Білім

Дағдыларды дамыту маңызды

«Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жаны нұр алады» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзі текке айтылмаған. Демек, ел болашағы – балаларға білім-тәрбие беретін әрбір мұғалім өз білімі мен біліктілігін қашанда шыңдап, дамытып отыру керек. Соның ішінде тілдік дағдыларды меңгертуді бірінші орынға қою керек деп есептеймін.

Жаңартылған білім бағдарламасының негізгі мақсатына сай оқу дағдыларын меңгеру жеке тұлғаны өмірге бейімдеуде, функционалды сауатын арттыруда көмектеседі. Бұл жайында Алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытов: «Балаға сөйлеңіз (тыңдасын!), жазыңыз (көрсін!), айтқызыңыз (тілімен қызмет етсін), жаздырыңыз (қолымен, денесімен істесін!). Міне, тұс-тұсынан қармақ салған деп осыны айтады. Жетілген оқушы тез меңгеріп, тоқып алады. Сабақ сайын оқушының есінде болатын бір мықты әдісі осы болу керек» деп тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын дамытуды негізге алу керек екенін айтады. Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралы» кітабында сөйлеу әрекетінің 4 түрін қолданған. Мәселен, оқылым әрекетін жасауда буындап оқу, тұтас оқу; жазылым әрекетінде сөздерді буындау, тасымалдау, көшіру, құрастыру, сөзден сөз тудыру; айтылым әрекетінде сұрақтарға жауап беру; тыңдалым әрекетінде жаңылтпаштарды есте сақтау, жатқа жазу секілді тәсілдерді қолданған. Бұл тілдік дағдыларды өмірдің барлық сатысында күнде қолданатындықтан, оны меңгертудің әдістерін тиісінше саралап пайдалаған абзал.

Балалардың қиялы шексіз екенін білеміз. Жазбаша сөйлеу тілін дамытуда оқушының шығармашылық ізденісін, ой-өрісін, еркін жазуын, сөздік қорын молайтып, көркемдік сөздерді, нақыл сөздерді, мақал-мәтелдерді орынды қолдануға баулу үшін шағын әңгіме, эссе, мақала, шығарма, мінездеме, өлең жаздыртуға болады. Мысалы 3-сыныпта Әбдірахман Асылбековтің «Асыл сөз» өлеңін оқыған соң, оған талдау жүргізіледі. Оқушыларға әжең, атаң, әкең, анаңның ақыл-кеңесін жаз немесе досыңа, сыныптасыңа кеңес бер деген сияқты тапсырма беруге болады. Сабақта талдаған ой-пікірін қорытып, өз ойын дәлелдеп, қазіргі заманмен байланыстыра отырып, кеңесін ұсынады. Көркем және шынайы жазба жасау жұмыстары ретінде ертегі құрастыру, белгілі бір ке­йіпкерлерді ұсынып, солар туралы әңгіме жазу, тағы басқа жазылым қиялдан туындаса, шынайы жазбаларға шағын зерттеулер жазу ұсынылады. Біріншісіне тағы да виртуалды әлемге қатысты жазбаларды жатқызсақ, екіншісіне академиялық жазбаларды жатқызуға болады. Көркем шығармада қолданылған әдебиеттер ұсынылмайды, сілтемелер берілмейді. Осындай жағдайларда ресурс көздері жұмыстың соңғы жағында беріледі. Бұл жазылымның ерекшелігі мұнда дисплей элементтері бар, яғни жазба жұмысы демонстрацияланады. Кері байланыс ұсынылады. Хат жазу, шағын зерттеу жобасы, оқыған кітабына пікір жазу, суреттерге сипаттама жазу сияқты креативті жазбалардың барлығы дербес жазылымға жатады. Жазылымның негізгі төрт кезеңін атап өттік, нақтылайтын болсақ, бастапқы кезеңдерде көшіріп жазу орын алады, содан соң жаттығулар орындау – бұл бақыланатын жазылым, одан кейін бағыттаушы жазылымда мұғалім оқушыны бағыттап, қолдап отырады. Содан кейін оқушы дербес жазуға көшеді. Ендеше бастауыш сынып оқушыларының оқу, жазу дағдыларын дамытуда Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» оқулығын негізге алуға ұсыныс айтамын. Өйткені бұл оқулық әріп танығаннан бастап, оқуды үйретуді рет-ретімен көрсетеді.

Назира УТЕШКАЛИЕВА,

Әлихан Бөкейхан ­атындағы №76 мектеп-лицейдің ­бастауыш сынып мұғалімі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button