Sport

«Барыс» билеп-төстеді



Астананың «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасының шеңберінде Финляндияның Хельсинки қаласынан келген «Йокерит» командасын қабылдады.

Бұдан бұрын 2018 жылдың 23 қарашасында Хельсинки қаласында өткен ойында есесі кеткен «Йокерит» бұл ойынға барынша дайындалып-ақ келіпті. Оны алғашқы кезеңдегі екпіні аңғартты. Есепті алдымен 8-минутта қонақтар ашты. Шайба авторы – Сакари Маннинен. Бірақ араға екі минут салып айдын иелері таразы басын теңестіріп кетті. Антон Сагадеев­тің ыңғайлы пасын Әлихан Әсетов торға дәл түсірді.
Екінші кезеңнің басында Брэндон Боченски командасын алға шығарды. Бұған қонақтар сапынан Петер Регин жауап қатты. Алайда астаналық Андре Петерссон 38-минутта үшінші шайбаны соғып кетті.
Ал үшінші кезеңде «Барыс» толығымен билеп-төс­теді. Бас-аяғы бес минуттың ішінде төрт шайба салып тастады. Ерекшеленгендер – Роман Старченко, Андре Петерссон, Никита Михайлис, Егор Петухов. Ойын нүктесін 50-минутта Мэттью Фрэттин қойды. Жалпы есеп – 8:2.
Бұл ойынды «Барыс Арена» мұз сарайында 9263 көрермен тамашалады.
«Барыс» осымен «Йокерит» командасымен 9-рет кездесті. Соның алтауында астаналықтар жеңіске жетсе, үшеуінде «Йокерит» басым түскен.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button