БЮДЖЕТТІҢ БҮЙІРІ БҰЛТИДЫ
Кеше Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс шақырылған 52-сессиясы өтіп, оған заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшесі А.Ф.Ким төрағалық етті.
Сессияның жұмысына Астана қаласы әкімінің орынбасары А.И.Лукин, қала құрылымдары басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.
Сессияның күн тәртібінде Астана қаласының 2014 жылғы бюджетінің орындалуы туралы; Астана қаласы мәслихатының 2010 жылғы 29 желтоқсандағы «2011-2015 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту бағдарламасы туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алуға байланысты жер учаскелерін
немесе жылжымайтын өзге мүліктерді сатып алу туралы шарттардың жобасын келісу, тағы басқа да он бір мәселе қаралды.
Алдымен 2014 жылғы бюджеттің орындалуы жөнінде Астана қаласы қаржы басқармасының басшысы Р.Досаев баяндама жасады.
– Өткен жылдың бюджеттік саясатында Астана қаласының даму және бюджеттік, әкімшілік-бюджеттік бағдарламаларында белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізілді, – деп бастады ол сөзін.
Одан әрі баяндамашы есепті кезеңде жергілікті бюджетке тиесілі кірістердің түсімдері бойынша жоспар 103,3%-ке орындалып, жоспардан тыс 5289,7 млн теңге түскенін айтты.
Салық түсімдері бойынша да 140225,2 млн теңгенің орнына 143953,9 млн теңге түсіп, қала бюджетінің қоржыны 3728,7 теңгеге немесе 102,7%-ға толыққан.
Сондай-ақ, қаржы басқармасы басшысы салықтан тыс түсімдер мен негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер есебіне тоқтала келіп, 2014 жылы Астана қаласы бюджетінің шығыстары 99,4%-ға немесе 374741,5 млн теңгеге атқарылғанын атап көрсетті.
Бұдан кейін сессияда Тексеру комиссиясының төрағасы Ғ.Молдаш пен қалалық экономика және бюжетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары А.Түгелбаеваның, тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Т.Рысбектің, тағы да басқа адамдардың баяндамалары тыңдалды.
Сессияда күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Ал, қалалық мәслихаттың 2012 жылғы 25 қаңтардағы шешіміне «Астана қаласы мәслихатының бесінші шақырылған тұрақты комиссиясын сайлау туралы» өзгерістер енгізу жөнінде мәслихат хатшысы С.Есілов баяндама жасап, депутаттар қаладағы №4 сайлау округінен депутаттыққа сайланған М.Шайдаровты қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп, және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі етіп сайлады.
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ