Қала тіршілігі

Әділеттіктен аттап кеттік пе?

Екі жылдың ішінде еліміз бойынша 40-қа жуық әділет қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның тең жартысы – сот орындаушылар. Бұл туралы Астана қаласының Әділет департаментінде өткен «Астана – адалдық алаңы» жобасының көшпелі кеңес отырысында белгілі болды. 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы­ның орынбасары Хәкім Құшқалиевтің айтуынша, дәл қазіргі уақытта Астана қаласы Әділет де­партаменті басшысының орынбасары Рамазанов пен басқарма басшысы Дәулетбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Лауазымды тұлғалар «Астана қалалық жарық» мекемесінің атқару ісін тоқтату үшін 22 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен қамауға алынған еді.
«Ұлттық бюро іс-қимыл сипатын өзгертуге көшті. Біз жазалау шараларын төмендетуіміз керек. Қылмыстық іс бойынша ерекше мән-жайларды анықтауда шаралар қолданамыз, бірақ бас бостандығынан айыру емес. Биыл осыған байланысты агенттік төрағасының нұсқауымен тиісті нормативтік құжаттар жолданды» дейді төраға орынбасары. Осылайша, ұлттық бюро пара алып, қамауға алынғандардың жазалау шараларын ізгілендіруді қолға алмақшы. Олардың пікірінше, егер азаматтың балалары, үйі болса, ол ешқайда қашып кетпейді. Өзінің кінәсін мойындап, қатесін түсініп жатса, оны абақтыға қамап, отбасына қиындық туғызудың қажеті жоқ. Сондықтан, қазіргі уақытта жемқорлықтың алдын алу мақсатында ауқымды іс-шаралар жүргізілуде.
«Біз мемлекет тарапынан адамгершілік танытсақ, әр азамат оны дұрыс түсінеді. Егер азамат кінәсін мойындап тұрса, неге біз оны тергеу абақтысына қамап, елімізде түрмеде отырғандардың санын ұлғайтуымыз керек? Биылдан бастап Қазақстанда сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталғандар қамалмайды. Оларға қатысты негізінен қамаумен байланыссыз бұлтартпау шаралары қолданылады» дей келе, абақтыдағы бір адамды асырауға жылына мемлекет тарапынан бір миллион теңгедей ақша жұмсалатынын алға тартты.
– «Атқарушылық іс жүргізу жә­не сот орындаушылар мәртебесі туралы» заңға жаңа ережелер енгізілуі тиіс. Мысалы, құжатта «сот орындаушы құқылы» деген тіркес жиі кездеседі. Бірақ, оларға мұндай таңдау берілмей, нақтылаған жөн. Екіншіден, заңда орындалу мерзімі жағын қайта қарастыру қажет. Сот орындаушылардың көбі сот шешімдерін уақытылы орындамайды. Оның бір себебі – заңның шикілігінде. Сот орындау­шыға екі ай мерзім берілгенімен, заңның келесі нормасында сот орындаушы мен талап-арыз берген азаматтың арасында жазбаша шартқа қол қойылып, сот орын­дау­шының өзі мерзімін бекітуі қарастырылған. Демек, сот орындаушы бір айда шеше ме, алты айда шеше ме, ақшасын созып жүре беруі мүмкін. Бұл әділдікке қайшы келетін ереже» деп түйіндеді Хәкім Құшқалиев.
Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын бас қалада мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырып, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюды көздейтін «Астана – адалдық алаңы» жобасы іске қосылған болатын.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button