Басты ақпаратҚұқық

Бас қалада қылмыс кеміді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде заңды ізгілендіру арқылы құқық қыз­метін нығайтуға, қоғамда әділеттіліктің үстемдігін күшейтуге баса назар аударып отыр. Міне, осы бағытта қазір бас қала прокуратурасында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, заңнан аттағандардың бәрін бірдей қамауға алуды мақсат тұтпай, ұсақ, орта дәрежелі қылмыстарды медиация (татуластыру) немесе келтірілген зиянның орнын толтырып, айыппұл төлету арқылы бас бостандығынан айырмау тәжірибеге енгізіле бастады.

Базарлар мен ломбардтар тексерілді

2018 жылы қамауда ұстау 1417-ден 1092-ге, яғни 23 пайыз­ға, ал қылмыс жасап ұсталғандар саны 1484-тен 1284-ке (13 пайыз) кеміген. Сонымен қатар қала халқы жыл сайын 40 мың адамға өсіп отырғанымен, қылмыс 2017 жылмен салыстыр­ғанда 24 пайызға азайған.
Дегенмен қалада ұрлық көп екенін жасыруға болмайды. Барлық жасалатын қылмыстың 60 пайызы бөтеннің мүлкіне қол сұғу болып отыр. Әрине, қоғамда орын алып отырған бұл келеңсіздікпен құқық қорғау органдары барынша күш жұмылдырып, күресуде. Алайда белең алып отырған суыққолдарға түпкілікті тосқауыл қою мүмкін болмай келеді.
Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында талай рет айтылғанындай, ұрылардың қолды қылатын заттары көбіне – бағалы ұялы телефондар мен қыз-келіншектердің қымбат алтын әшекей бұ­йымдары. Бұл заттардың қаладағы базарлар мен ломбардтар арқылы сатылатыны да жасырын емес. Осындай заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында өткен жылы қаланың прокуратура қызметкерлері елордадағы 140-қа тарта базар мен ломбард сауда орындарына тексеру жүргізіп, азаматтарға тек сатқан адам ғана емес, ұрланған заттарды сатып алған адамдар да қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы түсіндірілген.

Азаматтардың қауіпсіздігі үшін

Қандай қылмыс болмасын, көбіне ішімдік ішіп, адам өзінің іс-әрекетіне бақылау жасай алмаудан туындап жатады. Әсіресе, буыны әлі қатып үлгірмеген жасөспірімдерге арақ сату – күнәнің ең үлкені екені белгілі. Бірақ оны түсініп жатқан саудагерлер жоқ. Оларға, ең бастысы, саудалары жүріп, қалталарына тиын-тебен түссе болғаны. Міне, осындай келеңсіздік бас қалада да азаймай отыр. 2017 жылы алкогольді ішімдіктерді сату тәртібін бұзған 28 дерек анықталса, өткен жылы осындай 33 оқиға тіркелген.
Көптеген адамдар «көңіл көтеру орындарына бір-екі жүз грамм арақ ішіп, бойымызды қыздырмасақ, не үшін келеміз?» деп наразылық білдіреді. Әңгіме олардың ойын-сауық орнына келіп, көңіл көтеруінде емес, әңгіме меншік иесінің белгіленген ережені сақтамай, тәртіп бұзуында болып отыр. Өткен жылы осындай мейрамхана мен дәмхана иелеріне, көңіл көтеру іс-шараларын ұйымдастыратын кәсіпкерлерге арақ-шарап өнімдерін заңсыз сатпауы туралы түсінік жұмыстары жүргізіліп, егер жаппай тәртіпсіздікке жол беріліп, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейтін болса, лицензиялары тартып алынып, тіпті қылмыс­тық іс қозғауға дейін шаралар қабылданатыны прокуратура қызметкерлері тарапынан қатаң ескертілді.
Тұрғын үйдің аулаларында болып жататын ұрлық-қарлық көп жағдайда тұрғындардың салғырттығынан, немқұрайлы­лығынан екендігі анықталып жатады. Солардың ең етек алған түрі – түн жамылып автокөлік салондарына түсу. Сұғанақтар көбіне қымбат заттарын автокөліктерінде қалдырып кететіндер «ұмытшақ» және автомашиналарын көзден таса жерде ұзақ уақыт қараусыз қалдырып кететін салдыр-салақ жүргізушілерді төңіректейтіні белгілі. Тіпті орын алған оқиғалардың ішінде көлік иесінің машинасының есігін ашық қалдырып кеткен факті де кездесті.
Екінші бір мәселе – қайда барып, қайда, қанша уақытқа сапар шегетініне дейін әлеуметтік желілерге жазып отыру да теріс пиғылды адамдардың қызығушылығын тудыратынын естен шығырмаған жөн. Міне, осындай жайларға жол бермес үшін 2018 жылы елорда прокуратурасы ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, тұрғын үй кешендерінде тұрғындармен 800-ден аса кездесу өткізген. Бұл жерде пәтер иелері кооперативі төрағалары мен автокөлік иелерінің пікірлері жан-жақты тыңдалып, көлік ұрылары мен пәтер тонаушыларға қарсы кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.

Прокурорлық қадағалау күшейді

Кейінгі кезде алаяқтықпен халықты алдау, арбау көбейіп бара жатқаны құқық қорғау органдарын қатты алаңдатып отыр. Осыған байланысты өткен жылы қала прокуратурасы осы келеңсіздіктің алдын алу мақсатында арнайы медиа жоспар жасап, бірнеше бейнероликтер түсірген. Осы өнімдер халыққа қызмет көрсету орындары мен қоғамдық көліктерде, тағы басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде тұрақты көрсетілуде. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында алаяқтардың алдау әдіс-тәсілдері жөнінде бірнеше мақалалар жарияланып, олардың құрбаны болмау­дың жолдары да түсіндірілді. Әсіресе, қаламызда бірнеше ондаған адамға материалдық та, моральдық та залал келтірген жиһаз жасаушылардың алаяқтығы, олармен күрес жолдары туралы бірнеше мақала жазылып, тұрғындарды сақ­тандыруда жүйелі жұмыстар атқарылды.
Астана аумағында 4550 бейнекамера қойылса, оның қала тіршілігін кешенді қамтамасыз ету аясында 3750-і тұрақты жұмыс істеп тұр.
Міне, осындай ауқымды іс-шаралардың нәтижесінде 2018 жылы Астана қаласында адам өлтіру – 35 пайызға (48-ден 29-ға), өлімге әкелетін денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 30 пайызға (23-тен 16-ға), ұрлық – 27 пайыз­ға (19559-дан 14210-ға), тонау – 25 пайызға (1090-нан 815-ке), қарақшылық шабуыл 10 пайызға (51-ден 46-ға) төмендеді.
Үкіметтің отырысында Мем­лекет басшысы жер қатынас­тары мен коммуналдық қыз­метке тариф белгілеудегі заң­­­сыздықтарды тексеріп, ретке кел­тіру жөнінде тапсыр­ма бергені белгілі. Осыған бай­ланыс­ты «Астана-Энергия», «Астана-РЭК», «Астана-­Тепло­транзит» акционерлік қоғам­дары мен «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ке тексеру жүргізілді.
Бұл компаниялардың табиғи монополиялар саласындағы ережелерді белінен басып, көптеген заң бұзушылықтарға жол бергені, сөйтіп бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны, инвестициялық бағдарламаларды уақытында орындамағаны анықталып отыр.
Осыған орай, қалалық прокуратура 3 монополист компания­ға электр мен жылу бағаларын 1,2 млрд теңгеге төмендететін уақытша өтемдік тарифтер белгілеген актілер енгізді.
Атап айтқанда, жылумен жабдықтауға арналған тариф­тер әрбір Гкал үшін 2297,74 теңгеден 2069,73 теңгеге және электр қуатына әрбір кВт/с үшін 14,59 теңгеден 12,62 теңгеге төмендетілді.
Сондай-ақ «Жұмыспен қамту-2020» және «2017-2021 жылдар аралығында жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылуын тексеру барысында 169 азамат 6,5 млн теңгеге қажетсіз мамандықтар бойынша оқытылғаны анықталды.
Кейінгі жылдары алақол құрылыс басшыларының ке­сірінен зардап шеккен үлес­керлер жиі шағымданатын болды. Қала прокуратурасы олардың түйінді мәселелерінің заң талаптарына сай шешілуіне үнемі ықпал жасап келеді. Мәселен, 2018 жылы осындай 2700 үлескердің мүддесі қорғалып, 29,9 млрд теңге 30 талап-арыз қанағаттандырылса, қазір 392 азаматтың мүддесіне қатысты 4,2 млрд теңге 3 талап-арыз қаралуда. Сөйтіп, осы активтердің барлығы алданған үлескерлерге қайтарылып, олар сол тоқтап қалған нысандардың құрылысын енді өз беттерінше салып бітіруге мүмкіндік алды.
Мұндай келеңсіздіктерге бұдан былай жол бермеу үшін елорда прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесе отырып, құрылыс нысандары мен жосықсыз құрылыс салушыларды анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізуде.
2018 жылы «Тұрғын үй құ­ры­лысына үлестік қатысу туралы» заңды белінен басып, азаматтардың қаражаттарын тартқан 41 құрылыс басшысы анықталып, олардың 14-іне әрқайсысына 300 айлық есептік көрсеткіш (721500 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Нақты жүзеге асырылған кешенді шаралар түйткілді нысандар санын өткен жылы 2 есеге (58-ден 28-ге) қысқартуға мүмкіндік берді.
Елорда прокуратурасы алдағы уақытта да азаматтардың конс­титуциялық құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың және мемлекет­тің мүдделерін қорғауға бағытталған қызметін одан әрі жал­ғас­тыра беретін болады.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button