Басты ақпаратЖаңалықтар

Басты мақсат – тұрғынға жайлы орта

Қазір елордада қала тіршілігін қамтамасыз ету бойынша барлық бағыттарда белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу басталды. Барлық жоспарланған жұмыстар қаланың шебер-жоспарына сай жүргізілуде.

«Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС базасында Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, шаһарда атқарылып жатқан маңызды жұмыстар жайлы әңгімеледі. Қала басшысының орынбасары әлеуметтік және қолжетімді баспананың құрылысы, 3-ЖЭО-ны салуды аяқтау жұмыстары
туралы айтып, басқа да өзекті мәселелерге тоқталды.
Шаһарда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев толығырақ әңгімеледі. Оның сөзінше, аталмыш басқарманың басты бағыттары – елорданы одан әрі дамытудың бас жоспарын іске асыру, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары салаларында тұрғындарға қызмет көрсету, салынып жатқан нысандарға мониторинг жүргізу.
Бас жоспарды іске асыру аясында өткен жылдың қараша айында елорданы дамытудағы үлкен маңызға ие төрт ірі жобаны әзірлеу басталды. Қазір жеке инвестициялар есебінен клинико-диагностикалық орталық, заманауи жылыжай кешені, электробустар паркі, ет өңдеу кешені сынды ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр.
Өткен жылы Қазақ драма театры, жеңіл атлетикалық манеж пайдалануға берілді. Осы жылдың аяғына дейін 30 мың орындық жаңа мешіт пен «Абу Даби Плаза» көпфункционалды кешенін тапсыру жоспарланып отыр. Өткен жылы елорданың шебер-жоспары бекітілді. Бұл техникалық құжатта көрсетілген жұмыстар бас жоспармен қатар жүргізіледі. Шебер-жоспарда қаланы дамытудағы бюджеттік, демографиялық, әлеуметтік, басқа да маңызды жұмыстар көрсетілген. Соған сәйкес қоғамдық кеңістіктерді құру, аулаларды жаңғырту, «Жасыл аймақ» жобасын іске асыру, баспана мен білім нысандарын, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу жүргізіліп жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button