SportБасты ақпарат

Былғары қолғапты бойжеткен

Алдағы аптада Индонезия астанасы Джакарта қаласында ХVІІІ жазғы Азия ойындары басталады. Қазақстан спортшылары да бұл байрақты бәсекеге қызу дайындық жүргізуде. Төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі додада еліміздің намысын қорғайтын сайыпқырандар қатарында 15 астаналық спортшы бар. Солардың бірі – әйелдер арасында бокстан биыл екінші рет Қазақстанның чемпионы, сонымен қатар Президент кубогының жеңімпазы атанған Сәния Сұлтанқызы.


Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі, қазір елордамыздағы мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығып жүрген 27 жастағы Сәния спортқа бала күнінен құмар болып өседі. Ата-анасынан ерте айырылып, әжесінің тәрбиесінде болған ол елордадағы Қажымұқан атындағы спорт мектеп-интернатында оқып, оқушы кезінен дзюдомен айналысқан. Бұл спорт түрінен жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан кезінде Сәния жарыс­тардың бірінде қос тізесінен қатты жарақаттанып, дәрігерлер оған ары қарай бозкілемге шығуға тыйым салады. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, спорттан қол үзгісі келмеген қайсар қыз 18 жасында бокстың табалдырығын аттап, спорттағы мансабын қайтадан нөлден бастауына тура келіпті. Бағына орай, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Қанат Әбуталипов пен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мейірболат Тойтов сияқты талай саңлақтарды баптаған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бейбіт Масабаевтың шәкірті Сәния Сұлтанқызы татамиден таппағанын шаршы алаңнан еселеп қайтару үшін барын сала жаттығады. Содан өзінен бұрын қолына былғары қолғап кигендерді ұту үшін екі-үш жыл аянбай тер төгеді. Бірақ рингте тіс қаққан боксшыларды мойындату оңайға түспейді, әлбетте. Талай байрақты бәсекелердің ақтық сынында қарсыласына жол беріп, екінші орынды қанағат тұтып жүрген кейіпкеріміз зор еңбектің нәтижесінде өз дегеніне жете бастайды. Күрестен келген жарақатының кесірінен тізесі әлі күнге дейін ойнамалы болса да, табиғатынан табандылықты тұмар тұтқан қыз ештеңеге қарамастан алған беттен қайтпай, қазір техникасымен талайды таңдай қақтыруда. Жалпы 57 келі салмақ дәрежесінде Сәнияның қарсыластары кілең мықтылар көрінеді. Әйелдер арасындағы бокста еліміз бойынша Атырау, Қызылорда, Қостанай спортшылары тұғыр биігінде болса, халықаралық кездесулерде, әсіресе, Азия елдері, соның ішінде Қытай, Жапония, Филиппин былғары қолғап шеберлерінің бәсі мықты деседі. Талай жыл шеберлік жетіспей, ел чемпионатында Оксана Королеваға үнемі жол беріп, екінші орынға ие болып келген Сәния Сұлтанқызы 2016 жылы оны ойсырата ұтып, талай жылдың есесін қайтарған. Қазіргі уақытта әлемнің кіл мықтыларымен қолғап түйістіріп жүрген Сәния биылғы мамырда екінші мәрте Қазақстан чемпионы атанып, араға ай салып Қазақстан Президенті кубогын жеңіп алды. Енді тамыз айының ортасында Индонезияның Джакарта қаласында өтетін Азия ойындарына дайындалуда.
– Сәнияны баптап жүргеніме 9 жыл болды. Бәрін нөлден бастау оңай емес қой. Бірақ ол алғашқы екі жылдан кейін-ақ жақсы нәтиже көрсете бастады. Спорт болған соң жарақатсыз да болмайды. Сол сияқты Сәния да біршама рет жарақаттанды. Қазақстан чемпионатының алдында Украинадағы оқу-жаттығу барысында сол елдің чемпионын сұлатып түсірді. Бірақ иығын ауыртып алды. Дегенмен ел чемпионаты кезінде тәуір болды. Құдайға шүкір, оның жеңілістен гөрі жеңістері көп. Санаулы нокауттары да бар. Мықты деген Қытай, Жапония боксшыларының біразын жеңді. Бірақ кейде әділетсіздіктер де болып тұрады. Бастысы, осы шәкіртім болашақта бокс арқылы өмірден өз орнын тапса, баспаналы болса екен деп тілеймін. Егер осы жолы Қазақстан чемпионы болмаса, кәсіби боксқа кетуді жоспарлаған болатын. Командалық кездесуде Украина чемпионын нокаутқа түсірген соң шетелдік промоутерлерден де бірқатар ұсыныс түсіпті. Бірақ Сәния әзірге бәрінен бас тартты. Осы жолғы Азия ойындарында алтын алудан үмітіміз бар. Дайындығы жаман емес, бабы келісіп-ақ тұр, тек бағы жанса екен деп тақым қысатын боламыз, – дейді Бейбіт Масабаев шәкірті жайлы.
Бұрымды боксшымыздың өзі болса «Менің әкем-шешемнің жоқ екенін білдірмей баулып-тәрбиелеп жүрген азаматтарға айтар алғысым шексіз. Осы ретте Астана қаласының бокс федерациясына, жеке бапкерім Бейбіт Масабаевқа, бокстың майталман мамандары Болат Үкібайұлы Абдрахманов, Берік Борамбайұлы Маржықбаев ағаларға ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар ұлттық құрамадағы құрбыларымның қолдауын да үнемі сезініп жүремін» дейді Джакартада ел намысын қорғауға бекініп жүрген астаналық ару боксшы.
Ал біз болсақ, Азия ойындарына аттанып бара жатқан қазақ қыздарына шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмай, жеңістері еселеніп, шығар шыңы биік болсын деп тіледік.

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button