Басты ақпаратҚоғам

Бұл зерттеу қай зерттеу?

Жуырда: «Мектеп оқушыларының 70 пайызы 15 жасқа дейін жыныстық қатынасқа түседі» деген ақпарат таралды. Қазақтілді әлеуметтік желілерді қолданушылар бұған бірден наразылық танытты. Әріптесіміз Болат Мүрсәлім: «Егер жоғары сыныптарда оқитын оқушылардың 70 пайызы сондай болса, біздің болашағымыз қандай болады?» деген сауал тастады қоғамға.

Тағы бір ұйым – Қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы және жыныстық өмірі туралы әлеуметтік зерттеу қорытындыларын жариялады. Сауалнамаға қатысқан 15-19 жас аралығындағы 4360 қыздың 16,7 па­йызы жүкті болғанын айтыпты. Орталықтың мәліметтерді талдау және өңдеу бөлімінің жетекшісі Айжан Шәбденова: «Көпшілігі жүктіліктен кейін бала туған. 22 респондент түсік жасатқан, 16 пайызының баласы түсіп қалған. Жасөспірім қыздардың 2 пайызы үйінде түсік жасатқаны анықталды» деген ақпарат таратты.
Ол жастардың үштен бірінің белсенді жыныстық қатынаспен өмір сүретінін айтады. Мынадай мәліметтерді оқығанда тіптен жаға ұстайсың: жастар арасындағы жыныстық қатынасқа алғаш түсетіндердің орташа жасы – 16,5 жас. Зерттеу көрсеткендей, бозбала мен бойжеткендердің 21 (!) пайызы 18 жасқа дейін жыныстық қатынастың «дәмін» татады. Жыныс­тық қатынас кезінде әрбір бесінші бозбала мүшеқап қолданбаған. Қош делік.
Сонда мұндай сұрықсыз статистиканы көрген ата-ана баласын мектепке қалай жібереді? Бұған айтар бірер уәжіміз бар. Біріншіден, статистикаға сеніміміз азайды. Оның қалай әділ, шынайы жүргізілетінін ешкім білмейді. Екіншіден, сауалнамаға 15-17 жастағы бозбала мен бойжеткендерді ғана қатыстыру қажет. Себебі, 18-19 жас – кәмелеттік жас, яғни, тұрмысқа шығуға рұқсат беріледі. Үшіншіден, бейресми зерттеулерді біз ресми құжаттармен салыстыра бермейміз. Мысалы, Ұлттық экономика министрлігі шығарған «Қазақстанның ерлері мен әйелдері» атты баяндамада 2017 жылы елімізде 15 жасқа дейінгі – 16, 15-18 жас аралығындағы – 1418 жасөспірім түсік жасатқаны жазылған. Бұл – ресми медициналық мекемелер берген мәлімет. Бірақ, жоғары сынып оқушыларының бәрі «төсекқұмар», «моральдан жұрдай» деп күстаналап отырған жоқ. Жалған статистиканың өзі жасөспірімдерді бұзылуға үндейді. «Мектеп оқушылары бұзылған» деп күн сайын қақсай берсек, арсыздыққа өзіміз итермелеймейміз бе? Өткенде «Елімізде 16 жастан бастап қыздарға ата-анасының келісімінсіз түсік жасатуға рұқсат берейік» деген өте тұрпайы, ақылға қонымсыз ұсыныс айтылды. Дауасыз дерттің емі біреу ғана, ол – ұлттық тәрбиені күшейту.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button