Басты ақпаратРуханият

Динаның домбырасы

Атақты дәулескер күйші Дина апамызды білмейтін қазақ жоқ. Бала күнінде әйгілі Құрманғазы бабамыз іздеп келіп, батасын берген күйші қыз жас кезінен батыс өңіріндегі Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң секілді даңқты домбырашылардың шығармаларын шебер орындайды.

Оған бір жағынан күй атасы Құрманғазының да ықпалы болған. Ол Динаға тоғыз жасынан бастап қасиетті домбыраның қыр-сырын үйретеді. Бұл күйші апамызға бұйырған тағдырдың ерекше сыйы еді. Кейін Құрманғазының күйлері Нұрпейісова арқылы бүгінгі ұрпаққа жетті. Өзі де ұстазына тартып, қолтаңбасы дара біраз күйлерді тудырды.
Бұл кісі жас үлкейіп қалса да, домбырадан алыстаған емес. 1937 жылы, яғни 75 жасында халық өнерпаздарының республикалық байқауына қатысып, топ жарды. Ал 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасының өнерпаздары қатысқан Ташкенттегі он күндікте Дина Нұрпейісова тағы да жүлделі орынға ие болды.
Міне, осындай аяулы жанның асыл серігі болған домбырасы бұл күнде елордадағы Ұлттық музейдің «Қазақстан тарихы» залында тұр. Бұл туралы бізге аталған музейдің қызметкері Ләйлә Ноғайбекқызы баяндап берді. Оның айтуынша, күйшінің қолының табы қалған бұл аспапты 1939 жылы шебер Арыстан Ермеков қайың ағашынан жасаған екен. Жәдігерді 2003 жылы ҚР Президенттік мәдениет орталығының материалдық мәдени-тұрмыстық заттар қорына белгілі музыка зерттеушісі, профессор Болат Сарыбаев тапсырған. Дина апамыз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде біраз уақыт Сарыбаевтар отбасымен көрші тұрған. Болаттың музыкалық қабілетін байқаған ол кісі оған өзінің домбырасын сыйға тартады. Күйшінің «Өмірімдегі ең асылым – осы домбыра, көзімдей көріп жүр» деген сөзі Болат Сарыбаевтың көңілінде жатталып, бар ғұмырын қазақтың музыкалық аспаптарын жинап, ән-күй мұрасын зерттеуге түрткі болған екен.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button