Басты ақпаратМәдениет

«Бозоқ» қалажұрты қайта құрылады

Кеше елордада «Бозоқ» ұлттық парк құрылысының басталуын бейнелейтін естелік тарихи капсуласын қалау рәсімі өтті. «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты паркті Астананың сол жағалауында Үркер және Ильинка ауылдары арасында салу жоспарлануда.

Мыңжылдықтар тарихы жазылған Бозоқ ескерткіші Ұлы дала құндылықтарының тарихи сабақтастығын бейнелейді. «Бозоқ» жобасын іске асыру ғылыми-зерттеу қызметімен қатар танымдық, ойын-сауық және спорттық сипатындағы функциялар маңызды болатын «жанды» музей құруды көздейді. Жобаның мақсаттары мен міндеттері – көне Бозоқ қалажұртын қайта құру және археология ескерткіштерінің түпнұсқасын сақтай отырып, ботай, сақ, ғұн, түркілердің тарихи кешендерін қалпына келтіру.

Жобаны 2022-2025 жылдар аралығында 4 кезеңге бөліп іске асыру жоспарланған. Шартты түрде парктің барлық нысандары тарихи және инвестиция­лық деп екі бөлікке бөлінеді. «Бозоқ» ұлттық ­паркін құру еліміздің туристік бренді, елорда тұрғындары мен қонақтарының мәдени демалыс орны болады, ішкі және халықаралық туризм­нің өсуін қамтамасыз етеді. Тарихи жад капсуласын қалау рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, жетекші отандық ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, елорда мектептері мен колледждерінің, Ақмола облысының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарих мұғалімдері мен білім алушылары, қоғам өкілдері қатысты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button