ӘлеуметБасты ақпарат

Бүгінгі қатенің зардабын ертеңгі ұрпақ тартпасын

Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамында болған республикалар тәуелсіздік алғаннан кейін, кириллден латын әліпбиіне көшу күн тәртібіне қойылды. Соның нәтижесінде Өзбекстан, Әзербайжан сияқты көршілес мемлекеттер латын әліпбиіне көшсе, Қазақстан да 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшудің жоба-жоспарын жасады. Осыған байланысты елімізде қазір латын әліпбиіне көшудің қауырт дайындығы жүріп жатыр. Болашақ қолданысқа енетін әліпбиіміздің тұлғалық жобасы да жасалып, қатысты ережелері дайындалып жатыр. Алайда жаңа әліпбиде кемшіліктер, түзетуге тиісті тұстары да аз емес. Бұл жөнінде жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр» деп жазған болатын. Президенттің осы пікіріне байланысты біз ғалым, филология ғылымының докторы Әлімхан Жүнісбекпен сұхбат өткізген едік.Әліпби ағаттықтан ада емес

– Әлем халқының 36 пайызы латын қарпін қолданады екен. Сонымен қатар 200 миллионға жуық түркі халқының 55,6 па­йы­­зы латын қарпін пайдаланса, 17,7 пайызы кирилше жазады. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің латын әліпбиіне көшуі өте маңыз­ды тарихи шешім болғалы тұр. Алайда латынға көшудің әлегі де аз емес. Соның ең маңыз­дысы – дұрыс әліпби жасау. Сіздің пайымыңызша, қазіргі дайындалып жатқан әліпбидің ең басты кемшілігі не?
– Шынымды айтсам, әліпби нау­қанының бел ортасында жүрсем де, соңғы «акут әліпбиді» кім да­йындады және кім жоғарыға жеткізгенін білмеймін. Ал ол әліпбидің пысықтай түсу керек тұстары баршылық екенін бұған дейін талай рет айтып, көп жазғанмын, бірақ оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Дегенмен газет оқушыларының алдында жұмбақтап отырмас үшін сөз соңында пікіріммен таныс­тыра кетермін.
– Сонда әліпбидегі ағаттықты түзету сонша қиын ба?
– Бұл жердегі ең басты қателік әліпби жаңғыру емес, әліпби жаңылу болып отыр. Осының бәрін көре отырып, маман ретінде қалыс қалуға дәтіміз бармайды. Сонымен қатар әліпби құрамындағы шикіліктің басты себебі тірек мамандығы қазақ тілі емес, әріптес­теріміз бен орыстақы лингвистикалық тәрбие­нің салдары екенін баса айтамыз. Мұны жөнге салудың аса қиын екенін де білеміз. Әзірге жаңа әліпбиді «барымен базар» деп мойындаудан басқа шара жоқ. Дегенмен…
– Жаңа ережедегі олқылық­тар­дың да бастыларын атай кетсеңіз.
– Жазу теориясының бұлжымас ұстанымы бар: «Бұрыс әліпбиден дұрыс емле-ереже шықпайды, дұрыс әліпбиден бұрыс емле-­ереже шықпайды». Ендеше қазіргі әліпбиімізге көңілім толмайтынын айттым ғой, оның емле-ережесі де көңілге қонбайды, көп жағдайда кирилл жазуының көшірмесіне айналып кетіп отыр. Бір ғана мысал келтірейін, кирилше жуу деген сөзімізді jýý деп көшіре салдық. Осы сөздің құрамындағы үш таңба да дауыс­сыздың белгісі, сонда үш дауыс­сыздың тіркесінен сөз құралып тұр ма, дауысты дыбыссыз сөз бола ма? Бұл – емленің жаңсақ бір сәті ғана. Жақын арада емле жария­ланады, көпшілік бәрін өз көзімен көретін болады.
– Жаңа әліпби қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне толық сәйкесе отырып жасалды ма?
– Бір-ақ сөзбен айтайын, жоқ. Бір ғана фонетикалық жүйеге емес, бүкіл фонетика-морфо-грамматикалық жүйемізге қайшы келіп отыр. Мысалы, сөзге морфология­лық талдау жасау мүмкін емес.

Қателік жібермеу қолымыздан келеді

– Латынға көшеміз дегелі көп уақыт болса да, бір кемелді әліпби жасай алмай жүргеніміз қалай? Маман жетіспей ме? Жоқ, әлемдік тәжірибе жоқ па? Әлде «аққу көкке, шортан көлге» дегендей тіл мамандары бас-басына тартып тұр ма?
– Маман да жетеді, маман емес те жетеді. Нәтиженің болмай тұрғаны кирилл тәрбиелі мамандар мен ұлттық ұстанымдағы мамандардың өзара келісе алмауында болып отыр. Әзірге кирилл дағдысындағы мамандар басымдық танытып отыр. Өйткені біздің қоғам солай тәрбиеленген, көпшілік санасы кирилл үлгісіндегі емледен арыла алмай келе жатыр.
– Бізден бұрын латын әліпбиіне көшкен түркітілдес бауыр­лардың қателігін қайталамау үшін нен­дей амал қолдануымыз керек?
– Қазақ тілтанымының (лин­гвис­тикасының) ғылыми-теория­лық деңгейі біреуге жалтақтайтындай емес. Керісінше, түркі жұртының алдыңғы сапында келеді. Ендеше біреу жіберген қателіктен үйренбей, өзіміз қателік жібермейтіндей болуымыз керек. Ол біздің қолымыз­дан келеді.
– Латын әліпбиіне қазақтілді мектептер ғана көшіп, орыс­тілді мектептердің көшпегені ақылға қонымды ма?
– Бұл жерде тығырыққа тіреліп тұрған ешнәрсе жоқ. Орыс тілінің өз билігі өзінде, осы есте болсын. Қазір жұрт арасында «латын әліпбиінен қашып, қазақтар балаларын орыс мектептеріне беріп жатыр» деген қауесет бар. Орыс мектептеріне баласын беретін қазақтар бұрын да болған, қазір де бар, алдағы уақытта да болады. Бұл – тарихи-әлеуметтік шындық. Бірақ латыннан қашып барып жатыр деген дұрыс емес. Бұл – тек сылтау, жеңіл желеу ғана. Отбасында қазақша сөйлемесе, балаларының тілі орысша шықса, орыс мектептерін жағаламағанда қайда барады? Сондықтан «қазақ балалары орыс мектептеріне қашып жатыр» деген дақпыртты жалау­латпау керек. Керісінше, қазақ мектептеріне бала сыймай, екі-үш ауысыммен оқып жатқанын неге айтпаймыз? Орыс мектебіне бес бала кетсе, қазақ мектебіне бес сынып, әрқайсысына 25-30 баладан қосылып жатқанына неге мақтанбаймыз? Кейбір мектептерде 1-сынып 10-12-ге жетіп, мектептерде бөлме жетпей жатқанын неге әңгімелемейміз? Ендеше орыс мектебіне кеткен бір баланың соңынан «аһ» ұрғанша, мектепке сыймай жатқан балаларымыздың барына шүкір дейік.

«Бір дыбыс – бір таңба» болуы керек

– Сұхбаттың соңын басында айтқан уәдеңізбен түйіндесек.
– Иә, жоғарыдағы айтуым бо­йынша соңғы ұсынылған (бекітілген) жаңа әліпбидің ағат тұстарына тоқталайық.
Бірінші кезекте қазақ тілінің төл дыбыс құрамы (состав) мен жүйесі (система) дұрыс анықталуы керек. Өйткені түрік (қазақ) тілдері орфоэпиялық тіл, сөз құрамындағы кез келген дыбыс сөздің барлық шебінде өз айтылым үлгісін (орфоэпиясын) сақтайды. Ендеше әліпби үлгісі «бір дыбыс – бір таңба» болуы керек. Әріп қосақтау, дыбыс қосақтау деген болмайды. Сонда «орфография» деп қолдан бұзып, «орфоэпия» деп түзетіп әлекке түсіп жатпаймыз. Әліпбидің ақыры емле-ережеге барып тірелетіні белгілі. Төменде әліпби тізбегіндегі әріптердің тиянақтала түсуге тиіс деген тұстарына тоқталайық.
Әліпби тізбегіндегі 11 нөмір.
10 І і І і і
11 и/й Ii ій/ый
12 Ж ж J j жы

Біріншіден, дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбысты бір таңбамен (әріппен) белгілеуге болмайды. Екіншіден, өзара фонетика-грамматикалық үйлесімі (туыстығы) жоқ екі тілдің дыбыстарын (орыстың дауысты и дыбысы мен қазақтың дауыссыз й дыбысын) бір таңбамен (әріппен) белгілеуге тағы болмайды. Ендеше 11 нөмірдегі таңбаларды түгел алып тастау керек.
Әліпби тізбегіндегі 28 нөмір.
28 ЫС ыс – ІС іс
IS is – İS is (YS ys Is is емес) СЫЗ сыз – СІЗ сіз
SIZ siz – SİZ siz (SYZ syz – SIZ siz емес)

Бірінші, әліпбидің 10 және 11 нөміріндегі дыбыстардың бас әріптерінің жөнсіз бірдей болып шыққанын көпшілік бірден аңғарды. Екіншіден, дауысты ы дыбысын дауыссыздың халықаралық у таңбасымен (әрпімен) белгілеу­ге болмайды. Осыған орай, 28 нөмірдегі дауысты ы дыбысына арнайы таңба беру керек. Ондай таңба (әріп) фонетикалық дәстүр бойынша I i болып табылады, дәйек­темесіне төменде арнайы тоқталамыз. Ал 10 нөмірдегі дауысты і дыбысының бас әріп таңбасы (әрпі) İ i болу керек, ы дауысты дыбысының таңбасы I i болу керек.
Үндесім жұп дыбыстардың тірек таңбасы бірдей болу керек, мысалы, а-ä, o-ö, u-ü. Сонда жуан-жіңішке ы-і жұп дауысты дыбыстарының тірек таңбалары өзара үйлеседі: I i – İ i (Жақша ішінде акут үлгісі беріліп отыр). Мысалы, ЫС ыс – ІС іс = IS i – İS is (YS ys – Is is емес);
Әліпби тізбегіндегі 29 нөмір.
29 АУ ау = Aw aw (AÝ aý емес)
ТАУ тау = TAW taw (TAÝ taý емес)
У у = UW uw (Ýý емес)
ТУ ту = TUW tuw (TÝ tý емес)

Әліпбидің 29 нөміріндегі Ýý таңбасы орыстың у дауысты дыбысы мен қазақтың қазіргі емлесіндегі у дауыссызына ортақ таңба ретінде беру – теория-практикалық тұрғыдан жаңсақ шешім. Бұл қазіргі кирилл әліпбиіміздің орыс емлесін қайталау. «Дауыстыдан кейін дауыс­сыз болады, дауыссыз­дан кейін дауысты болады» деген дүбәра кирилл ережеміз сол күйінде мұрты бұзылмай қалып отыр. Осы нөмірдегі дауыс­сыздың Ýý әрпін тұсындағы кирилдің дауыс­ты у сілтемесіне қарап, дауысты деп ұғу бар. Кирилл үлгісімен солай жазып та әлек болып келеміз. Бұл шатасуды жөндеудің амалы біреу­-ақ, не өзінің артикуляциялық таңбасы W w-ды қоюымыз керек, не тұсына дауысты емес дегенді көрсетіп, У(дауыссыз) – Ýý(дауыссыз) деп ескертіп отыруымыз керек. Сонда Ýý әрпін дауыстының орнына жаза алмайтын боламыз. Дауыс­тының орнына жаза алмаған соң, амал жоқ, алдына дауыс­ты таңба іздеуге тура келеді. Дауыссыз W w дыбысы бар екенін және оның төл дыбысымыз екенін мойындатудың бір амалы – осы.
Орыстың дауысты У таңбасымен орынсыз белгіленіп келген қазақтың дауыссыз У дыбысы, әлеми жазу дәстүрі мен жазу теориясына лайық [w] таңбасымен міндетті түрде белгілену керек. Мысалы, АУ ау = AW aw (AÝ aý емес); У у = UW uw (Ý ý емес); ТАУ тау = TAW taw (TAÝ taý емес); ТУ ту = TUW tuw (TÝ tý емес); Дауыссыз дыбыс­ты белгілейтін Уу [Ww] әрпінің жазуымызда төрт түрлі оқылымы (айтылымы) бар. Әлеми жазу практикасында мұндай ағаттық теория-практикалық тұрғыдан мақұлданбайды (И әрпінің жайы да дәл осындай).
Әліпби тізбегіндегі 11 нөмір.
Қазақтың дауыссыз й дыбысы, әлеми жазу дәстүрі мен жазу тео­риясына лайық [y] таңбасымен міндетті түрде белгілену керек.
11
Й/и АЙ ай = AY ay (AI ai емес)
И и = İY iy (I i емес)
ТАЙ тай = TAY tay (TAI tai емес)
ТИ ти = TİY tiy (TI ti емес)

Әліпби тізбегіндегі 31 нөмір.
Мысалы, ashana қалай оқылады: асхана ма, әлде ашана ма? Ендеше жаңа әліпбидің акут ұстанымына сүйеніп, диграф sh орнына жалаң Ś ś таңбасын қабылдаған өте орынды шешім болады.
31
ш ШАШ шаш = ŚAŚ śaś (SHASH shash емес)
ҰШАҚ ұшақ = UŚAQ uśaq (USHAQ ushaq емес)

Шынын айтқанда, аталған жаңсақтықтар теориялық және оқу-әдістемелік тұрғыдан едәуір кемшіліктер болып табылады. Оның тауқыметін ертең оқулық жазатын авторлар, әдістеме ұсынатын әдіскерлер, аудитория мен сыныптарға баратын оқытушылар мен мұғалімдер, сол аудитория мен сыныптарда отырған шәкірттер, латын әліпбиін насихаттап іске асыратын күллі мамандар тартатын болады. Ендеше «аурудың алдын алу керек».

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button