жоғары, мықты ғалымдары жиналып, Ұлыбританияда үлкен жиын өткізген екен. Сондағы сараптама нәтижесіне сенсек, қазіргі күні мектептерде, жоғары оқу орындарында оқып жүрген балалар мен жастардың 65 пайызы қазір қалыптаспаған, мамандықтар мен салалар санатына әлі енбеген жаңа кәсіп түрлерін игереді екен. Дәстүрлі білім моделінен олар саналы түрде бас тартып, өздері қажеттілігін сезінген жаңа ақпарат қорын игеруге ұмтылады. Бұл орайда Microsoft компаниясының өкілі, бүгінде Windows және Surface бағдарламалары бойынша жұмыс істеп жүрген Райан Асдоуриан: «Студенттердің басым көпшілігі бүгінде өздерінің болашағына алаңдаулы екенін көріп жүрміз. Олар өздерінің заманауи технологиялармен жұмыс істеуге дайын екендеріне сенбейді» дейді.
Ал The Future Laboratory редакторы Стив Тоз алда азаматтарға бірнеше саланы қатар меңгеру маңызды болатынын айтыпты. «Мәселен, виртуалды ортаның дизайнері суреткерлікпен қатар редакторлық қасиет­ке де ие болуы керек. Сонымен қатар, олар заман талабына лайық болу үшін қосымша архитектор мен психолог та болуы керек» дейді ол.
Сонымен, 2025 жылдың өзінде дүние жүзі бойынша ең сұранысқа ие мамандықтар қатары мынадай бірнеше кәсіп түрімен толығатын сыңайлы.
Алғашқысы – виртуалды орта дизайнері. Оған архитектуралық дизайн, редакторлық жұмыс, психология саласы бойынша білім керек. 2026 жылдың өзінде осы мамандықты миллионға жуық адам игеруі тиіс екен. Қазіргі қабылданған құжаттарға сенсек, Австралияның Дикин университеті 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап осы сала бойынша студенттерді оқытуды бастамақ екен.
Екіншісі – робот этикасы жөніндегі адвокат. Оған коммуникация, философия, этика саласы бойынша білім қажет. Иә, алдағы ғасыр – роботтар ғасыры. Адамға роботтар ассистент ретінде қызмет етіп, көмектесіп, жұмысын жеңілдете бастайды. «Ақылды машиналар» өндіру саласында вакансия көбейеді. 2018 жылға қарай Ұлыбритания­да осы саланың өзіне қатысты 55,8 мың жұмыс орны құрылады деп болжануда. Роботтардың адам өміріне араласуы қосымша проблемалар әкелетіні де анық. Бұл орайда Калифорния университетінің инженері Беркли Александр Ребен: «Қауіпті роботтар да болатынын талай дәлелдеген едім. Сондықтан енді біз роботтар көбейген сайын адам бойында туатын үрейді жеңуге қызмет ететін, жасанды интеллект қызметі шектен шығып кетпеуін қадағалайтын мамандарға да зәру боламыз» дейді.
Келесі жаңа мамандық мәдениет Digital-комментаторы деп аталады екен. Бұл саланың адамдары өнер, бизнес, PR және маркетинг тарихын оқуы қажет. Алдағы он жылда әлеуметтік желілер мен медиадан визуалды коммуникация биік тұратын болады.
Төртінші мамандық – фриланстағы биохакер. Бұл мамандыққа баратындар биология ғылымын, медицина методологиясын, анализ жасауды игеруі керек.
Бесінші мамандық – интернет материалдарының сарапшысы. Бұл кәсіпті коммуникация, кәсіпкерлік, инженерлік білімі бар азаматтар ғана игере алады.
Жаңа мамандықтарға ғарыш гиді де қосылыпты. Ғалымдар 2020 жылға қарай ғарышқа саяхат жасаушылар пайда болатынына сенімді. Сол саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, саяхатын қызықты өткізуіне қызмет ететін кәсіби мамандарға қажеттілік туатыны ақиқат.
Сол секілді жеке мәліметтер кураторы, қоршаған ортаны қалыпқа келтіру, қайта жаңғыр­ту инженері, күн және жел энергия­сын өндірушілер, адам ағзасын ауыстыруға, адамның сыртқы пішінін өзі қалағандай өзгертуге мүмкіндік беретін «адам ағзасы дизайнері» секілді жаңа мамандықтар пайда болатыны айтылған.

P.S:   Байқап отырғанымыздай, алда көптеген мамандықтар жойы­лады. Қазірдің өзінде, тіпті Еуропа мен АҚШ-та сатушы, кассир, кітапханашы деген секілді тұлғалар қажеттен шыға бастаған. Ал алдағы жиырма жылдан соң бір ғана Ресейдің өзінде 50 мыңнан астам шет тілі мұғалімі жұмыссыз қалуы мүмкін дейді сарапшылар. Өйткені тілді ендігі ұрпақ интернет пен қоғамдық орта арқылы игере бастайды. Шет тілі маманы мүлдем қажеттен шығады. Десек те, кез келген өнер мен сүйікті ісіңіздің жаңа заманға сай бір баламасы болатыны анық. Оның технологиямен тікелей қатысты болатыны да даусыз. Демек, суретші болуға құмартқан балаға да бейнелеу, көркем сурет салу қабілетін қажет ететін болашақтың мамандығын ұсына білуіміз керек сияқты. Бұл орайда ұрпақ болашағына жауапты әрбір ата-анаға балаға дұрыс бағыт-бағдар бере аларлық сезімталдық, қырағылық қажет-ақ…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button