Мәдениет

Жаңа маусымды Майра ашты

«Астана Опера» театрының VІ маусымы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты Майра Мұхамедқызының «Астана – асыл арманым» концертімен ашылды. Астананың 20 жылдығына арналған концертте әйгілі әншімен бірге Түркия, Германия, Италия өнерпаздары өнер көрсетті.

Кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі дирижер Алан Бөрібаев Германияда неміс тілінде Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсын қойды. Онда Айдардың партиясын Родриго Поррас Гаруло орындады. Концертке қатысқан шетелдік қонақтардың арасында ол да болды.
Айтпақшы, 8 қараша күні «Абай» операсы Генуяның «Карла Феличе» театрында сах­­наланбақ. «Астана Опера» театры директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиевтің сөзінше, бұл руханиятымыз үшін үлкен оқиға, мәдениетіміздің зор жетістігі болмақ.
Ал маусымашар концертте түркиялық әнші Мұрат Қарахан, Арменияның халық әртісі Барсег Туманян Майра Мұхамедқызымен дуэтте де, жекелей де ән салды. Италиялық Иван Чампа мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов дирижерлік пультте тұрып, симфониялық оркестрге жетекшілік етті.
Әрине, көрерменнің көзі осы кештің иесі Майра Мұхамедқызында болды. Қазақ әншісі «Гүлдерайым», «Жайдарман» секілді халық әндерінен бастап, классикалық өнердің жауһарлары саналатын туындыларды шырқады. Соның ішінде күрделі опералық партиялар болып саналатын И.Кальманның «Сильва» операсындағы Сильваның ариясын, Д.Вердидің «Трубадур» опералық шығармасындағы Леонораның каватинасын, т.б. авторлардың туындыларын, соның ішінде қазіргі заман композиторларының әндерін де салды.
Испанияның сарсуэла деп ата­латын музыкалық-драмалық жанры әртістен ән салумен қатар диалогтарды, билерді талап етеді. Жәнібек Сапараев бұл жанрда Майра Мұхамедқызын гитарамен сүйемелдеп, әншінің бұл өнеріне көпшілік қол соқты.
Жалпы жаңа маусымды аншлаг тудырған осындай концертпен ашқан «Астана Опера» театры алда да көрермендерді жалықтырмайтын қызықты премьералар мен кештерді өткіземіз деп отыр.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button