Басты ақпаратҚала тіршілігі

Бас қалаға газ келсе…

Еліміз газбен 50% қамтамасыз етілген

Еліміздің энергетикалық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету – аса маңызды мәселелердің бірі. Осы мәселені шешу үшін газ тасымалдау инфрақұрылымын да­мытудың стратегиялық маңызы зор. Осыған орай ел Үкіме­ті 2014 жылы Қазақстанды газдандырудың 2015-2030 жыл­дарға арналған негізгі тізбесін бекітті. Ресми мәліметке сүйен­сек, газ қорлары бойынша Қазақ­стан әлемде 22-ші орынға, ал ТМД елдерінің ішінде 3-ші орынға ие. Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі газ өндіру көлемі жылына 8-ден 52 млрд текше метрге дейін артты. Газды ішкі нарықта тұтыну 1,5 есеге (1991 жылы 9 млрд текше метр­ден, 2017 жылы 13,8 млрд текше метрге дейін) өсіпті. Энергетика министрлігі таратқан мәлімет бойынша, бүгінгі таңда ел тұрғындарының шамамен 50 пайы­зы газбен қам­тамасыз етілген.
Ел Үкіметі орталық және солтүстік аймақтарды газдандыру үшін бастапқы кезде екі негізгі нұсқаны әзірледі: 1) Ресейден газ жеткізу арқылы Қарталы – Тобыл – Көкшетау – Астана бағыты бойынша «Батыс – Солтүстік – Орталық» газ құбырын тарту. 2) «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Темір­тау – Астана – Көкшетау – Петропавл» бағытымен «Сары­арқа» магистральді газ құбырын тарту. Мемлекет басшысы ағым­дағы жылдың 5 сәуірінде «Прези­дент­тің бес әлеуметтік бас­тамасы» атты халыққа үндеуін жария­­лаған кезде алдағы 1,5 жыл ішінде «Қызылорда – Жез­­­қазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағытымен «Сарыарқа» магистральді газ құбыры құрылысының жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы еліміздегі үшінші ірі газ жобасы. Оны іске асыру нәтижесінде елді газбен қамтамасыз ету аясы кеңейеді. Екіншіден, Қазақстанда шығарылған газ (Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған) пайдаланылып, ол индустриалды дамыған аймақтар арқылы өтетін болады.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

«Алдағы екі-үш жылда елорда іс жүзінде толығымен газға көшіріледі. Қазір жекеменшік сектордағы үйлерге, жылу-электр станциясына (ЖЭС) газ тарту мәселесіне қатысты ұсыныстарды талқылап жатырмыз. ЖЭС-ті газдандырудың әртүрлі нұсқалары бар. Экология мәселесіне ерекше назар аударамыз. Экологиялық стандарттарды сақтай отырып, ЖЭС-тің бірінде көмірді терең өңдеу технологиясын қолдану жөніндегі ұсыныс айтылуда. Бұл жерде еуропалық компанияларды ынтымақтастық қарым-қатынасқа шақырамын».

1081 шақырым құбыр салынады

Айта кетелік, ауқымы бойынша бірінші бірегей жоба: Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры да Елбасының тікелей тапсырмасымен, яғни, Қытай Халық Республикасы төрағасымен уағдаластығы негізінде салынғаны белгілі. Бұл бағыттың іске қосылуы екі маңызды міндетті шешуге жол ашты. Біріншісі – еліміздің оңтүстігіне отандық газ тартылды. Екіншісі – Қытайға көгілдір отынды экспорттауға кірістік. Екінші жоба – Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай халықаралық газ құбыры. Қазіргі кезде осы құбыр арқылы Орталық Азияның газы Қытайға экспортталады. Енді үшінші жобаға келейік. Ол төрт кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде ұзындығы 1081 шақырымды құрайтын «Қызылорда – Жезқазған – Қара­ғанды – Астана» бағыты бойынша магистральді газ құбырын салу жоспарланып отыр. Екінші кезеңде магистральді газ құбыры Астанадан Көкшетауға дейін, ал үшінші кезеңде әрі қарай Петропавлға дейін жеткізіледі. Төртінші кезеңде «Жезқазған» және «Теміртау» компрессорлық станцияларының құрылысы қарастырылған. Үшінші ірі жоба­ның бір артықшылығы – Астана, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының тұрғын­дарын және магистральді газ құбырының жолына жақын ор­наласқан елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз етеміз.

Жұмыс шілде айында басталады

Қазіргі кезде «ҚазТрансГаз» АҚ жоба құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі, оған оң сараптамалық қорытынды берілді. Жобалық-сметалық құжаттама мемле­кеттік сараптамадан өткен соң 2018 жылы маусым айында іске қосылады. Биыл маусым айында жобаны қаржыландыру мәселесі шешіледі. Ал шілде айының басында магистральді газ құбырының алғашқы түйісетін жерін дәнекерлеудің салтанатты рәсімі өткізіледі. Жоспарға сәйкес, «Сарыарқа» деп аталатын газ құбырының бірінші кезеңі бір жылда іске асырылады. Оның құны – 267,3 млрд теңге. Ал жобаның жалпы құны шамамен 370 млрд теңге.
Энергетика министрлігі хабар­ла­ғандай, Астана қаласына газ тартылғаннан кейін табиғи кө­гілдір отынның құны 47-50 теңге көлемінде болады деп болжануда. Бұл жобаның әлеуметтік-экономикалық түпкі нәтижесі не болмақ деген орынды сауал туындары анық. 192 жекеменшік қазандық, 48 шағын коммуналдық қа­зандық, жекеменшік тұрғын үй секторындағы шамамен 22 мың үй, сондай-ақ жылу-электр станциясы сұйытылған отыннан газға ауыстырылады. Бұл – бір. Екіншіден, «Сарыарқа» газ құбырын салу барысында шамамен 800 жаңа жұмыс орны, оны пайдалану кезеңінде 225 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Мамандардың есептеуінше, еліміздің орталық және солтүстік аймақтарын газбен толық қамтамасыз етуге шамамен 2,5 млрд текше метр газ жұмсалады екен. Айта кетелік, аталған өңірлерге көгілдір отын­ды жеткізу үшін осындай айтулы жобаны іске асыру қазақ­стандықтардың әл-ауқатын арттыратындықтан қаржылық тұрғыдан аса маңызға ие.
Жасыратыны жоқ, халықты газбен қамтамасыз ету оның экспорты көлемінің төмендеуіне әкеледі, бұл өз кезегінде ел бюд­жетінің кірісіне теріс әсер етуі мүмкін деген де болжам бар. Бірақ мемлекет бұл қадамға саналы түрде барып отыр. Өйткені газдың басым бөлігі экспорттауға емес, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Себебі газ біздің республикамыздың ұлттық байлығы және ол халық­тың игілігіне жұмсалуы керек.

Әлемдік трендтен тыс қалмаймыз

Бұл жобаны жүзеге асыру жыл сайын су жылытатын қазандықтарда жағылатын кө­мірдің орнын алмастыру арқылы Астана үшін әлеуметтік-экономикалық жағынан пайдалы әсерін тигізеді. Соның нәтижесінде жылына ауаға таралатын зиянды қалдықтар (күкірт диоксиді, көміртегі тотығы, азот диоксиді, азот тотығы, қатты бөлшектер) 36,1 мың тоннаға дейін азаяды. Қай жағынан алып қарасақ та, қарапайым халық көмірдің орнына табиғи газды пайдалануды қош көреді. Өйткені газды отын ретінде пайдалану әрі арзан, әрі ыңғайлы.
Газға көшудің көмір өнеркәсібін дамытуға тигізетін әсеріне ке­лейік. Мысалы, Астанада көмір­дің негізгі тұтынушысы – жылу-электр станциясы. Газдандыру есебінен көмірді отын есебінде тұтыну көлемі 650 мың тоннаға дейін азаяды. Елімізде жылына 100 миллион тоннадан аса көмір өндірілетінін ескерсек, бұл соншалықты теріс көрсеткіш емес. Қазір күллі әлем бірте-бірте көмірден бас тартып, «жасыл» технологияларға, яғни, жаңартылатын энергия қуатына көшуде. Бұл – әлемдік тренд, Қазақстан да одан тыс қала алмайды.
Айтарлығы, көмірді ең көп тұтынатын Екібастұздағы ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 қатты отынмен жұмысын жалғастырады. Қарағанды мен Жезқазған бойынша мәселе әлі қарастырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет жол картасын әзірледі. Соған сәйкес, магистральді газ құбырының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау мен бекітуді, газ құбыры өтетін жер­лерді бөлуді Энергетика, Инвестициялар және даму ми­нистрліктері, облыс әкімдіктері мен «ҚазТрансГаз» АҚ-ы бірлесіп жүзеге асырады. Бұдан бөлек, қаржы тартуға жеткілікті капиталы бар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жанынан еншілес ұйым құру қарастырылуда. Қазір магистральді газ құбырын толтыру және тұтынушыларға газ жеткізуді тиімді жүргізу үшін Қарағанда, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктері тарапынан көгілдір отын тарату желілерін жобалау және оларды тұрғызу мәселесін пысықтауда. Газ тарату желілерінің бірінші кезеңі «Сарыарқаға» қосылуға 2019 жылдың шілде айында дайын болуы керек.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button