Басты ақпаратҚұқық

Суыққолдан сақтаныңыз!

Мереке күндері көшеде, автобуста, сауда-саттық және ойын-сауық орындарында жұрттың қарасы көбейетіні белгілі. Бұл ұрылардың «аңшылық» маусымын қыздыратын кез. Мұндайда сапырылысқан жұрттың арасынан суыққолдарға аңқауларды тауып, бағалы заттары мен ақшасын үптеп кету өте оңай. Демек, алдағы күндері кез келген адам сумаңдаған қалта ұрыларының құрбанына айналуы мүмкін.

Жуырда елордалық полиция қалта қағатын суыққол ұрылардың суреттерін жариялады. Құқық қорғаушылар жұртты сақтандыру үшін сауда орталықтары мен базарларда, бас қаланың қоғамдық көлігінде және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде 51 ұрының суретін жапсырып қойды. Расында да, құптарлық-ақ іс. Өйткені сауда-саттық қызған шақта, сатып алушылардың бір сәттегі аңқаулығын пайдаланып, арамниеттілер әмияндарды, өзге де бағалы заттарды жымқырып кетеді. Айтпақшы, 2018 жылдың басынан бері елордалық полицейлер 135 қалта қаққыш ұрыларды қылмысының үстінен ұстаған көрінеді. Соның ішінде 40 ұрыны уақытша қамау абақтысына қамаған.
«Дәніккеннен құныққан жаман» дейді қазақ. Суыққолды ұрылар бір жасаған «кәсібін» қоя алмайды. 22 желтоқсанда астаналық полицейлер 28 жастағы Қарағанды облысының тұрғынын тұтқындады. Жұрттың көптігін пайдаланған ұры автобусқа мініп бара жатқан қыздың әмиянын қолына түсірген. Алайда оның арам ойы іске аспады. Аялдамада тұрған құқық қорғаушы қылмыскердің жымысқы қимылын көріп қалып, кедергі жасайды. Ұсталған ұры бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Енді оның басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілуде. Елордалық полицейлер сауда орталықтарына баратын адамдарға сөмкесін азық-түлік таситын арбаға салмауын, әмияны мен өзге де бағалы заттарын поли­этилен пакетте ұстамауын, қоғамдық көліктерде ұрылардан сақ болуын ескертіп, ақпарат таратуда.
Сондай-ақ Астанада қарияларды алдайтын алаяқтар пайда болуда. Полиция қызметкерлері алаяқтықпен астаналық зейнеткердің ақшасын иеленген жігіттің қолына кісен салды. Сөйтсе, ол елорданың ауқатты тұрғындары тұратын аудандағы балалары шетелге кеткен жалғызбасты зейнеткерлерді іздеген. Өзінің «құрбандығын» ұзақ уақыт таңдапты. Бір күні 73 жастағы кейуананың үйінің есігін қағып, Еуропадағы ұлынан сәлемдеме әкелгенін айтады. Алайда сәлемдеме көлігінде қалғанын, өзіне 43 000 теңге беруін сұрайды. Аңқау қария сұраған сомасын бөгде адамға ұстатып жіберіпті. Бірақ алаяқтың арам пиғылы іске аспады. Қазір ол уақытша ұстау абақтысында отыр. Мүмкін оның алдаған адамдары көп шығар. Сол себептен Астана полициясы зардап шеккендерді: 8 (7172) 71-67-90, 8776-158-29-58 нөмірлеріне немесе 102-ге хабарласуын сұрайды.
Қалай болғанда да, суыққолдардан сақ болайық, ағайын!

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button