Саясат

Барымызды бағалай білейік

Израиль мемлекетіне кезінде басшы болған Голды Меирдің естелігін оқығанымда «Өмірімдегі ең бақытты шағым Біріккен Ұлттар ұйымының ресми шешімімен Израильдің өз алдына дербес мемлекет болып құ­рылғанын естіген қарапайым еврейлер көздерінің жастарын тия алмай, жерді аймалай құшып сүйгендерін көрген тұсым» деген сөзі маған ерекше әсер етті. Отансүйгіштіктің керемет үлгісі емес пе бұл? Еврейлердің осы қасиеті көлінен шөлі басым құмды аймақты бүгінде алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдырып отыр.

Осыдан 26 жыл бұрын тәуел­сіздіктің тәтті дәмін татуды тағдыр Қазақ еліне де жазыпты. Бір қарағанда оңай олжа сияқты көрінетін тәуелсіздікке қол жеткізу жолында қазақ халқы небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерді. Қазақ қамы үшін бабаларымыздың қаны аз төгілмеді, бүкіл өмірлері ат үстінде өтті. Ақтамберді жырау былай жырлапты: «Жауға шаптым, ту байлап, шепті бұздым айғайлап, дұшпаннан көрген қорлықтан, жылады жүрек, қан қайнап, елді, жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап». 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінде қазақтың өрімдей жастары ата-бабаларының арман-үмітін ақтауға, туған елінің тәуелсіздігі жолында өздерін құрбан етуге дайын екендіктерін дәлелдеді.
Қазір бәзбіреулер мән бермеуі мүмкін, ал шындап келгенде, Тәуелсіздік тұғыры да оңай бекіген жоқ. Жылдар жылжып, күндер көмескіленсе де ойдан кетпейтін кезеңдер болады. Мен 1997-1998 жылдары Қарағанды облысының Ұлытау ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары едім. Жұмыс бабында жапырайған көлікпен 500 шақырым қашықта орналасқан елді мекендерге барған кезімде жұртшылық өре түрегеліп, жамырай алдымнан шығатын. Қошемет көрсету үшін емес, әрине. «Жалақы қайда? Жәрдемақы қайда? Зейнетақы қайда? Өзге де әлеуметтік көмектерің қайда?» деп сұрау үшін. Бірде бір әйел келді. Бес баласы бар екен. Балаларымды ал, асыра дейді. Жан-жақтан айғайшылар шығады. Үндемей тыңдаймын да, соңында Мұқағали Мақатаевтың мына бір өлеңін тіліме тиек етіп, былай деймін:
«Шыда, шыда, шыдай түс,
шыда тағы,
Мына заман шыдамдыны
ұнатады,
Үміттің құлан иек құла таңы
Әйтеуір бір атады, бір атады».
Сонда олар: «Балам, сен ренжіме. Біз келгеніңе қуанып отырмыз. Үкімет бар екен, бізді ұмытпаған екен. Жүр, шәй ішейік» дейді. Халқымыз айналып келгенде көнбіс, жуас, момын ғой. Сол кезде осыған көзім анық жетті. Бірақ момын дегенде, басына шығарады деген ой тумауы керек. Бұл – жағдайды түсінеді деген сөз.
Мына оқиға да көзден кетсе де, көңілімде қалып қойыпты. Сол күрмеуі көп тоқсаныншы жылдары Жезқазған кен-метал­лургия комбинатына қарасты өндіріс кәсіпорындары өз жұ­мыс­тарын тоқтатудың алдында болып, 60 мыңға жуық адам­ның жұмыссыз қалу қаупі төнді. Мұның арты, әри­не, жақ­сылыққа апармас еді. Ком­би­наттың бас директоры Тамерлан Урумовтың екі қолымен басын ұстап, шарасыздық күй кешіп отырғанын сол кезде көргенім бар. Бұл мәселе тек Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен ғана оң шешімін тапты. Сөйтіп, Оңтүстік Кореяның қалталы «Самсунг» фирмасы қаражатын салып, келісім-шартта белгіленген бес жылдың бедерінде тоқырауда болған комбинатты «Қазақмыс» корпорациясы деңгейіне дейін көтеріп, халықтың тұрмысын мейлінше жақсартуға септігін тигізді, әлемдік нарықта санасатын ірі қазақстандық компанияға айналдырды. Қазір «Қазақмыстың» акциялары Лондонмен қатар Гонконгта да айналымға шықты. Осылай жас Қазақстанның қадамын тік басып, бойын түзеп, алға қарай алыптың аршынды қадамын жасауына еркін жолды салып берді.
Дейтұрғанмен, біздің кейбір отандастарымыз тарапынан: «ел байлығы шетелдерге тегін сатылып кетіп жатыр», «ұлттық мүдде ескерусіз қалуда» деген әңгімелер аракідік болса да айтылып қалып жатады. «Экономика тізгінін шетелдіктерге беріп қойды, мұнайлы ел бола отырып біздер неге шылқып байымаймыз?» дейтіндер де бар. Мен қызмет бабымен рес­публикамыздың түгел дер­­лік аймақтарында болып, он­дағы оң өзгерістерді өз көзім­мен көрген адаммын. Мәселен, Кеңес өкіметі тұсында республи­камыздың ең кедей және нашар аймағына жататын Атырау өңірі бүгінде мұнайдың арқасында адам танымастай өзгерген. Жақсы жағына қарай, әрине. Қызылорда қаласында «Харрикейн» компаниясының қаржысымен бұрын-соңды болмаған көпсалалы аурухана салынып, қазір халық соның игілігін көріп отыр. Мұндай мысалдар жеткілікті және олар, түптеп келгенде, «біз ұттық па, әлде ұтылдық па?» деген сауалға тұшымды жауап болары анық. Сонымен бірге дамудың табан жолынан енді-енді шығып, даңғыл жолына аяқ басып келе жатқан біз сияқты елдерді өрке­ниеттің төріне шыққан өзге жұрт­тармен салыстыра қою да қиын. Сондай-ақ, біздің көрсетіп отырған және болашақта көр­сете де беретін ізеттілігіміз бен меймандостығымыз тіпті аң­қаулық пен кіріптарлықтың көрінісі емес екендігі есте бол­ғаны ләзім.
«Қазынаны құдай жасайды, бірақ оны игеру, қоғам игілігіне айналдыру мәселесі нақты адамға байланысты» деп тегін айтыл­маған. Әрине, бұл кез келген адамның қолынан келетін іс емес. Ол үшін шынайы беделді тұлға және осы беделді тұлғамен бедерленетін мемлекет қажет. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаевтың дарабоздығы, шоқтығының биіктігі ешқандай талас туғызбасы анық. Басқаны айтпағанда, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуы және 2018 жылы ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететіні Елбасының салиқалы ішкі және сыртқы саясатының айқын жемісі деп қабылдауға толық негіз бар.
«Біреуге қарап пікір ет, біреуге қарап шүкір ет» дейді халқымыз. Пікір етсек те, шүкір етсек те орынды. Әрине, өмір, тіршілік болғаннан кейін оның кемшін тұстары да кездеседі. Кемшілік болмаса қоғамның дамымайтыны тағы ақиқат. Ірілі-ұсақты кемшіліктерден біз де құр алақан емеспіз. Бірақ, бүгінде өркениет көшіне өркенді негізде көшкіміз келсе сол кемшіліктерді болдырмау, болған жағдайда дер кезінде сылып тастап отыру бағытында әрекет етуіміз керек. Ол үшін Президенттің бес институционалдық реформасын іс жүзіне асыру мақсатында түзілген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын толық орындауға бір кісідей жұмыла отырып, бас­ты мақсатымыз – өркениетті, дамыған 30 мемлекеттің қатары­нан табылуымыз қажет.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button