Басты ақпаратЕлорда тынысы

Дербестікке жол салған декларация

Егемендік декларациясы қабылданған 25 қазан ерекше тарихи маңызы бар оқиға ретінде бағаланып, ендігі уақытта Республика күні ретінде ұлықталады. Оның түпкі мәні – жаһанданған заманда елдіктің еңсесін тіктеп, ұлттық ерекшелікті, ұлттық болмыс-бітімді сақтай отыра, дамудың жолын саралау. Салтанатты мереке қатарына қайта енген Республика күні туралы ғалымдар мен тарихшылар не дейді?

Хазретәлі ТҰРСҰН, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Декларацияның мәнін ашқанда Алаш идеясымен мазмұндас екенін зерделеу маңызды. Ұлттық идея дегеніміз – бір ауыз сөзбен айтқанда, қоғам мүшелерінің өз елінің өткені, бүгіні және болашағына негізделген, оны өмірлік әрекеттерге жұмылдыратын, соған сәйкес қоғамдық ахуалды танытатын тұрақты түсінік, ұғым деген мағынада қолданылады. Ұлт болған соң ұлттық идея болады. Ұлт болу үшін елді қалыптастыратын бастаулар – территория, онда тұратын халық, біртұтас мемлекеттік басқару болуы керек.

Бүгінде Алаш қозғалысы мен Алаш Орда үкіметінің тарихын таразылай келе елі сүйген, елін сүйген алаштықтардың жоғарыда аталған мәңгілік сауалдың жауабын тапқандай болды. Алаштықтардың ұлттық мемлекет құру, ел болып әлемдік қауымдастықпен тең дәрежеде болу туралы қабылдаған батыл саяси шешімдері, өкінішке қарай, саяси тәжірибеге айнала алмады. Олардың ұлттық идеясын лықсып келген тоталитарлық қоғамның бибауырмалдық саясаты «жұтып» қойды. Кеңестік, социалистік, таптық мазмұн алған Кеңес Одағы құрамындағы Қазақ мемлекеттілігі жаңа сипаттағы колониализмнің кезекті ойын алаңына айналды.

Халқымыздың ұлттық элитасының алдыңғы буыны түгелге жуық саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Тіпті 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты тұтас ұлтқа «қазақ ұлтшылдығы» деген айып тағылды. Осының барлығының түпкі себебі халқымыздың саяси биліктен айырылып қалуы еді. Саяси билігінен айырылған халық біртіндеп тобырға айналады, тобыр өктем ұлттың өркениетіне жұтылып кетеді.

Қайта құрудың даму барысы кеңестік империяның ыдырауына алып келді. Бұл кездейсоқтық емес, заңдылық болатын. Осындай елең-алаң кезеңде – 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңының қабылдануына құқықтық-заңнамалық негіз қалады. 1991 жылғы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен бірге «Республика күні» деген атпен мемлекеттік мерекелердің тізіміне енгізілді.

Халқымыз үшін тағдыршешті құқықтық негізге айналған осы екі құжаттың қабылдануындағы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де декларацияның қабылданған күнін мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастаудың тасасында ұлттық мүддеге сай келмейтін саяси шешімдер жатқаны аңғарылады. Оның басты айғағы – тәуелсіздігімізді тұғырлаған халықаралық маңызы бар құжатта белгіленген, әсіресе ұлттық мүддеге байланған саяси құндылықтардан шегіну болды. Әрине, кез келген құжат қатып қалған догма емес, оған да уақыт талабына сай өзгеріс енгізіледі. Бірақ ондағы белгіленген басты құндылықтар емес, осы құндылықтарды іске асыру тәсілдері өзгеруі мүмкін.

Декларацияның 7-бабында көзделген «Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар территориясында тұратын қазақтардың өз территориясына қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды» деген талаптың орындалуының мораторийге ұласып, пәрменді түрде іске асырылмауына қойылған түрлі кедергілерден осындай шегіністі байқаймыз.

Сол сияқты 11-баптағы «Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдіктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, экономикалық және ғылыми-техникалық потенциал Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тәуелсiздiгiнiң негiзiн құрай отырып, тек қана соның меншiгiнде болады» деген ұстанымның да шетелдіктерге жер сату түрінде халықтың ел тағдыры үшін алаңдауына, тіпті саяси толқуына негіз болғандығын осындай декларацияда белгіленген мәңгілік құндылықтардан, ұлттық мүддеден шегіну болғанын айта аламыз.

Егемендік декларациясы – қазақ халқы ұлт болып, мемлекет болып тұрғанда барынша ұлықталатын саяси құндылығымыз. Ұлттық идеяға айналған, еліміздің тәуелсіздігіне құқықтық-заңнамалық негіз қалаған және бүгінгі саяси дамуымыздың өзегін құраған құжаттың уақыт өткен сайын маңызы арта түседі.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарихшы:

– 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік декларациясын қазақ елі үлкен қуанышпен қарсы алды. Өйткені тарихи құжатта Алаш  зиялыларының  ұстанымы мен  озық идеясы көрініс тауып, ұлттық мемлекет құрудың маңызы көтерілді. Алайда 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңында ұлттық ұстанымға басымдық берілмеді. Соның салдарынан әлі күнге дейін қазақ тілі өгейдің күйін кешіп келеді.

25 қазан – Республика күніне басымдық беріліп, ұлттық мереке ретінде атап өтуінің астарында Егемендік декларациясында көтерілген ұлттық мемлекеттің салтанат құруына маңыз беріп отыр деп есептеймін. Ұлттық мемлекет дегеніміз – азаматтарының бойында мемлекетшілдік, отаншылдық қасиеттерін қалыптастыру, дамыту деген сөз.

Әлі күнге дейін «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдай алмай отырмыз. Оның себебі – «ұлттық» деген сөзден қорқып отырмыз. Сондықтан Парламент қазақ тілінде заң шығара алмай, Үкімет қазақ тілінде сөйлемей отыр.

Өз басым Жаңа Қазақстанды ұлттық мемлекет деп түсінемін әрі Егемендік декларациясында көрсетілгендей, ұлттық мемлекетке бетбұрыс жасау деп қабылдаймын.

Бүркітбай АЯҒАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Тәуелсіздік жолының қаншалықты қиын әрі ұзақ болғанын қазір бәрі бірдей еске алмаса керек. 1970-1980 жылдардағы КСРО-ның елдегі даму кезеңі партиялық құжаттарда «дамыған социализм» кезеңі деп аталды.

Елдегі саяси жағдайдың әсері депутаттық корпустың ықпалды, дәрменді болуына өз әсерін тигізді. 1990 жылы наурызда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтті. Бұл жоғары заң шығарушы органға өткен алғашқы демократиялық сайлау болды, бұрынғылардан әлдеқайда еркін болды. Міне, дәл осы депутаттық корпус тәуелсіздіктің тұғырлы болуына негіз болған аса маңызды актілердің тұтас пакетін қабылдады. Олардың ішінде Президент лауазымы бекітіліп, осы қызметке сайланғаннан кейін «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» жобасын дайындау жұмысы басталды.

Тәуелсіздіктің қалыптасуында шешуші рөл атқарған ең маңызды құжат Егемендік декларациясы болды. Декларацияны әзірлеушілердің бірі, белгілі заңгер ғалым, академик Салық Зиманов және т. б. қоғам қайраткерлері құжатта ұлттық ерекшеліктерге басымдық бергені сол кездегі батыл қадам болды.

Біздің білетініміз, ұзақ талқылаулар мен пысықтаулардан кейін декларация жобасы Жоғарғы Кеңестің талқылауына ұсынылды. Барлық қажетті рәсімдерден кейін, 1990 жылы 15 қазанда Жоғарғы Кеңес төрағасының баяндамасынан кейін Ерік Асанбаевтың қатысуымен декларацияның ұсынылған ережелері бойынша пікірталас жүргізілді. Депутаттар арасында республиканың егемендігіне, Қазақстанның тәуелсіз дамуының қажеттілігіне ашық қарсы шыққандар да болды.

Парламент қабырғасында жобаны талқылау жалпы екі күнге созылды, жарыссөзде 40 депутат сөз сөйледі. Ал академик Салық Зиманов атап көрсеткендей, «пікірталас қызу, дауылды, қайшылыққа толы болды». Жалпыхалықтық талқылау барысында түскен ұсыныстар мен ескертулерді қорытындылау және декларация жобасын пысықтау үшін комиссия құру туралы шешім қабылданды.

Міне, ақыры 1990 жылы 25 қазанда қызу талқылаулардан кейін Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Кейіннен 25 қазан – Республика күні мерекелік жұмыс емес күн болып жарияланды.

Декларацияның алғашқы нұсқасын қабылдауда Өзбекәлі Жәнібеков, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев, Серікболсын Әбділдин, Шахмардан Есенов және т. б. ұлт қайраткерлерінің тарихи құжатты қабылдаудағы ерік-жігерін ұмытпауымыз керек.

P.S: Біздің алдымызда ұлы міндет тұр, ол – Жаңа Қазақстанды құрып, әділетті принциптерін ұстанған қоғам құру. Қазақ қоғамы үшін әділдіктің ең үлкені – ұлттық мемлекет құрып, ата-бабамыздың арман-мұратын шындыққа айналдыру. Бұл ретте, 25 қазанға сәйкес келетін Республика күні маңызды рөл атқарады. Өйткені бұл мерекенің түпкі мәні Егемендік декларациясының мән-мазмұнын насихаттау болса, бұл құжаттың өзегі – ұлттық мемлекет құру.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button