Мәслихат

Бірлік бар жерде, тірлік бар



Жуырда Астана қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті қабылданды. Оның алдында бюджет жобасы қалалық мәслихат отырыстарында бірнеше мәрте талқыланды. Осы орайда мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мирас ШЕКЕНОВ әңгімелеп берді.

– Мирас Ерғалиұлы, алдағы жылдар бюджетін талқылағандарыңызда қандай мәселелерге назар аударып, нақты қандай істердің оң шешілуіне ықпал еттіңіздер?
– Биыл мәслихат депутаттарының бастамасымен Астана қаласының жекелеген санаттағы азаматтарына әлеуметтік көмек көрсету тәртібіне өзгеріс­тер енгізілді. Бұл өзгеріс қаланың қоғамдық көліктерінде жолаушыларды тасымалдауға қатысты болды. Енді 18 жасқа толмаған мүгедек балалардың ата-аналары және заңды өкілдері перзенттерін автобустарда тегін алып жүре алады. Бұдан бұрын мұндай тәртіп 7 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне жүретін еді. Тек бұл ғана емес, мәслихат депутаттары көтерген көптеген мәселе оң шешімін тапты.
Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиялары 4 млрд теңгеден астам қаржының қосымша бөлі­нуіне ықпалын тигізді. Бұл қаржы Білім, Мәдениет және спорт, Тілдерді дамыту және архив ісі, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының, Алматы, Байқоңыр, Сары­арқа аудандары әкімдіктері мұқтаждықтарына бөлінеді.
– Бюджет жасалғанда сіздіңше қандай мәселелер есепке алынды?
– Әрине, бұл жұмыста Астананың және біртұтас мемлекеттің әлеуметтік-­экономикалық ерекшеліктері ескерілді. Бюджет жобасында ағымдағы міндеттемелерді орындау ұсыныстары есепке алынды. Негізгі екпін қала халқының жағдайын көтеруге бағытталды. 2019 жылғы бюджеттің әлеуметтік бағдары сақталады. Соның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері ерекше назарда болады.
– Қалада түйткілді мәсе­лелер жоқ емес. Қандай жұмыстарды жетілдіре түсу қажет деп ойлайсыз?
– Депутаттар жыл сайын нөсер суларын ағызатын кәріз желілерінің салыну мәселесін көтереді. Балабақшалардың құрылысы сапасында да олқылықтар бар. Коммуналдық шаруашылық нысандары да кешігіп тапсырылады. Үркер, Өндіріс, Ильинка, тағы осы сынды қаланың шеткі аймақтарында шешілетін мәселелер әлі де көп. Атап айтсам, бұл тұрғын алаптарда жолдардың, аялдама павильондарының құрылысында, жарықтандыруда түйткілдер бар. Бұған қоса, медициналық, спорттық нысандар жоқ. Қоғамдық көліктің қатынауы да тиісті жағдайда емес. Өрт сөндіру деполары да жетіспейді.
Биыл бюджетті талқылағанда білім беру нысан­дарын жөндеу, архив құ­жаттарын сақтау, қаланың дәріханаларында дәрі-дәрмектің болуы, мүгедектердің есту аппараттарымен қамтамасыз етілуі сияқты мәселелер бойынша депутаттарда сұрақтар туды.
– Бюджет әкімші­лері­нің сұранысын қанағаттандырмай, қолын қайтарған кездеріңіз болды ма? Мұның себептерін де айта кетсеңіз.

– Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының сұранысын қажетті мөлшерде қанағаттандырмадық. Оның себебі, 2019-2021 жылдардың бюджетінде жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасына сәйкес тиісті қаржы қарастырылған. Алматы ауданының әкімдігі қосымша қаржы сұрап, бізді сендіре алмады. Байқоңыр ауданының әкімдігі туыс­тары жоқ адамдарды жерлеуге 4 млн теңге көлемінде қосымша қаржы сұрады. Жаңа зират қаланың коммуналдық меншігіне алынбағандықтан, мұны да қабылдамадық.
Бюджеттік сұранысты уақытында бермеген соң Төтенше жағдайлар департаментінің өтінішін орындауға мүмкіндік болмады. Бұған қоса, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру ісі бойынша есептерді тапсырып отыру ұсынылды. Бұл келесі жылдардың бюджетін нақтылау үшін керек. Себебі тиісті жұмысқа бөлінген қаржы жетпей қалуы мүмкін.
Өкінішке қарай, бюджет мүмкіндігіне сәйкес веложолдарды қаржыландыру мәселесі шешілген жоқ. Осыған байланысты бұл жұмыстың әкімшісі – Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына мәселені бақылауда ұстап, мүмкіндік туғанда тиісті ұсыныстарды енгізу ұсынылды.
Бұған қоса, бюджет әкімшілеріне көппәтерлі тұрғын үй кешендері құрылысын мемлекеттік компаниялардан жеке компанияларға беру ісін қарау, Қалалық ортаны регенерациялау басқармасына білім нысандарын күрделі жөндеу жұмыстарын атқаратын компанияларды анықтау, «Астана қалалық жарық» ЖШС банкроттығы туралы мәселе көтеру, Орталық базар мен «Шанхай» базарының санитарлық жағдайын бақылауға алу ұсынылды.
Инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімі сақталмай келе жатыр. Жобалық-сметалық құжаттарды бекітпестен жобаны жүзеге асыра бастау да орын алуда. Конкурстарды өткізуде де уақыт сақталмайды. Дебиторлық қарызбен жұмыс қанағаттанарлық жағдайда емес. Тауарларды жеткізушілердің келісімшартты орындамау жағ­дайлары да кездеседі. Орындалған жұмыстардың актілерін тапсыру да кешігеді. Бұл тұрғыда бюджет әкімшілері тиісті сұранысты уақытында жіберсе деген тілегім бар.
Бюджетті жоспарлағанда оның бастапқы кезеңіне қоғамды да тарту керек деп есептеймін. Бұл жағдайда әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелі болады. Себебі бәрі қоғам үшін жасалып, халықтың жағдайына әсерін тигізеді. Бюджетті жасағанда ашықтықты қамтамасыз етсек, мемлекеттік органдар мен халық арасы жақындайды және бюджет қаржысы қала халқының өзекті мәселелеріне бағытталады. Бюджетті талқылау бойынша краудсорсинг және онлайн дауыс беру платформасы енгізілсе жақсы болады. Бұл тұрғыда Сарыарқа ауданы әкімдігін мақтасам болады. Бюджетті жасау бойынша осы әкімдік халықпен ақылдасып отырады. Бұл жұмыс Ұлт жоспарының 98 қадамына да сәйкес келеді.
Онда естеріңізде болса, облыс орталықтарында және респуб­ликалық маңыздағы қалаларда азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларын талқылауға қатысуының тетіктері жұмыс істейтіні жайлы айтылған. Қазақша айтқанда, бірлік бар жерде, тірлік бар.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button