Басты ақпарат

Бас қаладан бастау алды

«Астана! Бірге жарқыраймыз!» атты ауқымды экологиялық фестиваль елордадан бастау алды. «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында өткен игі шара енді Шымкент, Ақтау және Алматы қалаларында жалғасады.

Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қоры экологиялық фестивальді БҰҰ даму бағдарламасы мен Астана әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Оған 4000 мыңға жуық елордалық оқушылар қатысты. Шара аясында балалар «Мен ақылды қаламды сүйемін!» ұранымен түрлі ойындар мен шеберлік сағаттарына қатысты. Жеткіншектер су үнемдеудің жолдарымен танысып, энергияны тиімді пайдалануға үйренді. Қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйреніп, интерактивті ойын ойнады. Сондай-ақ, тұрмыс­тық қалдықтарды бөліп тастаудың маңыздылығы түсіндіріліп, балалар төтенше жағдай кезінде сақтық шараларды үйреніп білді.
Қор төрағасының орынбасары Татьяна Немцанның айтуынша, «Бірге жарқыраймыз!» фестивалі – БҰҰ даму бағдарламасының халықаралық бастамасы. Ол жасыл технологиялар мен қалалардағы «ақылды» қадамдарды дамытуға бағытталған. Экологиялық фестиваль жыл соңына дейін еліміздің барлық аймақтарында өтеді деп жоспарлануда. Одан кейін эстафета Арменияға жөнелтіледі.
Ал Астанада бастау алған эстафета алауын қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Шымкент қаласына жеткізу үшін Шымкент әкімінің орынбасары Тимур Баймұхановқа тапсырды. Ол әрі қарай экологиялық шараға қатысуға ниет білдірген қалаларға беріліп отырады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button