Басты ақпарат

Білімге басымдық беріледі

Астанада білім саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын артуда. Мәселен, соңғы төрт жылда білімнің дамуына бағытталған бюджет қаржысы 95 пайызға, яғни екі есеге жуық ұлғайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2015 жылы ол 31,1 млрд теңгені құраса, биыл білімге 60,5 млрд теңге бөлінді. Жақында халыққа берген есепті кездесуінде осыны атап өткен қала әкімі Әсет Исекешев аталмыш саланы өркендету мақсатында жасалып отырған игілікті істерге тоқталды.

2020 ЖЫЛЫ БАЛАБАҚШАЛАР МӘСЕЛЕСІ ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШІЛЕДІ

Соңғы жылдары елорда халқының саны едәуір көбейіп, 1 миллион адамнан асқаны белгілі. Әрине, осы жағдайда балдырғандарды балабақшаға орналастыру, жаңа балабақшалар мен мектептерді салу аса өзекті мәселелерге айналып отыр.
Мысалы, кейінгі жеті жылда мектепалды тәрбие мен даярлықты қажет ететін балалардың саны екі еседен астам өсті (2011 жылы – 74 мың, 2017 жылы – 164 мың). Бүгіндері 3-6 жас аралығындағы 47 мыңнан астам балдырған мектепалды даярлықпен қамтылса, 26 мың бала балабақша кезегінде тұр. Соған қарамастан, балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші оң нәтижені көрсетіп отыр. Атап айтсақ, өткен жылдың басында бұл көрсеткіш 70,6 пайызды құраса, бүгінде 78 пайызға жетті.
Былтыр екі мемлекеттік балабақша пайдалануға берілді. Бірақ балдырғандардың негізгі тобы 79 жекеменшік балабақшаға мемлекеттік тапсырыс бөлу арқылы мек­тепалды тәрбиемен қамтылып отыр. Соның арқасында қосымша 9 мың жаңа орын пайда болды. Жалпы, қазір қалада мемлекеттік балабақшалардан жекеменшік балабақшалар екі есе көп (96 – мемлекеттік, 188 – жекеменшік). Биыл жекеменшік балабақшаларға қосымша 28 мың орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінеді. Олардың 18 мыңы ағымдағы тапсырысты жалғастыру болса, 10 мыңы жаңа орындарға арналған. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс қаржысы 23 мың теңгеден 27 мың теңгеге ұлғаяды. Оған 7 млрд теңге қарастырылған.
Осы жылы мемлекет есебінен, соның ішінде ұлттық компаниялар қаржысына, жалпы алғанда 960 орынға арналған төрт балабақша пайдалануға беріледі. Қала әкімдігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 6 балабақшаның құрылысы туралы келісімшарттарға отырды. 720 орынға арналған олардың екеуі жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Осылайша келесі жылы балдырғандардың 90 пайызы, яғни 60 мың бала балабақшамен қамтылады деп болжануда. Ал 2020 жылы бұл мәселені түбегейлі шешіп, 100 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Астана әкімі өз баяндамасында балабақшалар жұмысының сапасы да назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың барлық педагогтері Білімді жаңғырту орталығында біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Сонымен қатар, қазір әдістемелік көмек көрсету бойынша Жекеменшік балабақшалар қауымдас­тығымен тығыз жұмыс жүргізілуде.

ЖАҢА МЕКТЕПТЕР МЕН  ҚОСЫМША ҒИМАРАТТАР САЛЫНАДЫ

Бұл күндері қала мектептеріндегі орындардың тапшылығы туралы жиі айтылуда. Осыдан жеті жыл бұрын орта мектептерде 79 мың бала оқыса, қазір 143 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Жыл сайын олардың саны орташа есеппен алғанда 15-18 мың адамға көбейіп жатса, 8-10 мың бала түлеп ұшырылуда. Ал көші-қон есебінен бірінші сыныптарға әр жылда 23-25 мың бала қабылдануда. Сондықтан осы күнде 11 мектеп үш ауысымда білім беріп жатыр.
«Қазір біз Үкіметтің қолдауымен арнайы бағдарламамен жұмыс істеп отырмыз. Биыл 7 мың орынға арналған 6 мектеп салынады. Апатты жағдайдағы № 20 мектептің орнына жаңа мектеп бой көтереді. Абай даңғылы мен Т.Бигелдинов көшесі маңайында салынатын жаңа мектеп №56, 60, 35, 1 мектептер тығыздығын азайтады. ЭКСПО аумағында екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл мектептер пайдалануға берілгенде №74, 75, 84 мектептердің тығыздығы азаяды. Маған «Хайвил» тұр­ғын үй кешені тұрғындарынан мектеп құ­рылысы туралы өтініш келіп түсті. Сол маңайда, Ж.Нәжімеденов көшесі бойында жаңа мектеп ашылады» деп атап өтті Әсет Исекешев.
Жалпы, алдағы үш жыл ішінде республикалық бюджет есебінен 27 мектеп пен 10 қосымша ғимарат салу жоспарланды. Соның ішінде қосымша ғимараттар Промышленный, Пригородный, Көктал 1 және 2 тұрғын үй кешендерінде салынады.

БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Қала басшысы балалардың қауіпсіздігі мәселесінен де хабар берді. Оның айтуынша, білім беру нысандарының маңында 151 аялдама павильонын салу керектігі анықталды. Жүргіншілер жолы мен жол белгілерін орнату туралы да тиісті тапсырмалар берілді. Мектептерге апаратын жолдарға асфальт төсеу, көлік тұрақтарын кеңейту сынды жұмыстар да ұсақ-түйек істерге жатпайды. Атап айтсақ, 11 білім нысанының (6 мектеп пен 5 балабақша) көлік тұрақтары кеңейтілді, 33 нысанның жанында жол белгілері орнатылды немесе ауыстырылды, көлік жылдамдығын шектеу құрылғылары салынды. 13 нысан қосымша жарықтандырылады.
«Тиісті жұмыстарды ағымдағы жоспарға сәйкес биыл аяқтауға тапсырма берілді. Білім беру нысандарының аумағында бейнебақылау жүйесі күшейтіледі. Ол сараптау мен адамдардың бет-бейнесін тану функцияларын құрайтын болады. Балалардың қауіпсіздігі мен амандығы бәрінен жоғары тұруы тиіс» деп атап өтті Астана әкімі.

МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗА ЖАҢАРАДЫ

Бүгіндері ғылым мен технологиялардың дамуы саласында бәсекелестікті арттыру мақсатында астаналық мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жүргізілуде. Атап айтсақ, жетпіс мектепте робототехника бойынша сыныптар ашылды. Жылдың аяғына дейін барлық мектептер робототехникамен қамтылады. 3D принтерлер мен инженерлік қондырғылармен жабдықталған STEM зертханалар жұмысын бастады. Аталмыш зертханалар биыл тағы он мектепте ашылады. CISCO желілік академия іске қосылды. Бұл жүйе IT саласында мамандарды даярлап, халықаралық сертификаттарды алуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, уақытты тиімді пайдалану мақсатында барлық білім беру мекемелерін электронды құжат айналымына көшіру міндеті қойылды. Бұл жағдай балаларды білім мекемелеріне қабылдаудың, бухгалтерлік есептілік пен мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз етеді.

ТЕГІН КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ОҚЫТУ

Мемлекет басшысының тегін кәсіп­тік-техникалық оқытуды енгізу жөнін­дегі тапсырмасын іске асыру мақсатында қала колледждерінде 4 мыңнан аса студент оқып жатыр. Олардың 40 пайызы жұмысшы мамандықтарды алуда. Ол үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінді. Былтыр Астана колледждерін 6 мыңнан астам маман бітіріп, диплом алса, олардың 93 пайызы жұмысқа тұрды. Соның 82 пайызы алған мамандықтары бойынша еңбек етуде.
«Қазіргі таңда жұмыспен қамту және мамандарды даярлау саясатын қайта қарап жатырмыз. Біз құрылыс және жобалау салаларында BIM-технологтарды даярлауды бастадық. Алда көрсеткіштерді талдау саласында, киберқауіпсіздік, интернет заттар салаларында, өнеркәсіп, көлік және газдандыру секторында мамандарды даярлауымыз қажет» деді Әсет Исекешев.
Инклюзивті білім жүйесі де жетілдірілуде. Қазіргі таңда 75 жалпы білім беру мектебінде, яғни, мектептердің 90 пайызында ерекше қажеттіліктері бар балаларға барлық жағдай жасалды. Бұған қоса, екі арнаулы мектеп-интернаты жұмыс істеп жатыр. 12 балабақшада түзету және арнаулы топтары ашылды. Төрт колледжде «Колледж жағдайындағы инклюзивті білім беру» жобасы сәтті жүзеге асырылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button