Басты ақпаратҚала тіршілігі

Депутаттар ауласы айра-жайра

Астана десе жұрттың көз алдына ең алдымен «Бәйтерек», «Ақорда» секілді ғимараттар елестері сөзсіз. Міне, дәл осы маңда, «Нұржол» бульварының бойында көркіне көрік қосып тұрған «Нұрсая» тұрғын үй кешені бар. Онда еліміздің зиялы қауым өкілдері, Парламент депутаттары секілді танымал тұлғалар тұрады.

Шыны керек, бұл – қаламыздағы көз сүйсіндіретін ғимараттардың бірі. Тұрғын үй кешені аумағындағы аулаларды тиімді пайдалану мақсатында астыңғы қабаты көлік тұрақтарына, үстіңгі бөлігіндегі алаң балаларға арналған. Алғашқы жылдары мұнда жаңа әрі заманауи үлгідегі түрлі аттракциондар қойылған болатын. Ал тұрғын үйдің қолданысқа берілгеніне 9 жылдан аса уақыт болыпты. Жаңаның ескіретін кезі келген – осыдан бірер ай бұрын мұнда келгенімізде шөбі орылмай, қурай өсіп тұрды. Бүлдіршіндер тас пен құм аралас алаңда шаң-шаң болып доп теуіп жүр. Әткеншек, сырғанақ секілді аттракциондар қирап жатыр. Сол жолы асфальт төсемелердің тозығы жеткеніне де куә болған едік. Ал паркинг аумағына кіргенімізде төбесінен су өтіп, күлімсі иіс шыға бастағаны байқалған. Қиюы кеткен кешен маңының жағдайы әуелі тап-тамаша қо­йылған атынан заты алшақтап бара жатқандай көрінді. «Шіркін, мына ауланы бір жаңартар ма еді?!» деп ойлағанбыз. Ойы­мыз тиісті мекемелердің жұмысымен тұспа-тұс келген сияқты, «Нұрсаяның» екінші бөлігіне жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Алайда басында кө­ңі­лімізді демегенмен, ала жаздай ән салған тиісті мекемелердің бұл іске күн суытып, күз келген тұста ғана кіріскені іштей қынжылтқанын несін жасырайық. Бас қаланың арқаны кеңге салып, жазылып жататын жазы жоқ, қараша тумай, қар түсетінін кім де болсын жақсы бі­леді. Ал осы аптада тіпті дабыл қағылып, қар аралас жауын жауатыны туралы хабарламалар таралып жатты. Мұндай күн райында асфальт төсеу қаншалықты қисынға келеді? Шетелдік тәжірибеге жүгінсек, Германияда асфальт төсеп жатқанда жаңбыр жауып кетсе, жұмысшылар айнала толық кепкеннен кейін ғана іске кіріседі екен. Немістердің жұмысты тоқтатуына себеп – кержалқаулық емес екені айдан анық, демек сапаға кері әсерін ескеріп отыр. Ал қазіргі жағдайға байланысты асфальт қар аралас жаңбыр кезінде төселсе, «Нұрсая-2» аумағындағы жаңа жолдың сапасы қандай болмақ?!

Асфальт мәселесі өз алдына, сонымен бірге айналасына келтіріп жатқан қиындықтары да аз еместігін айта кеткен жөн. Күз мезгілі – оқу жылының басы, тіршіліктің нағыз қайнаған кезі. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыс­тарына байланыс­ты әлгі жерді қоршап, көлік кірмейтіндей етіп жауып қойды. Тұрғындар бос тұрған орындардың бәрін автотұрақ алаңына айналдырды. Тіпті сауда орындарының кіреберісінде де тізгін тіреп тұрған темір тұлпарларды жиі байқауға болады. «Нұржол» желек жолының бойына ақылы тұрақ жүйесі енгізілгендіктен, сол маңайда жұмыс істейтін қызметкерлерге де зияны тиіп отыр. Енді тұрақ іздеген жұрт «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығының алдына баруға мәжбүр, ал екі араның қашықтығы – әжептәуір жер. Бұған Мәңгілік ел даңғылының бойындағы таңертеңгі кептеліс қосылады. Бір-екі аптаға жоспарланған істің жалғасқанына бір айдың жүзі болып қалды.

– Қазіргі уақытта балалар ойын алаңын жаңарту, паркинг аумағына су өтпес үшін арнайы төсемелер төсеу мен асфальтты жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шыны керек, жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын дөп басып айта алмаймын. Бәлкім бір айға, тіпті екі айға дейін созылуы мүмкін, – деді ПИК қызметкері Айгүл Наурызбай. Осы тұста іште жатқан ойымызды сезген болса керек, әңгімені ары қарай жалғап әкетті. – Тым кеш басталғанына біздің еш қатысымыз жоқ. Ол мемлекеттік тендердің кеш ұйымдастырылуына байланысты болып отыр. Ал тендер жыл сайын тек маусым айында өткізіледі. Енді оның бәрі өтіп, коммиссия рұқсатын бергенше осы уақыт болып қалды, – деп ақталды ол.
Айта кетер тағы бір жайт, күн суытқан уа­қытта қызметтің қай тү­рі болсын қымбаттайтыны анық. Үш ай жазда «ыршып жүріп ән салған» «іскерлеріміз» не әрекет жасар екен?

Аян ӘБДУӘЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button