#Жаңа Қазақстан

Бизнесті дамыту жолы қандай?



Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында кәсіпкерлікті дамыту маңызды екенін атап, іскерлік белсенділікті ынталандыруды тапсырды.

Жаңадан жасақталған Үкімет алдында шағын және орта бизнес саласына қолдау қөрсететін бірыңғай кешенді бағдарламаны әзірлеп, іске асыру міндеті тұр.

Экс-Президент ­Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға қарай Қазақстанда бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізуді мұрат еткенін жақсы білеміз. Қасым-Жомарт Тоқаев та кәсіпкерлікті дамытпай, ел көсегесі көгермейтінін түсініп отыр.

АҚШ-тың экономикалық қуатын шағын және орта бизнес арттырды. Дереккөздерге сенсек, алпауыт елде жұмыс істейтін халық санының 52 пайыз­дан астамы кәсіпкерлік саласында қызмет етеді. Шамамен 20 адамға де­йін қызмет ететін шағын кәсіпорындарда 19,6 миллион адам жұмыс істейді. Бұл АҚШ экономикасы кез келген жағдайға тез бейімделуде шешуші рөлге ие етеді. Азиядағы қаржы орталығы саналатын Жапония, Қытай, Корея және Сингапурда кәсіпкерлік саласы ЖІӨ-нің 50-60 пайызын құрайды.

Қазақстан да орнықты дамуда шағын және орта бизнесті дамытуға ынталы. Әрі түрлі-түрлі бағдарламамен қолдаудың жолын қарастыруда. Соның бірі бастапқы бизнесті іске асыруға ниетті азаматтарды қайтарымсыз грантпен қолдайды. Кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз гранттар 2018 жылы – 100 АЕК, 2019 жылы 150 АЕК-пен берілсе, 2020 жылы – 200 АЕК, 2021, 2022 жылы 400 АЕК-ті (1 миллион 225 мың теңге) құрады. Ал 2023 жылы мемлекеттік грант сомасы 1 млн 380 мың теңге болып белгіленді. Бұл бизнес бастаймын деген ынталыларға көп көмек екені анық. Алайда елдің барлық азаматы ала алмайды. Олар: мүгедектігі бар адамдар, қандас мәртебесін алғандар, қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері, аз қамтылған отбасылардың мүшелері, көпбалалы отбасының мүшесі (жұбайы, зайыбы), мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отыр­ғандар, асыраушысынан айырылу бойынша жәр­демақы алатындар жүгініп, бизнесті бастап, дамытуға қайтарымсыз қаржы алуға мүмкіндігі бар.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар бөлу жөніндегі бірінші ағымның қорытындысы бойынша 2169 грант берілді. Бірінші ағым аясында барлығы 2577 грант беріледі. Үміткерлердің барлығы 24,2 мыңды құрады. Өтінімдердің ең көп саны Түркістан облысының (5,2 мың) және Шымкент қаласының (3,1 мың), ең аз саны Ұлытау облысының (155) және Қостанай облысының (272) үміткерлерінен келіп түсті. Мемлекеттік грант алып, бизнесті бастауға ниетті адамдар Астана қаласында да көп екені байқалды. Наурыз айындағы алғашқы лекте 809 өтінім қаралып, оның 33-і мақұлданды.

Жалпы, өтініш берушілер арасында бұрыннан отбасымен айналысатын кәсіп түріне қаржы алды. Бұл, бір жағынан, отбасылық кәсіпті дамытса; екінші жағынан, кәсібін заңдастырды деген сөз. Яғни қайтарымсыз гранттардың елдегі белсенді кәсіпкерлердің саны артуына септігі болды. Алайда қайтарымсыз грантты алушылардың барлығы қаржыны мақсатты жұмсамайтыны тағы анық. Көп жағдайда кәсіпті бастаушыларға креативті көзқарас, жаңашылдық жетісе бермейді. Ауылдық жерлерде екі сиыр бағуға негізделсе, қалалықтар тігін машинасы немесе кондитерлік өнімдер дайындауға басымдық береді. Жылда осы бағытқа қаржы құйылып жатқанынан бизнестің осы түрлері дамып кеткені шамалы. Содан болса керек-ті, Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында бизнес-ортаны реттеудің «таза парақтан» реформасын жүзеге асыратынын мәлімдеп, 2030 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санын 4,7 миллион адамға жеткізетінін мәлімдеді.

Сарапшылар «таза парақтан» реформасы бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті жандандыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтуда. Бұған уақыт төреші.

Астана қаласында жиһаз жасау бизнесінен табыс тауып жүрген Іскендір Пазыловты әңгіме тарттық.

– Оңтүстіктен елордаға бизнес жасаймын деп келдім. Шымкент қаласында жиһаз жасайтын цехта азды-көпті тәжірибе жинағаным бар-ды. Бар арманым Астанада жиһаз жасайтын цех ашу болды. Ол үшін жеке ғимарат керек, құрылғылардың талапқа сай болуы ма­ңызды. Бұған көп қаржы керек. Дегенмен берілмедім, клиенттер тауып, тапсырыс алдым. Содан кейін жинаған азды-көпті қаржыма материалдарды алып, осындағы жиһаз цехына барып, кестіріп алдым. Сөйтіп, бірнеше күнде тапсырыс берушіге жиһазын жеткізіп, құрас­тырып бердім. Осылай табыс таба бастадым. Кейін арнайы цех ашсам деп ойладым. Бірақ оған қажеттілік жоқ екен. Қазір қасыма бірнеше адам алдым. Тапсырыс аламыз, оны цехқа барып кестіріп, клиентке барып құрастырып береміз. Яғни бизнесті дамыту үшін үлкен өндіріс орнының керегі аз, бастысы сұраныс пен ұсынысты ескеріп, соған сай жұмыс істеу маңызды, – деді іскер азамат.

Қазір әлем қатты дамып келеді. Соны ескеруіміз тиіс. Біз әлемдік өрке­ниет көшінен қал­мауымыз үшін цифрландыру, IT, ауыл шаруашылығы саласында биотехнологияны енгізу, жекеменшік медициналық пункттер, білім орталық­тары және тағы басқасын дамытуға мән беретін кез келді. Бизнесті осы бағытта өркендетудің артықшылығын түсінуіміз керек-ақ.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button