Басты ақпаратЕлорда тынысы

Білім саласындағы бренд

қалай жасалатыны Астанадағы халықаралық конференцияда талқыланды

Астана қаласында кеше «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы балалар жылы» атты XIII халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Екі күнге созылатын жиынға 1300-ден астам қазақстандық мұғалім мен ғалымдар, сондай-ақ Жапония, АҚШ, ­Австралия, Португалия, Испания, Мальта елдерінің белгілі педагогтары келді. 15 мемлекеттен 120 спикер білім жүйесінің ең өзекті тақырыптары бойынша тәжірибе алмасады. Ұйымдастырушысы – «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы. Конференция Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді.

Шетелдерден айтулы, танымал педагогтар, ғалымдар қатысты. Атап айтсақ, Финляндиядағы Йювяскюля университеті тобының EduCluster Finland инновация және сыртқы байланыс директоры Дэвид Марш, Корей білім беруді дамыту институтының ғылыми қызметкері Сунг Джи парк, Оксфорд университетінің профессоры Ирам Сираж (Ұлыбритания), Кембридж университеті емтихандық кеңесі өкілі Тим Оутс (Ұлыбритания), Жапониядағы ұлттық білім беру саясатын зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Тошия Чичибу, Эстониядағы көптілді оқыту бойынша сарапшы Питер Мехисто.

Конференция НЗМ оқушыларының биімен, әнімен, көрнекі көрмесімен басталды. Жиынға қатысушыларды Астана қаласының әкімі Алтай ­Көлгінов құттықтап, олардың жұмысына ­сәттілік тіледі.

– Педагогикалық идеяларды ортаға салатын іс-шара ел Президенті жариялаған Балалар жылы аясында өтіп отыр, бақытты, білімді балалар – біздің болашағымыз, өйткені бақытты, табысты балалар ғана биік мақсатқа жете алады, – деді қала әкімі өз сөзінде. – Білім беру сапасын жақсарту, баланы қазіргі заманға сай заманауи, сапалы біліммен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының бізге берген тапсырмасы. Осы ретте қала әкімдігінің, Білім басқармасының елордалық ұстаздарды қолдаудың ең үздік моделін көрсетіп отырғанын айрықша айту қажет. Жайлы мектеп жасаумен қатар елордада мұғалімдердің жалақысын көтеру бағытында оң өзгерістер бар. Соңғы екі жыл ішінде жалақылары 50%-ға, биыл тағы 25%-ға көбейді. Соңғы үш жыл ішінде 200-ден астам ұстаз шетелде тәжірибе алмасып келді, 2020-2021 жылдары қала әкімдігінің 1400 гранты, биыл 1000 грант қажет мамандарды даярлауға бөлінді. Жолдауда айтылған әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. 4000 орыннан 80 мың орынға арналған 20 ірі мектеп салу жобасы стратегиясы Оқу-ағарту министрлігімен, тиісті органдармен бірлесе қолға алынғалы отыр. 2025 жылға дейін Астана қаласында 120 мың оқушы білім алатын мектеп ашу жоспарда бар. 2019 жылдан бастап үш жылда 70 мыңнан астам орынға арналған білім ордасы ашылса, биыл 20 мыңнан астам бала, барлығы 100 мыңнан астам оқушы оқу орнымен қамтамасыз етілді. Материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша: 70-тен астам мектеп заманауи жаңа пәндер бойынша стенд-зертханалармен жабдықталды. Сапалы кадрларды даярлау мәселесіне қатысты интеллектуалды мектептер мен орталық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жергілікті педколледж бен пединституттармен қоян-қолтық жұмыс істеуге, сапалы кадрларды даярлауға күш саламыз. Қүрметті ұстаздар, конференцияға қатысушылар, осындай жиындар, тәжірибе алмасулар керек, әсіресе шетелден ең үздік педагогтар, ғалымдар өздерінің тәжірибесімен алмасуға келгені – қуантарлық нәрсе, оларға нәтижелі жұмыс тілеймін. Осы жиыннан алған мол тәжірибеңізді, біліміңізді өз мектебіңіздегі оқушылардың бойына дарытып, жетілдіре түседі деген сенімдеміз.

Конференцияда сөз алған ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев кеңеске қатысушыларды білім саласы үшін маңызды жиынның басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі. «XXI ғасыр – жылдам өзгерістер ғасыры. Жаңару, өзгеруді күнделікті өмірден көріп жүрсіздер» деді вице-министр Ғ.Бейсембаев өз сөзінде. «Адам тәрбиесі, тұлғаны қалыптастыру ісі де бір орнында тұрмайды, үнемі ізденіс, жетілу үстінде. Осы істе сәттілік тілеймін» деді ол өз сөзінде.

Конференцияның күн тәртібінде қаралған мәселелер: өзгермелі әлемдегі балалардың дамуы, ақпараттық қоғам контексіндегі функционалдық сауаттылық, жас мұғалімнің кәсіби дамуы, инклюзивті және дербестендірілген оқыту, қолайлы білім беру ортасын құру және өзге де педагогика саласындағы сұранысқа ие басымдықтар сөз болды.

Конференцияның ауқымды күн тәртібі «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың «Өзгермелі әлемде балаларды жан-жақты дамыту» атты баяндамасында айқындалды.

«Болашақ жолы: заманауи үрдістерді қабылдау» атты ең күрделі тақырыпты Финляндиядағы Йювяскюля университеті тобының Educluster Finland инновациялар және сыртқы байланыс­тар жөніндегі директоры, философия ғылымдарының докторы Дэвид Марш талдады. Ол халықаралық сарапшылар тобының құрамында Қазақстан мұғалімінің кәсіби стандартын жасауда NIS-пен серіктестікте жұмыс істеді.

– Стандарт балалардың сапалы білімге қол жеткізудегі толық теңдігін қамтамасыз етеді және мұғалімнің мансаптық жолындағы үздіксіз кәсіби өcуіне сәйкес келеді, – деп Дэвид Марш «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ әзірлеген тұжырымдамалық құжаттың жоғары сапасын атап өтті.

«SHARE» халықаралық жобасын Кембридж университетінің профессоры Колин Маклафлин таныстырды. Ол ­NIS-тің барлық дерлік конференциясына қатысып, шараның басты тұлғаларының біріне айналды.

– Мен бұл жобамен үш жылдан бері жұмыс істеп келемін. Зерттеуге негізделген – мектеп алаңдары. Біз мектептерге дәріс береміз, педагогтарға өз тәжірибесін зерттеуге кеңес етеміз, сол арқылы зерттеуден практикаға көшу методикасын және оны жақсартуды қолдаймыз. Бұл конференцияда ерте жастағы білім беруге баса назар аударылды. Өйткені ерте жастан бастап сапалы білім беру, дұрыс тәрбие көрсету өте маңызды. Кейбіреулер ойлайды ерте жастағы балаға білім беру ең оңайы деп, менің ойымша, ең күрделісі осы жастағы баланы дұрыс оқыта білу дер едім. Бұл салаға бар ресурсты, күшті салсақ, оның нәтижелерін болашақта айқын көрер едік деп ойлаймын және оған сенімдімін де. NIS-тің әлемдік білім берудегі жаңаша мойындалуы, осы бағыттағы жұмыстары өте маңызды. Ол баланың барлық салада жан-жақты болып өсуіне мүдделі. Біз көбіне объективті түрде баланы дамытуға тырысамыз да, ал оның гармониялық ішкі үндестігін, ой-арманын қалыс қалдыратын кезіміз бар, олардың өз дүниетанымын тану арқылы дамыту, сондықтан бала ойлау­дан, армандаудан қалыс қалмауы тиіс. Адамдармен диалог құрып, жүрегімен шынайы сөйлесуге, бөлісуге үйретеміз.

Шындығында да, Назарбаев мектебі мен университеті – Қазақстанның білім саласындағы бренді.

2010 жылы негізі қаланған ­Назарбаев университеті — әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуды көздейтін мемлекеттің флагмандық оқу орны. Бұл – қызметі дербестік және академиялық еркіндік қағидаттарына негізделген Қазақстандағы ең алғашқы университет.

Елімізде жиырмаға жуық ­Назарбаев зияткерлік мектептері бар. Олар бүгінде көшбасшы мектептер қатарында. Назарбаев зияткерлік мектептері басқа білім ордаларына үлгі болып келеді. 12 жылдық білім беру моделі тәжірибесін алғашқылардың бірі болып енгізген білім ордасы. Бүгінгі конференцияда педагогтар мен ғалымдар «Болашақтың мектебі қандай болуы керек?», «Болашақтың білім беру жүйе­сі қандай өзгерістерге ұшырайды?» деген сұрақтарға жауапты бірге іздеді. Шындығында да, нәтижелі жұмыс оқушы жетістіктерінен көрінеді деген сенімдеміз.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button