Басты ақпаратДенсаулық

Инсульт құлатқанша қарап жүрмеңіз

Адамның ажалы неден келеді? Статистикалық орталықпен хабарласып, астаналықтардың өліміне себеп болған жайттарды білмек болдық. Мысалы, былтыр, 2018 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейін 4147 астаналық бақилық болыпты. Оның ішінде онкологиялық дерт 907 адамның түбіне жетіпті, 443 адамның ажалына жазатайым жайт себеп болған.

Ішімдіктің салдарынан, тыныс алу жолдарының асқынуынан, ас қорыту органдарының ауруларынан да тұрғындар көптеп көз жұмған. Жұқпалы ауру да 60-тан астам адамды алып кетіпті. Бізді ойландырған нәрсе, осы марқұм болған 4147-нің 31,7 пайызы, яғни 1316 адамның ажалына себеп болған кеселдің жайы еді. Бір жылда осыншама адам жүрек-қан айналымы жүйесінің бұзылуынан қайтыс болыпты. Мұның ішіне адамдардың гипертония, ишемия, ми қан тамырларының зақымдануы кіреді.

Орталықтағы опынғандар

Адам өмірін баудай қиған бұл дерттің не екенін білу үшін №1 қалалық аурухана жанындағы инсульт орталығына барған едік. Барып, екі дүниенің ортасында жатқан жандардың мүшкіл халін көрдік. Күні кеше аттай шауып жүрген апталдай азаматтардың сұлап түсіп, жартылай өлік болып жатқаны да жанымызға батты.
Орталықтың жұмысымен таныстырған аға ординатор Әлия Иманова «Инсульттің статистикасы өте жаман. 10 адамның 5-еуі комадан шықпай-ақ бірден өліп кетеді. 1-еуі ғана ұзақ уақыт бойына күтімі болып шектеулі тірлігіне орала алса, қалған 4-еуі мүгедек болып, созылмалы ауруының асқынуы салдарынан көпке жетпей көз жұмады. Егер бұрындары инсультпен, негізінен, егде адамдар ауырса, қазір жасы 30-дан енді асқан азаматтар қыршын кетіп жатыр» деп дерттің қатерін жасырмады.


– Әсіресе, жастардың ауру туралы ақпараты аз. Басы ауырды ма, аузы құрғап, тамағы кебірсіді ме, оған көңіл бөлмейді. Ал бұл – адам ағзасындағы нақты өзгерістің бір нышаны. Инсульт өздігінен пайда болмайды. Ол – адамның асқынған ауруларының ауыр зардабы. Инсультке жеткізетін аурулар шаш етектен: гематологиялық аурулар, қанның тез ұюы, холестерин, қант диабеті, т.б. Екіқабат әйелдердің бір аяғы төрде, бір аяғы көрде деп бекер айтпайды, олар да қатерлі топ­қа кіреді. Жылдар бойына қордаланған созылмалы ауруларын қадағалап, дәрігер кеңесін алып отыратындар кемде-кем. Стенокардия, инфаркт, инсульт дегеннің не екенін біле бермейді. Тіпті жақын аға­йындары не таныс­тары осы дертке шалдығып, дүниеден өтіп жатса да өзінің басына келмейтініне сенімділігі қамсыз­дығынан дер едім.

Асыланның ағаттығы

Орталықтың меңгерушісі Айгүл Қайсарбекова инсультті ми қан ағымы бұзылуы салдарынан ми тіндерінің зақымдалып, миға қан құйылуымен түсіндірді. Осында ем алып жатқан 35 жастағы Асыланмен сөйлесуге рұқсат берді. Асыланның көңілін сұрадық. Тілі күрмелсе де, сұрағымызға жауап беруге тырысты. 3 баланың қамы, жұмыс-тірлік деп дүрсін-дүрсін қан қысымының көтеріліп жүргеніне мән бермеген. Учаскелік дәрігерлердің іш деп берген дәрісін ішуге де қолы тимеген. Бір жағынан түймедей дәрінің күшіне емес, өзінің жастығына сенген болса керек. Күндердің күнінде бар қуаты таусылып, ес-түссіз құлап, реанимацияға түседі.


– Алдындағы халімен салыстырғанда Асыланның жағдайы көш ілгері. Біртіндеп есі кірді, жады қалпына түсіп келеді. Бір тәулік бойына реанимацияда жатып инсульт орталығының қарқынды терапия бөлімінде ем алды. Қаңтардың со­ңына дейін осында жатып, сосын оңалту бөлімінде қаралады. Төрт ай бойына дәрігер нұсқауын орындап, өз үйінде күтім жасалуы тиіс. Одан кейін қалпына келмесе, маңдайына жазғанын көреді, – дейді орталық меңгерушісі Айгүл Қайсарбекова.

Кеселден кейінгі қиын өмір

Осы жерде шегініс жасап айта кетейін, инсульттен, жалпы науқастың сал­дарынан мүгедектікке шыққанның ахуалы өте мүшкіл. Егер ем қонбай еш қарекетсіз қалса, 1-топ­қа, тілге келіп, өз тамағын өзі жей алатын болса онда 2-топқа, өзі жүріп-тұрып, өз жағдайын өзі жасайтындай болса 3-топқа жатқызылады. 1-топтағыларға міндетті түрде аузына су тамызатын күтуші қажет. Қазіргі күнде мұндай кісілерге ешқандай жағдай жасау қамтылмаған. Демек, науқас ағайынның қолына қарап қалады деген сөз. Оның үстіне, үнемі ішіп отыруы тиіс дәрі-дәрмегінің бағасын қосыңыз. Жалпы, инсульт орталығында емдеу­дің мәні өзгеше, науқас өзіне-өзі келіп, өзі тамақтанып, өзі дәретке отыра алатындай дегендей, жеке басына қа­тыс­ты әрекетін жасай алатындай қалпына келтіреді. Инсульт құлан-таза жазылып шығатын ауру емес. Бір нау­қастың орталықта екі апта жатып алған емі – шамамен 130-190 мың теңгенің аралығында.
Алла жанын қалдырып, жарық сыйласа да, инсульттен тұру оңай емес. Ол дегеніміз не? Бас миының қалпына келуі науқастың өзінің өмірге құлшынысы артып, аурумен алысқанда ғана қалпына келеді. Көбі күйзеліске түседі. Неге? Өйткені күні кешеге дейін сап-сау болып жүріп-тұрғанда аяқастынан мүшкіл халге түседі. Отбасына масыл болу да күйзелісті тереңдетеді. Одан бөлек, тұрмыс­тық дағдыларын қалпына келтіретін эрготерапевтің жұмысы бөлек. Ол киімінің түймесін түймелеп, қалай ағытып, қалай жуынып, қалай сақал алу керек деген сияқты қарапайым тірлігін қалпына келтіреді. ЛФК нұсқаушысы қол-аяғын қалай қозғап, орнынан тұрып, жүруді үйретеді. Бұл да ұзақ процесс.

Ішімдік те іштен шалады

Келесі палатада ішімдік салдарынан миына қан құ­йылған адам жатыр екен. Апталап арақтан аузы құрғамаған. Талмасы ұстағанға дейін де аурудың нышандары білінген. Әлсіздік, аяқ-қолдарынан күш кеткен, беті бір жағына қиса­йып, тілі күрмеліп, орнынан тұра алмай қалғанда барып құлаған жерінен тауып алған. Есін біледі, бірақ жартылай денесі жансыз қалған. Осылайша Әлия Иманова науқастың қысқаша тарихына тоқталып өтті. Алкоголь, темекі, құрамында кофеин бар энергетикалық сусындардың шамадан тыс ішуі де осыған итереді.
Жалпы, аурудың себебі өзімізде жатыр. Бұл қоршаған ортаның қолайсыз­дығы, үлкен қалаға тән стресс, әлеуметтік жағынан ертеңге деген сенімсіздік, тіпті банктен алған несие­міздің уайымы да түбімізге жетеді. Одан қалды фастфудты (бургер, гамбургер) түрлі сусынмен қосып ішіп алғанда ол да ағзамызға жұғымды емес. Біздің жаман әдеттеріміз аурудың құрсауына тікелей алып келеді. Семіздік те инсультті қоздыратын фактордың бірі. Салауатты өмір салтын ұстап, тым болмаса күніне бір сағат жаяу жүріңіз деген сөзімізді кім ескеріп жатады дейсіз.

Есен-сауында қамқор болайық

Мына өмірде мәңгілік бірге жасайтындай ағайын арасында, қызметтес әріптестер арасында, бастық пен қолас­тындағы қызметкерлердің бір-бірімен жауығып, өмірін азапқа айналдыратындар да жетіп артылады. Осындай жағдай да адамның иммунитетін азайтып, өмірін қыс­қартады.
Орталықтың меңгерушісі Айгүл Қайсарбекова сөз арасында мына бір нәрсе туралы айтып еді. «Осында келіп түскен адамдардың артынан тым құрығанда он адам хабарласып, науқас­тың бірі ағасы, бірі көкесі едім, жақсылап қараңыз деп өтініп жатады. Қолынан келсе, жүрегінің жартысын бөліп бергісі келіп тұрғандай. Жаны қиналғанда жанынан табылатынымыз, ағайынды «өкпеге қиса да, өлімге қимайтынымыз бар», ол да түсінікті. Бірақ сол адамның ағайындары инсульттен құлағанша күтпей, арагідік жағдайын біліп, не істеп жүргенінен хабардар болып, бір-біріне қамқоршы болса, осындай халге жеткізер ме еді? Қолды кеш сермегенмен не пайда?!».

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button