Мәдениет

Кітапхана шеруі

Кеше «Керуен» сауда және ойын-сауық орталығында Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Кітапхана шеруі» атты фестиваль басталды. Бұл мәдени шара үш күнге жалғасады.Фестивальдің мақсаты – жастарды, жалпы жұртшылықты кітап оқуға, қадірлеуге дәріптеуді көздейді.
Мәдени шара аясында ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оған 500 кітап қойылды. Бұл жай ғана көрме емес, ол кітаптарды оқуға немесе үйге алуға болады. Мысалы, таңертеңнен түске де­йін кітап алып оқыған оқырман саны 185-ке жеткен. Сондай-ақ хакім атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай оқулары» болды. Бұл байқауға қатысуға ешқандай шек қойылған жоқ. Мектеп оқушысынан бастап, ересектерге дейін ақын өлеңдері мен қара сөздерін оқып, жиылған қауымға рухани ләззат сыйлады. «Абай оқулары» сенбі күні де жалғасын табады. Ал бүгін Сәкен Сейфуллинің 125 жылдығына орай «Сәкен оқулары» өтеді. Сонымен қатар фестиваль аясында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, Нұрлан Қалқа, Елдос Тоқтарбай секілді ақын-жазушылармен оқырмандардың кездесуі болмақ.
«Биыл біздің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрылғанына 45 жыл толып отыр. Қазір орталыққа 18 кітапхана қарайды. Жыл санап оқыр­мандар саны көбейіп келеді. Әсіресе, жеткіншектердің кітапқа қызығушылығы қуантады. Ал бүгінгі шара да сол оқырмандарымызға арналып отыр. Фестиваль өтіп жатқан жерді аймақтарға бөліп қойдық. Мәселен, балаларға арнап ертегі бөлімі, оқырмандар залы жұмыс істейді. Сонымен бірге шеруге «Абай» және «Фолиант» кітап дүкендері қолдау көрсетіп отыр. Қысқасы, тұрғындарға кітап мерекесіне келіңіз деп айтқым келеді» деді Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Гүлмира Айдарбекқызы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button